«Ювентустың» ең қымбат ойыншысынан коронавирус анықталды
«Ювентус» шабуылшысы Пауло Дибала тапсырған тест футболшының коронавирус жұқтырғанын растады. Осылайша Турин клубының екінші ойыншысынан індет анықталып отыр.
Мұның алдында қорғаушы Даниэле Руганидің де коронавирус жұқтырғаны анықталған. Тиісінше клуб толықтай карантинге жатқызылды. Ал 26 жастағы Дибала «Ювентус» сапын 2015 жылы толықтырған. Transfermarkt аргентиналық футболшының құнын 90 млн еуроға бағалаған, яғни ол клубтағы ең қымбат ойыншы саналады. Бүгінгі уақытта Италия коронавирус жұқтырғандардың саны жағынан Қытайдан кейінгі екінші орында тұр. Елде толықтай карантин енгізіліп, билік тұрғындарды үйлерінен шықпауға шақыруда. Одан қалды спорттық іс-шаралар, соның ішінде футболдан ел біріншілігі де тоқтатылды.