Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » 2021: Сиыр жылы қазақ үшін жайлы бола ма?

2021: Сиыр жылы қазақ үшін жайлы бола ма?

Қазақтың жыл санауы бойынша 2021 жылы сиыр жылы кіреді. Әр жылдың өзіне тән мінезі бар, ал сиыр жылы қалай өтеді?

Қазақша жыл қайыру

Қазақта жыл қайыру 12 жылдан тұрады. Ол он екі жылға аң мен жануардың аты қойылған. Айналымның басын тышқан бастайды, одан кейін сиыр, барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит, доңыз деп аяқталады да, қайта жалғасады.
Жыл санау мен жыл қайырудың алғашқы деректері VIII ғасырдағы «Күлтегін» ескерткіштері мен ХІ ғасыр ғұламасы Махмұт Қашқаридың еңбектерінде кездеседі.
Ал Әубәкір Кеңестің «Аталардың ақылы, даналардың нақылы» кітабында мүшел есебі қазақтарда ғана емес, Жапониядан Болгарияға, Сібірден Бирмаға дейін тарап, Қытай арқылы әлемге кеңінен танылғаны айтылған.
1960 жылы Қазақ КСР ғылым академиясының тарих, археология және этнография институтының ғылыми қызметкері Ирина Захарова «Орта Азия халықтарының он екі жылдық хайуанаттар мүшелі» деген мақала жазды. Ол жерде он екі жылдық мүшел есебі бұдан 200 жылдай бұрын (б.з.д.1 ғасырда) Орта Азияда пайда болған деген пікір айтады.
Ал қазақстандық этнограф Ахмет Тоқтарбайдың айтуынша, жыл қайыру алтыншы-жетінші ғасырда пайда болған, оның ішінде кей жылдың аты шығыс күнтізбесінен енген.
«Жыл санау 6-7 ғасырларда пайда болған. Қазақ маймылды өмірінде көрмеген, сондықтан оған мешін деп ат қойған. Маймыл қазаққа жат. Маймыл жылы Шығыс елдері, Қытай, Үндістанға тән десек болады. Осыған қарап жыл санаудағы жануарлардың кейбірі бізге шығыс күнтізбесінен келген деп айтуға болады», – дейді Тоқтарбай.
Сиыр жылы қандай болады
Этнографтардың айтуынша, үй жануарлары жылы жақсы, жайлы өтеді. Ахмет Тоқтарбай сиыр жылының не себепті жайлы жыл қатарына жататынын айтып берді.
«Қазақ күнтізбесі бойынша сиыр жақсы, жайлы жылдардың бірі деп саналады. Себебі жаман жылдар тарихта бар, мысалы, қоян жылы қазақ күнтізбесі бойынша ең жаман жыл. Тышқан жылы, жылқы жылында соғыс, ұрыс-керіс болған. Сиыр жуас, момын мал. Екіншіден, ертеректе кедей отбасыда бір сиыр болса, сол барлығын асыраған. Бір сиырды сол үйдің анасы деп атайды екен», – дейді маман.
Айтуынша, бір сиырдың сүті бір үйді асыраған. Сонымен қатар қыста тайынша болған түлікті соғымға сойып алып, қыстан шыққан.
«Бұл жыл тыныш, дау-дамайсыз, халыққа мамыражай жыл деп саналады. Сонымен қатар қой мен барыс жылы жақсы өтеді», – дейді этнограф.
Сондай-ақ жыл санауындағы төрт түлікті сол жылы туған адамдар бауыздамайды.
«Жылқы жылы туған адам жылқы бауыздамайды. Бұл сиыр мен қой жылы туғандарға да қатысты. Себебі адам сол жылы өмірге келген соң, оған құрмет көрсетеді. Қазір бір кісілер биыл жаңа жылда сиыр етін дастарханға қоймаймыз деп жатыр екен. Бұл түркі жұртына жат дүние, керісінше славян халықтарына тән. Ал қазақ қашан да төрт түлікті азық ретінде пайдаланған», – дейді Тоқтарбай.
Сиыр жылы туғандардың мінезі қандай
Сиыр жылы туғандардың табиғи белгісі – су. Соған байланысты бұл жылы дүниеге келгендер тұрақты, сабырлы болып келеді, көшбасшылық қасиетке де ие.
Ал осындан бес ғасыр бұрын жазылған Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» кітабында адамдардың мінезін туған жылына қарай сипаттап берген.
«Маңғаз (сиыр). Мүшелдік тектелгі саналғы бұл жылдағылар сусағыш, тамақсау, өзара шығысымы үй ішіндік болса да қағыспалы, бірақ зілсіз, кексіз, харакеті бір тоға, көмпіс, оңайлықша сөз өтпейтін, қамшы жүргізіп, таяқ шектейтін, тілге азбайтын, иісалмас. Жау тиіскенде айғай-аттанын естісе не қан көрсе болғаны намысы қозғыш, өлген-тірілгеніне, алды-артына қарамайтын, бір қалмай атқа қонатын, сонымен қоса бірауызды, қаратұяғынан хал кеткенше айқасатын, қауқарлы-қауқарсыздығына қарамайтын әрі өздерін және жастарын аялауға құштарлығы басым, не жеңіп, не өліп тынатын адам», – деп жазды Тілеуқабылұлы.
Сонымен қатар сиыр жылы туғандар досқа адал, ақ пейіл, достары мен туған жерінен әсте айырылғысы келмейтін адам болатынын жазып қалдырған.
https://kyzylorda-news.kz/kogam/2021-siyr-zhyly-qazaq-ueshin-zhajly-bola-ma-93546/​​​
01 қаңтар 2021 ж. 315 0