Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сап түзеп, әскерге аттанды

Сап түзеп, әскерге аттанды


Отан қорғаушы! Қандай қасиетті де құдіретті сөз. Бұл дегеніміз – батырлық пен табандылық, отансүйгіштік пен Отанға шексіз қызмет етудің нышаны. Қай дәуірде болсын, Отан қорғау әрбір Қазақстан азаматының қасиетті борышы болып келген. Өзін азаматпын деп санайтын кеудесінде ар-намысы, бойында жігері, жүрегінде оты бар әрбір жан үшін ең басты парыз, ең басты адами міндет – осы.
Әңгімеміздің әлқиссасынан-ақ тақырыптың аясы аян болған шығар баршаға. Иә, «Көкшоқы» мөлтек ауданында орналасқан «Тағзым» алаңында бірыңғай әскери формадағы жасөспірімдер мен аудан тұрғындары жиналды. Мақсат – жас сарбаздарды салтанатты түрде шығарып салу еді. Айта кету керек, биыл ауданымызда көктемгі шақыртылуымен 12 азамат әскерге шақырылған болса, күзгі әскерге шақыртуға 82 азаматты жөнелту жоспарлануда.
Сөзімізді әрі қарай сабақтасақ, аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жас­тар ресурстық орталығы» және «Береке жастар» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастырумен «Тағзым» алаңында «Отан қорғау – азаматтық борышымыз» тақырыбын арқау еткен патриоттық салтанатты шара өтті.
Шараны аудан әкімінің орынбасары Б.Жаниязов ашып беріп, мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды. Мұнан әрі әскерге аттанғалы тұрған сарбаздар Отан алдындағы азаматтық борышын абыроймен атқаруға дайын екендіктерінін жеткізді. Ата-аналар да өз тараптарынан ыстық-ықыластарын білдіріп, балаларына Отан алдындағы борыштарын амандықпен, абыроймен өткеруді тіледі. Ұйымдастырушылар болашақ сарбаздарға ақ жол тілеп, сый-сияпат жасады. Шара барысында патриоттық әндер шырқалып, сазды әуендер көңілдердің пернесін баса білді.

Әбіл АСАН.
06 қазан 2018 ж. 1 123 0