COVID-19: Сүрінуге де, бүлінуге де болмайды

Коронавирустың бірінші кезеңі бізге үлкен сабақ болуы тиіс. Мұнымен қоса алғашқы лекте кеткен кемшілікті қайталамауымыз керек. Иә, болжамды екінші толқында енді сүрінуге де, бүлінуге де болмас. Сол үшін өңірде коронавирустың екінші толқынына төтеп беру үшін жан-жақты жұмыс жүргізіліп жатыр.Жергілікті билік қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамту 85-тен 88,5 процентке артқанын айтып отыр. Кенеттен эпид-ахуал күрделене қалған жағдайда 3200 төсек орындық стационар дайын тұр. Қала берді облыста 79 жедел-жәрдем бригадасы жұмыс істейді.Ал ондағы автокөліктердің 50 проценттен астамының тозығы жетіп тұр. Осыған орай жуырда лизинг арқылы алынған 40 санитарлық автокөлік тиісті аудандарға берілді. Сөйтіп жедел шақырыстарға кешігу көрсеткіші азаймақ. Жасырудың қажеті жоқ, індет іргеге таяғанда дәрі-дәрмекпен қамтудың кемшіндігі айтарлықтай сезілді. Медициналық масканы табудың өзі мұң болды. Осы тұста әуелгі қателік келесі толқында қайталанбайтынын айтады сала мамандары. Тапшылықты болдырмау үшін дәрі-дәрмектің 2 айлық қоры артығымен жасақталған екен.
Пандемия уағында алдыңғы шепте ақ халаттылар жүрді. Әлі де болсын жүретіні анық. Осы тұста айтпағымыз, дәрігерлер кеңесін тыңдап, сақтық шараларын қатаң сақтасақ, жоғалтарымыз азаятын еді. Айта кету керек, қауіпті вирустың екінші толқынына дайындық тек жергілікті билік пен дәрігердің жұмысы емес. Бұл кезеңде қоғамның да жауапкершілігі орасан. Бұқараға үйге қамалып отыр демейміз, әрине. Тек сақтық шараларын мықтап ұстап, мұқияттылық танытса деген кеңес біздікі.
С.БАХТИЯРҚЫЗЫ