Екінші толқынға қамдану керек
Бажайлап қарасаңыз, вирустың құрсауында қалған әлем одан арылар емес. Иә, дүниежүзіне дендеп кеткен індет бұқараны біраз әуре-сарсаңға салғаны анық. Соның арқасында өткен күннен біраз сабақ алып, тәжірибеде жинадық. Бірақ әлі де болса қатердің сейілер түрі жоқ. Қайта екінші толқын басталады деп дабыл да қағылды. Осыған орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирустың екінші толқынына дайындық бойынша 6 мәселеге тоқталған болатын.
Індеттің екінші кезеңіне әзірлік мәселелері бойынша кеңес өткізген Мемлекет басшысы «Қазір көптеген елде санитарлық ахуал күрделеніп барады. Бұл – коронавирус қайта өршиді деген сөз» деп бүкпесіз ойын айтты. Ол бүкіл қазақстандықтарды індетпен күресте тәжірибеміз бар деп босаңсуға болмайтынын ескертті. Бірінші толқында жіберген қателіктерге енді бой бермеуіміз қажет. Соның бірі – дәрі-дәрмектің жетіспеушілігі. Бұл туралы Президентте сөз етті. Рас, жазда бәріміз дәрі-дәрмектің тапшылығын айтарлықтай сезіндік. Жасыратыны жоқ, бұл мәселеге Мемлекет басшысы араласып, реттеп берді. Айта кеткен жөн, екі айға жететін қор жасақталып, ең қажетті препараттардың тізімі ұлғайтылды. Оны сырттан әкелу мен тіркеу тәртібі жеңілдетілді.
Қайталануы мүмкін пандемияға қарсы тойтарыс беруге, сынып кетпеуге барлығымыз ел болып қамдануымыз керек. Мемлекет басшысы айтқандай, елдің береке-бірлігі мен амандығы бәрінен қымбат. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген дана халқымыз. Біздің барлық жетістіктеріміз – ең алдымен ауызбіршіліктің арқасы. Осыны ұмытпаған жөн.
Ұлжан Жүнісова,
«Көкшоқы» АЕ меңгерушісі
«Көкшоқы» АЕ меңгерушісі