Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАЗАҚСТАНДА ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫНА ҚАТЫСТЫ ҚЫЗМЕТТЕР ЦИФРЛАНДЫРЫЛАДЫ

ҚАЗАҚСТАНДА ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫНА ҚАТЫСТЫ ҚЫЗМЕТТЕР ЦИФРЛАНДЫРЫЛАДЫ

Енді «Мемлекеттік жер кадастрынан ақпарат беру», «Жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнын анықтау», «МЖК ААЖ графикалық дерегімен жобаланып отырған жер учаскесін келісу», «Жер учаскесіне актілер дайындау және беру», «Жер учаскесінің сапалық жағдайы туралы ақпарат беру» сияқты мемлекеттік қызметтер egov.kz электронды үкімет порталы арқылы қолжетімді болады.
Қазіргі таңда барлық қажетті нормативтік-құқықтық акті тиісті мемлекеттік органдармен келісіліп, қызметтер egov.kz порталында тестілеуден өтіп жатыр. Нормативті актілер күшіне енгеннен кейін кез келген азамат бұл қызметтерді онлайн түрде сұрата алады.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы басқарма төрайымының орынбасары Мәди Садановтың айтуынша, жер қатынастарына байланысты қызметтерді алу қашанда қиындықтарымен ерекшеленіп келген. «Жер бойынша көрсетілетін қызметтердің көп бөлігі тек қағаз түрінде және қызмет алушының мемлекеттік корпорацияның фронт-офисіне тікелей баруымен ғана ұсынылды. Цифрлық технологиялар дәуірінде тұрғылықты жерге байланып, қызметтің нәтижесін бірнеше күн, тіпті бірнеше апта күту, әрине, орынсыз. Сондықтан біз жер қатынастары саласында ең көп сұранысқа ие қызметтердің көрсетілу мерзімін қайта қарастырып, барынша азайттық. Сонымен қатар egov.kz порталы арқылы алу мүмкіндігі оларды тұрғылықты жеріне қарамастан әлемнің кез келген жерінде отырып алуға жол ашады. Бастыталап – электрондықцифрлыққолтаңбаныңболуы», – дедіСаданов.
Мәселен, егер бұрын МЖК ААЖ графикалық мәліметтерімен жобаланатын жер учаскесін келісу мерзімі 15 күнтізбелік күн болса, қазір ол 7 жұмыс күніне дейін, ал жеке сәйкестендіру құжатын дайындау уақыты 6 жұмыс күнінен 4 күнге дейін қысқарды. Мемлекеттік жер кадастрынан ақпарат беру мерзімі 3 жұмыс күнінен 15 минутқа дейін қысқарды. Барлық бес қызмет бойынша да солай.
Айта кетейік, жаңа қызметтер egov.kz порталының «Жылжымайтын мүлік» бөліміндегі «Жер қатынастары» тармағында қолжетімді болады.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында бизнес-процестерді мүмкіндігінше цифрландыруды тапсырған болатын.
Биылғы жылдың 9 айында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының фронт-офистері арқылы жер учаскесіне 205 мыңнан астам акт, жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнын анықтау бойынша 17 мың қызмет, мемлекеттік жер кадастрынан 4 мыңға жуық ақпарат, жердің сапасы туралы жарты мыңға жуық ақпарат берілді. Сондай-ақ шамамен 52 мың жер учаскесі келісілді.



«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының баспасөз қызметі
15 қазан 2020 ж. 812 0