Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Коронавирус қандай спорт түрлеріне кесірін тигізіп отыр?

Коронавирус қандай спорт түрлеріне кесірін тигізіп отыр?

Қытайдан шығып, бүкіл әлемді дүрліктірген коронавирус індеті спорттың да берекесін қашырды. Соңғы кездері маңызды жарыстардың уақытында өтпейтіні, спортшылардың бұл ауруды жұқтырғаны жайлы ақпараттар көбейіп кетті.

Аталмыш індет Италияда өршіп тұр. Сондықтан бұл елдің футбол федерациясы ішкі біріншілікті тоқтату жайлы шешім қабылдады. Тіпті, осы маусымды мерзімінен бұрын аяқтауы да мүмкін. «Ювентус» футболшысы Даниэль Ругани коронавирус жұқтырып алған соң, клуб кемі екі аптаға карантинге жабылды. Криштиану Роналду Италиядан кетіп қалды. Елдегі барлық спорт жарыстары көрерменсіз өтеді.

«Сампдория» футболшысы коронавирус жұқтырды

Испан чемпионаты да кемі екі тур кейінге шегерілді. «Реал» футболшыларының барлығын да тексеріп жатыр. Себебі «Реал» баскетбол клубының Трей Томпкинс бойынан коронавирус белгісі табылған. Ал бір апта бұрын баскетболшылар мен футболшылар жолыққан.

Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының кейбір ойындары кейінге шегерілді. «Севилья» - «Рома» және «Интер» - «Хетафе» матчтары өтпейді. Ал «Реал» мен «Ювентус» Чемпиондар лигасы аясында келесі апта өз матчтарын өткізе алмайтын секілді. «Барселона» мен «Наполи» кездесуін жанкүйерлер стадионда тамашалай алмайды.

Премьер-лига мен Бундеслига ойындарды көрерменсіз өткізуді жоспарлап отыр. «Лестердің» үш ойыншысында коронавирус белгілері табылды деген бейресми ақпарат та жағдайды қиындатып отыр. Англияда АПЛ матчтарын жанкүйерлер тек өз үйлерінде ғана көре алады.

Еуропа чемпионатының тағдыры 17 наурыз күні белгілі болды. Алайда бірнеше белді басылымдар құрлық біріншілігін УЕФА мен ФИФА келісіп, 2021 жылдың жазына қалдырды деп жазып жатыр. Сондай ақ, Чемпиондар мен Еуропа лигасы жайлы түбегейлі шешім дәл осы күні қабылданады.

Бейсенбіде, коронавирусқа байланысты, баскетболдан НБА кем дегенде 2 аптаға жабылды. Бұл лигада өнер көрсететін екі баскетболшының бойынан коронавирус белгілі табылған.

Канаданың Монреаль қаласында мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионаты тоқтатылды.

Эпидемия теннисті де айналып өтпеді. Индиан-Уэллс турнирі өтпейтін болды. ITF сәуір соңында дейін бірде-бір жарыс өткізбейміз деп шешім қабылдады.

Норвегияның Холменколлен шаһарында өтіп жатқан биатлоннан Әлем кубогының финалдық кезеңі тоқтатылды.

Халықаралық дзюдо федерациясы жарыстарды уақытша тоқтатты. Еліміздегі осы спорт түрінен өтетін бірқатар жарыстар кейінге шегерілді.

Бетін аулақ қылсың, елімізді коронавирус індеті тіркелген жоқ. Алайда, сақтықта қорлық жоқ, премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов коронавирусқа қатысты баспасөз-мәслихатында Қазақстандағы барлық спорттық матчтар көрерменсіз өтеді деп мәлімдеді.

Таеквандошыларымыз Бельгияда өтеді деп жоспарланған рейтингілік турнирге барудан бас тартты.

Гагарин кубогының ширек финалына шыққан елордалық «Барыс» өз алаңындағы матчтарын көрерменсіз өткізеді. Допты хоккейден Иркутскіде өтеді деп жоспарланған әлем чемпионаты кейінге қалдырылды.

prosports.kz
13 наурыз 2020 ж. 405 0