Еріктілер жылы несімен есте қалды?
Жақсылық жасау, жығылғанға сүйеу, жылағанда тіреу болу – кез келген адамның қолынан келетін іс. Тіпті бұл қазақ халқының өмір заңдылығы мен күнделікті тұрмыс-тіршілігіне сіңіп кеткен. Мұны біз алыстан сұлбасы көрінген қарияның жүгін көтеруге асығатын баладан немесе жасы кішіге ізет білдіріп, үлкенге құрмет көрсетіп жүрген жастардан аңғара аламыз. Қазіргі таңда жақсылық жасаудың осынау үлгісі мемлекеттік маңызға ие болып, оған үлкен мән берілуде. Сәйкесінше қоғамда еріктілердің беделі де биіктей бастады. Оның бір дәлелі – Президент Қ.Тоқаевтың 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялауы.
Естеріңізде болса, өткен жылдың мамыр айында Қостанайда өткен жастар форумында «Ұлттық еріктілер желісінің» төрайым Вера Ким 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялауды ұсынған болатын. Ұтымды ұсыныс шешімін тауып, Мемлекет басшысы еріктілерді әрқашан қолдауға даяр екенін де жеткізді. Бұл тұрғыда Қасым-Жомарт Кемелұлы «ҚР Президенті ретінде мен әрқашан волонтерлардың қозғалысын қолдайтынымды жеткіземін. Сондықтан сіздердің келесі жылды волонтерлар қозғалысының жылы деп жариялау туралы ұсыныстарыңызды толығымен қолдаймын. Еріктілер – жаны таза адамдар. Олар елдің шынайы патриоты, сол үшін де құрметім шексіз. Белсенді азаматтық ұстанымдарыңыз мемлекеттің дамуына айтарлықтай септігін тигізетіні сөзсіз» деген еді. Осыдан кейін Президент 2020 жылды «Волонтерлар жылы» деп қабылдап, қаулыға қол қойды. Енді міне, «Еріктілер жылының» аяқталуына да санаулы күндер қалды. Олай болса шиеліліктер аталған жылды қалай қорытындылады? Бірге саралап көрелік...
Естеріңізде болса, өткен жылдың мамыр айында Қостанайда өткен жастар форумында «Ұлттық еріктілер желісінің» төрайым Вера Ким 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялауды ұсынған болатын. Ұтымды ұсыныс шешімін тауып, Мемлекет басшысы еріктілерді әрқашан қолдауға даяр екенін де жеткізді. Бұл тұрғыда Қасым-Жомарт Кемелұлы «ҚР Президенті ретінде мен әрқашан волонтерлардың қозғалысын қолдайтынымды жеткіземін. Сондықтан сіздердің келесі жылды волонтерлар қозғалысының жылы деп жариялау туралы ұсыныстарыңызды толығымен қолдаймын. Еріктілер – жаны таза адамдар. Олар елдің шынайы патриоты, сол үшін де құрметім шексіз. Белсенді азаматтық ұстанымдарыңыз мемлекеттің дамуына айтарлықтай септігін тигізетіні сөзсіз» деген еді. Осыдан кейін Президент 2020 жылды «Волонтерлар жылы» деп қабылдап, қаулыға қол қойды. Енді міне, «Еріктілер жылының» аяқталуына да санаулы күндер қалды. Олай болса шиеліліктер аталған жылды қалай қорытындылады? Бірге саралап көрелік...
Әлемдегі барлық еріктілердің саны 970 миллионға жетіп жығылады екен. Ал Қазақстанда 200-ге тарта еріктілер ұйымы бар. Шиелі ауданында қазіргі таңда 130-ға жуық ерікті жұмыс істеуде. Осындай ақпараттың өзі өзгеге жәрдемдесудің шеті мен шегі жоқ екенінен хабар беріп тұрғандай. Сондай-ақ осыған қарап еріктілердің барлық елде бар екенін байқаймыз. Әсіресе, осы қызмет азуын айға білеген АҚШ-та кең тараған. Бұл елде «жақсылық жасау» идеясы балаға мектеп жасынан бастап айтылады екен. Соның нәтижесінде волонтерлікпен айналысу әрбір АҚШ азаматы үшін басты қасиеттердің бірі болып саналады. Ал жұмысқа орналасқысы келген жастардың түйіндемесінде волонтерлікпен айналысқандығы туралы мәлімет тұрса, ол – үлкен мүмкіндік. Сондықтан шет елде студенттер мен оқушылар ерікті болуға қуана келіседі.
Бүгінде еріктіліктің сан алуан түрі бар. Атап айтар болсақ, әлеуметтік, спорттық, шаралық, экологиялық, медициналық және т.б түрлері бар. Сонымен қатар ұлттық бағыттағы волонтерлік қызмет те жақсы дамыған. Әрі төтенше жағдай орын алғанда білек сыбана кірісіп кететін еріктілердің де қатары көбейіп келеді. Жалпы еріктілікпен адам жеке немесе топ болып айналысса болады. Қазіргі таңда ауданның еріктілері әртүрлі шарада бас қосып, қолдан келгенше қайырымды іс жасауда. Аудандық жастар ресурстық орталығының мәліметіне сүйенсек, еріктілер жылы қабылданғалы бері ауылдық округтер мен кент ішінде және мектептерде волонтерлық жұмысты кеңінен насихаттау мақсатында 46 кездесу мен түсіндірме жұмысы жүргізілген. Сондай-ақ жастар ресурстық орталығының жанынан құрылған еріктілер тобының ұйымдастыруымен 32 тазалық акциясы, 35 қайырымдылық акциясы, 27 жалғыз басты қарттың үйіне барып көмек көрсету шарасы болған. Әсіресе елде індет дендеген шақта аудан еріктілері игі істен қалыс қалған жоқ. Керісінше қауіппен бетпе-бет келсе де тұрғындарды материалдық және рухани қолдауын жалғастырды. Еріктілердің ерен еңбегі де дәл осы тұста анық байқалды. Осы орайда төтенше жағдай жарияланып, ауру алқымнан алғанда еріктілердің қандай жұмыс жасағанына шолу жасасақ артық болмас.
Қуаныштысы, пандемия кезінде тек жастар ресурстық орталығы жанынан құрылған еріктілер ғана емес, кәсіпкерлер де, қарапайым халық та игі іспен айналысты. Мәселен, дәріханаларда маска тапшылығы сезілгенде «Тоғжан» тігін цехының иесі Тоғжан Мұсаева және өзге де тігіншілердің қолдауымен күніне 1500-2000 дана маска тігіліп, кент ішіндегі дәріханаларға жеткізілген еді. Осы орайда ауданның жас еріктілері де аянып қалмады. Жастар ресурстық орталығының бастамасымен 600-ге жуық медициналық маска тұрғындарға тегін таратылды. Ерікті жастар тегін бетпердені орталық базар сатушылары мен қоғамдық көлік жүргізушілеріне және темір жол вокзалындағы жолаушыларға, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға үлестірді. Сондай-ақ тұрғындарға тазалық сақтаудың маңызын түсіндіріп, коронавирустың алдын алуға арналған үнпарақтар таратты. Коронавирус індеті күннен-күнге өрши түссе де еріктілер өз жұмысын жалғастыра берді. Карантин уақытында сақтық шараларын қатаң сақтау үшін аудандағы әр мекемеге түсіндірме жұмысын жүргізіп, жас кәсіпкерлермен бірге отырып, ем алушыларға азық-түлік пен жеміс-жидек жеткізді. Тынысы тарылған науқастарға 70-ке жуық кислород толтырылған баллон апарып берді. Иә, бәлки жастар ресурстық орталығының еріктілері азық-түлікке, я болмаса басқа да қажетті құралдарға өз қаражатын жұмсап жатқан жоқ шығар. Бірақ олар демеушілердің аманатына қиянат жасамай жеткізушілер. Мұның өзі тұрғындарға жанашырлықтың бір сипатын көрсетеді. Міне, дерт дендеп тұрған шақта аудан жастары осылайша қол көмек көрсетті. Бұл орайда кәсіпкерлерде аянып қалмай, өз кәсібі тұралап қалса да, қайырымдылыққа келгенде үнсіз қалмай, қаржылай көмек көрсетті. Мәселен, атақты продюссер Н.Қоянбаевтың, «Шиелі ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің, «Nur Otan» партиясы Шиелі аудандық филиалының карантин режимінің алғашқы айларында бірнеше ауылға азық-түлік таратқаны баршаға мәлім. Сондай-ақ кәсіпкерлер ауруханаға жасанды тыныс алу аппаратын жеткізуге мұрындық болды. Бұл игі бастама «Үшбатыр» балабақшасының басшысы Зина Берканованың ұйымдастыруымен қолға алынған. З.Сәпиқызының айтуынша, қомақты қаржыны жинауға кәсіпкерлер ғана емес, жеке балабақша құрылтайшылары да өз үлесін қосқан. Қаржылай қайырымдылықтың бір бөлігі құрбан шалуға жұмсалса, қалған бөлігіне 30 отбасыға азық-түлік алған. Сонымен қатар ауруханаға 2 медициналық оттегі баллон, 10 редуктор, 72 медицина қызметкеріне азық-түлік табыстаған. Осылайша еріктілер ел елең-алаң шақта тұрғанда бір емес бірнеше адамның еркін тыныс алуына көмектесіп, тұрғындардың көңіліне қаяу түсірмеді.
Иә, жақсылық жасауға асыққан жандар жасаған амалдары үшін ақы талап етпеді. Керісінше өз қалталарынан қаржы шығарып, қам көңіл жандарға көмектесті. Алайда жасы мен жасампазы жиналған еріктілер тобына да қолдау мен ынталандыру қажет-ақ. Себебі еңбектің еленгені ерекше серпін береді. Осы орайда ауданда сейсенбі күні «Ерікті болу – ерлік» атты волонтер жылының жабылу салтанаты өтті. Шара барысында көпшілік аудан еріктілерінің атқарған жұмысын көріп, ризашылығын білдірді. Сонымен қатар аудан әкімі Қ.Мүбараков та еріктілерге ізгі ниетін арнап, бірқатар еріктіні марапаттады. Солардың ішінде Н.Сапарбаев, Н.Абибуллаұлы, Ұ.Тлеулесова, Е.Мұхтаров және А.Қали облыс әкімінің алғыс хатын иеленді. Ал аудан әкімінің алғыс хаты Ы.Қаппаровқа, Л.Әнәфияевқа, Б.Жұманазарұлына, Ж.Жұмановаға табысталды. Аталған шарада аудан көлемінде волонтерлік жұмыс атқарып, ерекше көзге түскен 10 ерікті жас «Үздік волонтер» жастар сыйлығы және 30 000 теңгелік сертификатпен марапатталды. Еріктілер жылының жабылу салтанатына облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Бауыржан Мастеков қатысты. Б.Қайырбекұлы өз кезегінде аудан еріктілерін құттықтап, алдағы уақытта белсенді болуға, қайырымдылық шараларын тоқтатпауға шақырды. Сондай-ақ Қ.Тұрар, Ж.Ақділдә, Н.Шермаханқызы, А.Шәрібек, Д.Әмірханқызы сынды белсенді волонтерларды алғыс хатпен марапаттады.
Жалпы мақалаға арқау еткен шаралар «Еріктілер жылы» қарсаңында атқарған жұмыстардың бір парасы. Не десек те биыл еріктілер аз жұмыс істемеді. Олар бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып еріктіліктің ерен үлгісін көрсетті. Осылайша еріктілер жылын қорытындылауға да жақын. Бірақ бұл ерікті түрде жасалатын жұмыстардың тоқтап қалуын білдірмейді. Себебі қай кезеңде де қоғамға қайырымдылық пен мейірімділік қажет.
Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА