Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қайырымды істің басында кітапханашылар

Қайырымды істің басында кітапханашылар

Қазақ халқының ең жақсы қасиеттерінің төресі – жомарттық, қайырымдылығы, мұқтаж жандарға қиын сәтте көмек көрсетер дарқан мінезі. Жомарт болу – өзіңде барды шын зәру жанмен бөлісе білу. Адами қасиеттердің қадірлісі қайырымдылық болса, ал оны жасау үлкенін сыйлаған, қариясын қастерлеген, жетімін жылатпаған, кемтар жандарды ешкімнен кем көрмеген қазақ халқына тән екеніне ешкімнің де таласы болмас. Осындай игілікті істі мейірімді жүрегіне жақын көретін жандардың бірі – аудандық кітапхана басшысы Гүлдана Жақыпова.
Шиелі аудандық орталықтандырылған кітапхана ұжымы қайырымдылық жасаудан қашқан емес. Сауапты істің басы қасынан табылып жүретін олар қоғамдық жұмысқа да, түрлі іс-шаралар ұйымдастыруға да белсене ат салысады. Жылда ел жұртқа жария қылмай-ақ тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік, киім-кешек сынды қажеттіліктерді жеткізіп беруді дәстүрге айналдырған. Осындай сәттердің бірінде аудандық кітапхана басшысы Г.Көпболсынқызы мен кітапханашылар жалғызбасты ана Лаззат Асатуллаеваның шаңырағына барады. 4 баланың анасы өте қиын жағдайда отырғанын көріп, көңіл түкпірінде қайырымдылық жасауға деген бір сәуле пайда болады. Ұжым қызметкерлері де үнемі бұл отбасына қамқорлық көрсетіп жүреді. «Дегенмен басында баспанасы бар деген аты болмаса, терезесі қырық жамау, қыста жылынбайтын, сүрілуге жақын тұрған үйін көрген сайын көңіліміз жабырқап қайтамыз. Айлық табысымыз қолға түссе осы сынды отбасыларға азын-аулақ тамақ апарып беруді қалап тұратын болдық. Осы көрініс, көз алдымыздағы сәбилердің мұңлы жанары бәріміздің жүрегімізді қозғады. Содан ойлана келе кітапхана ұжымы бірлесіп 2 бөлмелі үй салып беруді қолға алдық» – деп, жүрек түкпіріндегі әңгімесін қозғады Г.Жақыпова.
Бүгінгі таңда 2 бөлмелі 4/10 көлемді пәтердің іргетасын құйып біткен. Алла қаласа биылғы жылы құрылысты аяқтап, бір шаңырақтың шаттығын тамашалауға тырысып жатырмыз деді кітапханашылар. «Жақсы іс жаныңды жадыратады» деп бекер айтылмаса керек. Сауапты істі қолға алған ұжым қызметкерлерінің жанары жанып тұр. Өзінің шаңырағына алып баратын қаржысының бір бөлігін мұқтаж жандарды қуантуға жұмсауды мақсат еткен олар бос уақыт бола қалса құрылыстың басынан табыла кетеді.
Адам ұрпағына қайырымдылықты жастайынан үйретіп, адам-гершілік қасиеттерге баулуға ұмтылады. Алайда мың құбылған дүниеде табысын біреумен бөліспек түгілі өз басын асырай алмай жүргендер де баршылық. Дегенмен, олардың терістеу тірлігінен гөрі, жақсылардың шарапаты өмірдің өзін әдемі көрсетеді. Жүрегінде иманы бар жұрт қолынан келгенше Алла алдындағы қасиетті парыздың бірін қайырым-дылық деп біледі.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бес нәрсенің қадірін біл. Олар: өлімнен алдын өмірдің, ауру келмей денсаулықтың, әурешіліктен бұрын бос уақыттың, зағиптықтан бұрын жастықтың, кембағалшылықтан бұрын байлықтың қадірін біл» деген. Аста-төк болмаса да азын-аулақ табысының өзін өзгелермен бөлісіп жүретін жаз дидарлы жандарды көргенде, жүрегің жібіп сала береді. Сауапты істің сан соқтырмайтынын білетін елдің бір бөлігі қолындағы барын осылай бөлісіп келеді. «Кең болсаң – кем болмайсың». Демек, пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.): «Жақсылық жасаңдар, қайырымды болыңдар!» деген сөзін ұмытпауымыз керек.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ

05 қазан 2020 ж. 430 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930