Төрлет, тышқан жылы
Қазақ халқының мүшелдік жыл санауы тышқан жылынан басталады. Ол биыл 22 наурызда кіреді.
Бір мүшел 12 жылдан тұрады. Жыл есебін бұлай жүргізу өте ежелгі кезден басталған және ешқандай діни қағидамен байланысты емес. Ғалымдардың пайымдауынша, олай жыл қайыру табиғат құбылыстарының қайталама заңдылығына негізделген. Қазақша мүшелдік жыл санау тышқан жылынан басталып, одан әрі қарай кезекпен сиыр, барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит, доңыз келіп отырады.
Жыл аттары не себепті жануарлардың атымен аталатыны және жыл басы неге тышқаннан басталатыны туралы халық арасында аңыз-ертегі бар. Аңыз бойынша осы он екі жануар жыл атына ие болуға таласқан. Сонда тышқан тұрып «Дауласатын дәнеңе жоқ, таңертең бәріміз шығып келе жатқан күнді аңдимыз. Сонда күннің көтеріліп келе жатқанын кім бірінші көрсе, сол бірінші жылдың, одан кейін көргеніміз екінші жылдың атын аламыз. Осылай өз кезегімізбен барлық жылды бөліп аламыз» деп ұсыныс жасаған. Бұған келіскен жануарлар демалып жатқанда тышқан түйенің басына шығып алады. Осылайша ол күнді бәрінен бұрын көріп, жыл басы атанған. Ал түйе бойына сеніп, жылдан құр қалыпты деседі.
12 жылдық қайталама негізінде мүшелмен жыл есебін жүргізуді қазақ халқы «жыл қайыру» деп атайды. Талай жылдың тауқыметін, қызығын басынан өткізген тәжірибесі бай халық әр жылға тиісті баға беріп һәм соған сай күтініп те отырған.
Тышқан жылы қандай болады?
Қазақтар тышқан жылын береке, ырыс, татулық пен тыныштықтың жылы деп санаған. Халықтың бұл сенімі көп жағдайда дәл келген. Шынында да, тышқан жылында қиыншылық, жаугершілік, аштық көп болмады.
Тышқан жылының мыңдаған жылдық тарихына назар аударсақ, оның көп жылы аштықсыз, жаугершіліксіз, қиындықсыз, молшылықта өткен. Тышқан жылы – 1684 жылы Қанжығалы Бөгенбай, 1576 жылы Жалаңтөс, 1648 жылы Келмембет, 1804 жылы Махамбет Өтемісұлы, 1864 жылы Балуан Шолақ, 1912 жылы Дінмұхамед Қонаев сынды ұлы тұлғалар дүниеге келген жыл. Ең қызығы, Қазақ ордасының негізі де осы тышқан жылы құрылған. 1456 жылы Керей мен Жәнібек хандар қазақ халқының тұңғыш жеке мемлекеттік құрылымының негізін қалады. Хандық негіздегі бұл басқару жүйесі 1465-1847 жылдары аралығында дамыды. Яғни төрт ғасыр бойы, Кенесары Қасымұлы заманына дейін жалғасты. Территориялық аумағы Еділден Жайыққа дейінгі аралықты, Сырдария мен Әмудария өзендерінің бойын, сондай-ақ Хорасан жерін түгел қамтып жатты. Сол секілді қазақ халқының негізгі құндылығына айналған әз-Тәукенің «Жеті Жарғысы» да тура осы тышқан жылында, 1684 жылы қабылданғанын айта кету керек.
1996 жылы 30 қыркүйекте Қазақстан Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу шартына қосылды. Сондай-ақ осы жылы 16 желтоқсанда Алматыдағы Республика алаңында Қазақстан тәуелсіздігінің бес жыл толуына байланысты «Тәуелсіздік монументі» ашылды. 2008 жылы Астанада «Қазақ елі» монументі ашылды. Монументтің биіктігі 91 метр. 2008 жылы 2 желтоқсанда 2009-2011 жылдарға арналған «Нұрлы көш» бағдарламасы қабылданды.
Санаулы сәттерден соң есіктен енгелі тұрған жыл басы елімізге тыныштық, бақ-берекесімен, ырысымен енсін.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ