Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Коронавирустың екінші толқыны: елдің жағдайы не болады?

Коронавирустың екінші толқыны: елдің жағдайы не болады?

Дәл қазір көпшілік елде коронавирустың екінші толқыны бола ма деп алаңдаулы. Себебі алғашқы толқында Қазақстан түгілі әлем алпауыттарының өзін абдыратқан коронавирус деген алапат алдында дәрменсіз екенімізді түсіндік. Егер тағы да елде төтенше жағдай орнай қалса, оған қаншалықты дайынбыз? Осыған дейінгі қателіктерден сабақ алдық па?
Сонымен бірінші толқынды бастан өткердік, ал орын алуы әбден ықтимал екінші толқынның қаупі қай деңгейде болады? Міне, мәселенің мәнісі осында. Бастапқы кездегі абдырау мен қателіктер орын алмауы үшін қандай шаралар жасалып отыр? Індет өршіп тұрғанда ең қарапайым деген дәрі-дәрмектің дәріханаларда қат болуы, оттегі баллондарын жұрттан жылу жинаған жағдайға қайтадан душар болмаймыз ба? Ал ең бас­тысы, осы пандемияның шын қауіп төндіретінін баршамыз да ұғып болдық па? Әлде бірінші толқын кезіндегідей індет өршіп тұрғанда да той-садақамызды өткізіп, «алатын ауру маскаңа қарамайды» деп бар кінәні өзімізден басқаның барлығына артып қойып, бейқам тірлікпен екінші толқынды да қарсы аламыз ба? Сайып келгенде барлығы қоғамның әр мүшесінің жауапкершілігіне тікелей байланыс­ты екендігін түсінуімізде ғой. Бұны нақты түсініп болмай, карантиндік шаралар да, локдаун кезеңдері де, таратылған дәрі-дермегің де құмға сіңген судай болып қала бермек...
Сейсенбі күні ауданның бас дәрігері Нұрлан Әмір мен аудандық тауарлармен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Гүлзада ­Айтекеева брифинг өткізіп, короновирус инфекциясының болжамды екінші толқынына дайындық шаралары жайлы біраз ақпарат берді.
Соңғы күндері елімізде коронавирус инфекциясымен ауырып жатқандар саны артып келеді. Әсіресе, Шығыс Қазақстан облысы қатерлі індеттің өршуімен көш бас­тап тұр. Біздің ауданда да соңғы бір айдың ішінде COVID-19 инфекциясын жұқтырған 4 адам анықталған. Оның екеуі ауруханаға жатқызылса, қалған екеуінің дерті симптомсыз болғандықтан, амбулаторлы ем қабылдауда. Мамандардың айтуынша науқастардың екеуі кент тұрғыны, өзгелері Бәйгеқұм және Алғабас елді мекендерінде тұрады.
– Биылғы жылдың 5 шілдесінен бастап аудан әкімдігі, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау мекемесі мамандары мен полиция қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінен құралған 3 мобильдік мониторингтік топ жасақталды. Содан бері аудан көлемінде карантиндік режим талаптарының сақталуын бақылау мақсатында құрылған мобильдік топтың мүшелері күнделікті рейд жұмыстарын жүргізуде. Ауданда отбасылық, ұжымдық іс-шаралар өткізуге тыйым салынғанымен, әлі де болса түрлі банкеттер, үйлену тойлары мен өзге де мерей той, жиындарды өткізу толас­тар емес. Бүгінге дейін мобильдік топпен күнделікті қадағалау, түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, анықталған заңсыздықтар ­бойын­ша 61 әкімшілік айыппұл салынып, барлығы өндірілді. Олардың ішінде 4 мейрамхана иесіне 230 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғаса бермек, – дейді Гүлзада Садықбекқызы.
Шілде айында коронавирус дерті алқымнан алып, жағдай ушыққан кезде біраз абдырап қалғанымыз рас. Әсіресе, бұл кезең медицина қызметкерлеріне оңайға соқпады. Бұрын-соңды мұндай қатермен кезікпеген дәрігерлер бар күш-жігерін сарп етіп, үйлеріне қайтпастан күндіз-түні науқастарды күзетті. Ауруханадағы оттегі аппаратының тапшылығы, дәріханаларда қарапайым дәрінің өзі қат болуы біраз сынға ұшыраған болатын сол кезде. Енді ондай олқылықтың қайталануына жол берілмеуі керек.
Алғашқы кезеңдегідей қатерлі күндер қайта оралмасын. Дегенмен сақтықта қорлық жоқ, екінші толқын бола қалған жайғдайда аудандық аурухананың ескі ғимараты науқастарды қабылдауға сақадай сай тұр.
Ғимараттың жылу жүйесі толықтай газдандырылып, 140 науқасқа арналған төсек-орын, асхана, науқастарды бақылауға арналған бейнекамералар жүйесі, медицина қызметкерлеріне арналған бөлмелер түгелдей дайын. Бұл туралы ауданның бас дәрігері Нұрлан Әмір баяндады. Айтуынша ауруханада дәрі-дәрмектің екі айлық қоры да жинақталған.
– Covid-19 жұқпасын емдеуге арналған соңғы емдеу-диагностикалық хаттама бойынша дәрі-дәрмектер мен қорғаныш құралдары жеткілікті мөлшерде. Сондай-ақ дерт дендеген сәтте науқастарға тыныс алу қиындайтыны ескеріліп, ескі аурухананың барлық бөлімшесіне 59 төсек-орынды үздіксіз оттегімен қамтамасыз етіп отыратын мини оттегілік бекеттер жасалынды. Егер екінші толқын орын алған жағдайда оттегі баллонын бөлімшеге кіргізбей-ақ, түтік арқылы далада орналасқан оттегі нүктесі арқылы қысыммен науқасқа жеткізіліп отыратын болады. Одан бөлек өкпені жасанды желдендіретін 18 аппарат бар. Оттегіні бөлетін концентратордың 52 данасы дайын тұр. Қажеттілігіне қарай ауруханада бұл аппараттарды көбейтуге мүмкіндік бар. Аурухананың жалпы қабылдау бөлімшесі және әйелдер босанатын бөлімнің қабылдауы «таза», «лас» аймақтарға бөлініп, қызметкерлері Covid-19 белгілері бар және жұқпаға күдікті науқастарды қабылдауға арнайы дайындықтан өткізілді. Бөлімшелерде жұмыс жасайтын дәрігерлер, орта буын мамандары, санитарлар құрамы бұйрықпен бекітіліп, жасақталып қойған. Қызметкерлердің денсаулығына нұқсан келтірмеу мақсатында вахталық әдіспен жұмыс жасайтын болады. Екінші толқын болған жағдайда Шиелі ауданаралық ауруханасында COVID-19 жұқпасын емдеуге 200-ден аса медицина қызметкері тартылады деп жос­парланды, – дейді Н.Әмір.
«Егер коронавируспен ауырған науқастар үй жағдайында емделсе, оларға тегін дәрі-дәрмек қарастырылған ба?» деген сауалымызға:
– Коронавирус дерті анықталған барлық адам стационарда ем қабылдайды. Ал пневмониямен ауырып, үйден емделетіндерге тегін дәрі беріледі, – деп жауап берді. Сөз соңында бас дәрігерден барлық тұрғындарды мазалап жүрген «Екінші толқын біріншіге қарағанда жеңіл өте ме, әлде ауыр бола ма?» деп сұрадық.
– Нақты айта алмаймын. Бірақ алғашқы кезеңде біраз қиналғанымыз рас. Оған дейін ауруханада 20 оттегі баллоны 1 айға жететін еді. Ал дерт ушыққан кезде бір күннің ішінде 100 оттегі баллоны қажет болды. Қазір сол кездегі ерекшеліктердің барлығын ескеріп, екінші толқын бола қалған жағдайда қажеттінің бәрін дайындап жатырмыз. Медицина мамандары да тәжірибе жинады деуге болады. Дәрі-дәрмек пен қорғаныш құралдарының да екі айлық қоры толықтай дайын. Елді дүрліктірген дерттің енді қайталанбағаны барлығымызға жақсы. Дегенмен екінші толқыннан әлем елдері қауіптеніп жатқанда, біз де кез келген жағдайға сақадай сай болуымыз керек, – дейді бас дәрігер.
Айта кетейік, бүгінге дейін ауданда коронавируспен ауырған 304 адам анықталған.Оның ішінде симптомды түрімен – 161, симптомсыз түрімен – 143 науқас тіркелген. Вирус жұқтырған 298 науқас жазылып шықса, 4-еуі қайтыс болды. Ал наурыз айынан бері пневмониямен аудан бойынша 362 науқас тіркеліп, оның 17-сі қайғылы жағдайға ұшырады.

Гүлхан ЯХИЯ

07 қараша 2020 ж. 313 0