Баланы сырқаттан сақтайық
Аурудың жас талғамайтыны әу бастан белгілі. Алайда, батпандап кіріп, мысқылдап шығатын коронавирус індетінің ұрқы тіптен жаман. Аты аталған ауру жолында кездескеннің барлығын жалмауда. Жер бетіндегі жұмыр басты пенделерді бай немесе кедей, жас яки кәрі деп бөліп-жарар емес. Тіпті тұрған елін де, жұтқан ауасын да талғамайды. Өкініштісі, бұл вирус балаларға да едәуір қауіп төндіреді.
Бала – әр адамның бауыр еті. Шаңырақта сәбидің шырылы естілсе болды, ересектерде безек қағып, жандарын шүберекке түйіп отырады. Ақ жаулықты аналар болса «Баламның табанына кірген тікен, маңдайыма қадалсын» деп тілейді. Демек әр ана осындай қысылтаяң шақта өзі үшін емес, баласы үшін қорқуда десек қателеспейміз-ау, сірә! Алайда, жүрегін кір, жүзін мұң шалмаған баланы аурудан сақтаудың өзі қиын. Себебі ол бір мезгіл сыртқа шығып, асыр салып ойнағысы келеді. Алаңда достарымен доп теуіп, құмнан қала тұрғызуды аңсайды. Осындай сәтте балаға ешнәрсе болмайтын шығар деген жаңсақ ойдың жетегіне кететіндер де бар. Баласының көңіліне кірбің ұялағанын қаламаған ата-ана баланы сыртқа шығарғанды қалайды. Бірақ алпауыт Америкадағы балалар бөлімінің бас дәрігері Стивен Цайхнер: «Бір жастан жоғары балалар ауруды жеңіл өткереді. Бір жастан төмен балаларға вирус ауыр келеді» деп «Азаттық» радиосына сұқбат берген. Ал Қытайдағы ауруды анықтау және оның алдын алу орталығының мамандары коронавирус жұқтырған және жұқтыруы мүмкін деген 2143 балаға сараптама жасаған. Нәтижесінде олардың 731-інде вирус бар екені дәлелденген. Ауырғандардың жартысында вирустың жеңіл белгілері бар екені байқалған. Бірақ дерт дендеген балалардың 125-і ауыр жағдайда болған, тіпті бір бала ауыр асқынудан кейін көз жұмған. Осындай зерттеулерден бөлек, елімізде де 2008, 2009, 2015, 2019 жылы дүниеге келген бүлдіршіндердің сырқаттанғанынан хабардармыз. Міне, осынау мәліметтердің барлығы вирустың балаға да қауіпті екенін айғақтап тұр. Демек бұғанасы қатпаған, балапандай балбырап жүрген балалар ересектермен бірдей сақтануы қажет. Әрине, балаларға барлығын бірдей ұғындыру оңай емес. Осы орайда БҰҰ балалар қоры бүлдіршіндердің көңіліндегі жайсыз сезімді жойып, сақтық шараларын сақтауға үгіттейтін кеңесті атаған болатын.
Ең әуелі балаңызбен ашық сөйлесіңіз. Балаңыздың осы тақырып жайлы не білетінін анықтап, айтқанын бөлмей тыңдаңыз. Егер баланың жасы тым кішкентай болып, ол осы ауру туралы мүлде естімеген болса, бұл тақырыпты қозғаудың қажеті шамалы. Сондықтан қауіпті жағдай жайында емес, тазалық туралы сөз тарқатыңыз. Балаңыздың өзін еркін сезінуіне мүмкіндік беріңіз. Ол үшін сурет салу, тарих жайлы айтып беру және басқа да әдістер арқылы ашық сөйлесуіне жағдай жасаңыз.
Баланы аурудан аман сақтағыңыз келсе, одан ешнәрсе жасырмаңыз. Ол әлемде болып жатқаны туралы шынайы ақпаратты білуге құқылы. Дегенмен оларды қандай да бір зақым келтіретін ақпараттан қорғау керек. Баланың жасына лайық келетін тілде сөйлеп, олардың реакциясын қадағалап, мазасызданбауына көңіл бөліңіз. Егер балаңыздың сұрағына жауап таба алмасаңыз, ойдан шығармаңыз. Сенімді ақпарат көздеріне жүгініп барып, жауап беріңіз.
Кішкене жеткіншектерді коронавирустан және басқа да аурулардан қорғаудың ең жақсы тәсілдерінің бірі – қолды үнемі жууға үйрету. Бірақ оны қорқыту арқылы емес, қызықты етіп үйреткен абзал. Мәселен, балаға ұнайтын жағымды әнді қойып немесе ән айтып, би билеп қол жуу ережелерін қызықты етуге болады. Сондай-ақ балаларға жөтелген немесе түшкірген кезде ауызды бүгілген шынтақпен жабу керегін көрсетіп, осындай симптомдары бар адамдарға жақындамауды түсіндіріңіз. Егер қызу, жөтелу немесе тыныс алу жолдары қиындаған жағдайда сізге дереу айту керегінде естен шығармаңыз.
Көп жағдайда балалар экрандағы бейнелер мен шынайы өмірді ажырата алмауы мүмкін. Сондықтан олар теледидардағы жағдайды өздеріне төніп тұрған қауіп деп түсінеді. Осындай сәтте балаңызға көбірек ойнауға және демалуға мұрсат беріңіз. Әдеттегі күн тәртібін әсіресе, ұйықтау уақыты қатаң қадағалану керек. Ал егер сіздің ауданда ауру пайда болса, балаңызға коронавирус жұқтырған адамдардың өте қатты ауырмайтындығын және көптеген адамдар отбасыларының қауіпсіздігін сақтау үшін барлық күш-жігерді жұмсап, жұмыс істеп жатқанын түсіндіріңіз.
«Әкеге қарап, ұл өсер, шешеге қарап, қыз өсер» демекші осындай шақта балаңызға үлгі көрсетуді ұмытпаңыз. Сіз балаңыздың айнасысыз. Балаларға қайырымдылық пен жомарттық танытудың озық үлгісін көрсетіңіз. Я болмаса аурудың өршуін тоқтату үшін тынбай еңбек етіп жүрген медицина қызметкерлерін, ғалымдарды, жастарды және басқа да тұлғаларды әңгімелеп беріңіз. Себебі қамқор адамдардың осындай шараларды істеп жатқанын білу – бала үшін жұбаныш.
Бала – бақыт, бала – өмір, ал олардың қауіпсіздігі барлығынан маңызды. Ата-анасына сеніп, солардан ғана қолдау күтетін әлсіз де нәзік жаратылыс иелерін сырқаттан сақтайық. Ең бастысы балалар ауырмасын.
Маржан БОЛАТҚЫЗЫ