Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңа толқынға тойтарыс бере аламыз ба?

Жаңа толқынға тойтарыс бере аламыз ба?

Дүниежүзін дүдәмәл халге түсірген коронавирус инфекциясы бір сәтте бірталай адамды ажал құштырды. Атанды да жығатын ауру жас талғамай жолында кездескенін жалмағанынан хабардар болдық. Індет дендеп жатыр дегенде Қазақстанға келмейді деп қос қолымызды қалтаға салып емін-еркін жүріп, «жау жоқ деме, жар астында» деген мақалды ескермедік. Нәтижесінде бармақ тістеп, сан сабалап қалғанымыз өкінішті. Осындайда «Сақтық шараларын әу баста сақтау керек еді» деген аз-кем өкініш көптің көкейінде қалғаны белгілі. Себебі айтып келмейтін аурудан тек сақтық ережелері ғана құтқарады. Хош. Әйтеуір не керек, қаза көріп, жүрегіміз қарс айыр­ылып, одан кейін аяғымызды аңдап басып, жүріс-тұрысты азайта бастағанда коронавирус індетінің өршуі бәсеңдеді деген жағымды жаңалық жетті құлаққа. Бірақ медицина мамандары әлі күнге дейін қуануға ерте екенін айтып, қазақстандықтарға әу бастан ескерту жасап жатыр. Себебі қараша-желтоқсан айларында науқастар саны өсіп, аталған аурудың екінші толқыны басталуы мүмкін. Бұл туралы қыркүйек айының басында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеген еді. Ол «Біз қазір болжам жасап жатырмыз, жағдайды бақылап отырмыз. Дәл болжамдар екі апта ішінде жасалады. Қазіргі күнделікті көрсеткіш әртүрлі. Дегенмен қараша-желтоқсан айларында науқастар саны өсуі мүмкін. Бұл екінші толқынның болуымен байланысты, сондай-ақ жедел респираторлық инфекция мен тұмаудың да белең алатын кезі» деді.
Министрдің мәлімдемесін ешкім жоққа шығара алмас, бәлки! Себебі бүгінде әлемнің кейбір елдерінде екінші толқын басталып кеткен. Мәселен, Еуропа елдерінде коронавирус эпидемиясының екінші толқыны басталды. Ұлыбританияда барлардың бірі індет ошағына айналып, Перуде вирус жұқтырғандар саны 400 мыңға таяды. Ресми мәліметке сәйкес, Перуде коронавирустан 18 мың адам көз жұмған. АҚШ-та да індет әлі басылмай тұр. Байқағанымыздай әлемдегі ахуал мәз емес. Осы орайда біздің еліміз екінші толқынға қызу дайындықты бастап кеткен. Пандемияның екінші толқынынан қауіптенген үкімет 5 қазаннан бастап бірнеше шектеу шараларын енгізді. Соның ішінде ең маңыздысы – әуе қатынасы. Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, басқа мемлекеттермен әуе байланысы тоқтатылып, осыған дейін әуе қатынасы қайта жанданған елдерге қатынайтын рейс саны артпайтын болады. Сондай-ақ Түркия еліне қатынайтын рейстер саны да азаяды. Ал екінші категориялы елдерден ұшып келетін азаматтарды термометрия жасау, анкета толтыру, коронавирусты анықтайтын анықтама алу сынды жұмыстар күтіп тұр. Егер жолаушының қолында тиісті анықтамасы болмаса, ол екі тәулік карантиндік стационарда оқшауланады және бойында КВИ белгісінің бар немесе жоқ екені анықталады. Ал Денсаулық сақтау вице-министрі А.Ғинаят екінші толқында пайдаланатын барлық дәрі-дәрмектің жеткілікті екенін айтуда. КВИ бойынша амбулаториялық ем алушыларға дәрі-дәрмек тапшылығы болмайды дейді ол. Сонымен бірге «КВИ бойынша ем алатын азаматтар үшін барлық емханада дәрі-дәрмек бар. Ол дәрілерді учаскелік дәрігер жазып береді. Сондықтан алдын-ала дәрі алып, дайындалудың қажеті жоқ. Сондай-ақ респираторлық вирустық инфекциямен, пневмонияның бактериалдық және вирустық түрімен ауыратын науқастарға дәрі тегін беріледі. Оның ішінде қызуды түсіретін, антибиотик және қабынуға қарсы дәрілер бар» дейді вице-министр.
Бұған дейін елімізде дәрі мен медициналық құралдар тапшы болғаны белгілі. Екінші толқында мұндай олқылық орын алмас үшін, Денсаулық сақтау министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп коронавирустық инфекцияның екінші толқынына қарсы дәрі-дәрмек, арнайы құралдар қорын жабдықтауда. Тіпті індеттің жаңа толқыны бола қалған жағдайда республика бойынша 70 000 орын қарастыруға да дайын.
Оның 51 мыңы стационарларда коронавирусқа арналған орындар екен. ­Алексей Цой вирусқа арналған дәрілерді екі айға артығымен алып қойғанын және ол аймақтарға таратылғанын бірінші қазан күні өткен брифингте айтқан болатын. Брифинг барысында министр «Барлық аймақта ең қажетті деген дәрі-дәрмектер үшін 13 миллиард теңге көлемінде тұрақтандыру қоры құрылды. Амбулаториялық деңгейдегі дәрі-дәрмектер тізімі ұлғайды. Вирусқа арналған тағы 5 дәрі қосылды» деп хабарлады.
Ауру алғаш рет тарай бастағанда барлығының мазасын алып, дегбірін қашырған жасанды тыныс алу аппаратының жетіспеушілігі еді. Әлеуметтік желіде «Ауа жетпейді» деген дауыстар көптің үрейін ұшырған болатын. Ауру алқымынан алған адамның мұңына құлақ түрген тұрғындар өздері іске кірісіп, оттегі аппаратын қайырымдылық ұйымдастырып алғанын ешкім әлі ұмыта қойған жоқ. Жақында ғана Денсаулық сақтау министрлігі өкпені жасанды желдететін аппараттың алынғанын айтты. Министрдің айтуынша бүгінде инфекциялық және провизорлық стационарларда 3379 өкпені жасанды желдететін аппарат бар. Қосымша 2 619 дана аппарат сатып алынады, оның ішінде 1500 аппарат отандық өнім. Сондай-ақ 21 мың орын оттегімен қамтамасыз етілген, қазан айының соңына дейін қосымша 9000-нан астам орын оттегімен қамтамасыз етіледі. Бұдан бөлек аудандық ауруханаларға елімізде шығарылған қосымша 53 ренгтен аппараты алынады. Жедел жәрдем қызметі 1167 дана санитарлық автокөлікпен қамтамасыз етіледі деп күтілуде. Жаңа толқынға дайындыққа мамандар ғана емес, қарапайым тұрғындар да білек сыбана кіріскен сыңайлы. Бұлай деуімізге 15 қыркүйектен бастап миллионға жуық адамның тұмауға қарсы екпе салдыруы себеп. Қазақстанда 2,2 миллион теңгеге тұмауға қарсы вакцина сатып алынды. Вакцина егу қыркүйек айының бел ортасынан басталған.
Қазақстанның түкпір-түкпірінде қызу дайындық жүріп жатқанда шиелілік дәрігерлер де дайындыққа кіріскен. Бұл туралы бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Б.Мұсағалиева айтты. Аудандағы ескі аурухана қазір болжамды екінші толқынға толығымен дайын. Жылу мәселесі де шешімін тауып, қазір қыс мезгілінде де науқастар жатып ем алуға болатындай етіп жағдай жасалуда. Бұрын автономды түрде жылу алатын тері-венерологиялық бөлімше алдағы уақытта газбен жылиды. Тек бұл бөлімшеге ғана емес, жалпы ғимараттың жылу жүйесіне газ көзінен жылу тартылады. Сонымен бірге 200 төсекке арналған кереует те төсек жабдықпен дайындалып, оларды залалсыздандыратын кір жуатын орны, асханасы да әзір. Б.Мұсағалиеваның дерегіне сүйенсек, коронавирус жұқпасын емдеуге арналған дәрі-дәрмектер жеткілікті. Вирусқа қарсы дәрінің қоры, бірреттік, көпреттік қорғаныш костюмдері, маскалар мен қолғаптар, антисептиктер көп мөлшерде дайын және бұлар ай сайын тапсырысқа сәйкес толығып отырады.
Иә, дайындық қызу жүріп жатқанымен алдымызда не күтіп тұрғанын ешкім болжай алмайды. Дүниежүзі дабыл қағып отырған жаңа толқын келмесе тіпті жақсы. Ал егер орын алған жағдайда оған тойтарыс беруіміз қажет. Бұл орайда «Аудан халқына айтатын өтінішіміз «Жау жоқ деме, жар астында» деп дана қазақ халқы айтқандай, күні кеше бастан өткен ауыр күндерді ұмытпай, әрдайым сақтық шараларын қатаң сақтап жүрулеріңізді сұраймыз. Індеттің алдын алатын бірден бір амал – жеке гигиенаны сақтау, көпшіліктен, топтанудан аулақ болу, бетпердені пайдалануды ешкімнің қысымынсыз, еркімізбен киюді әдетке айналдыру. Өз өмірімізді қоғайтын, індеттің қатерінен сақтайтын тек өзіміз ғана» деп бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Б.Мұсағалиева өз өтінішін білдіруде.

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА

06 қазан 2020 ж. 509 0