Ел қорғаны болу – ер жігіттің бақыты
Ер бала – отбасының тірегі, елінің қорғаны. Мықты қорғаны болмаған елдің болашағы да бұлыңғыр. Ал намыс туын желбіретіп, жауыңның құтын қашыратын – әскер. Әскер – кеудесі от жүректі жастардан құралады. Сондықтан тепсе темір үзетін жас жігіттерді Отан алдындағы борышын адал өтеп, әскерге аттануға баулу маңызды. Ол үшін болашақ сарбаздарға патриоттық тәрбие беретін, әскери өмірге дайындайтын шаралар көптеп керек.
Сондай тәрбиелік мәні зор шараның бірі өткен аптада Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінде өтті. Аудандық ішкі саясат бөлімі жанындағы «Ашық Азаматтық Қоғам» ақпараттық-ресурстық орталығы «Жастарға патриоттық тәрбие беру және жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру» әлеуметтік жобасы аясында ұйымдастырды. Колледж студенттерінің қатысуымен сайыс түрінде өткен шара «Сарбаздар шеруі» деп аталды.

Мемлекеттік Әнұранмен басталған сайыс ережеге сай үш кезеңнен тұрды. Колледж сарбаздары 3 топқа бөлініп, сәлемдесу, «АК-74» автоматын жартылай шашып жинау, әскери эстафета кезеңдері бойынша сынға түсті. Сайыс барысында қатарластарынан оқ бойы озық тұрып, әскери шеберлігі мен шапшаңдығын көрсете білген №21 оқу тобы І орынды жеңіп алса, ІІ орын №26 оқу тобына, ІІІ орын №27 оқу тобы студенттеріне бұйырды. Шара соңында жарыс жеңімпаздарына арнайы алғыс хат, диплом мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Расында, біз сөз еткен әскерге бару және бармау қазіргі таңда өзекті мәселе екені даусыз. Оны шешудің төте жолы – жас өренді қазірден рухани құндылықтарды білуге жетелеп, батыр бабаларымыздың жолымен жүруге баулу қажет. Өйткені, әскери өмірде шыңдалу адамға өмірлік тәлім-тәрбие, терең түсінік пен тағдырдың түрлі дауылдарына қарсы тұра алатын тәжірибе сыйлайды. «Отан отбасынан басталады» десек, қиындықтарға төзе білген әрбір сарбаз өз отбасы мен Отанын қорғай алады деп нық сеніммен айтуға болады. Елі мен жерінің қорғаны болу – ер жігіттің бақыты екенін естен шығармайық...
Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ