Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жақсы іске жиылған жарты миллион

Жақсы іске жиылған жарты миллион

Қайырымдылық – мұқтаж жандарға көрсетілер нақты көмек, ізгіліктің анық көрінісі, адамның асыл қасиеті. Кісінің айналасындағы адамдарға танылатын тамаша қыры да қаншалықты қайырымды екендігінен байқалады. Әлемді ұстап тұрған да сол.

Осы ретте, Алғабас ауылының жастары жерлестеріне осындай қиын-қыстау мезетте көмек қолын созу мақсатында 500 мың теңге жинаған. Қазақ халқы ежелден жомарттығымен танылған. Ұлтымыздың ұлы ұрпағы да ата дәстүрді жалғастырып, тұрмысы нашар отбасыларын, жетім-жесірді, талантты балаларды қорғап, қолдауды үрдіске айналдырып келеді. Соның бір айғағын алғабастық жастардың сауапты іске ұйысуынан көруге болады. Ерікті түрде қорға жиған жарты миллион қаржыны тұрмысы төмен, көпбалалы 21 отбасыға үлестірген. Яғни, ірі қара алып, ет және азық-түлік жеткізіп берген. Қазақ халқы «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп бекер айтпаса керек. Баршаңызға белгілі еліміздегі төтенше жағдайға байланысты көптеген жұмыс орындары тоқтап, табыс көзінен айырылған отбасында қиындықтар туындауда. Сындарлы шақта жетімін жылатпайтын, жесіріне қамқор болып, ана сүтін ардақтап, ата салтын салмақтай түскен қайырымды іс қазақтың бауырмал көңілін көрсетсе керек. Көптің алғысын арқалаған жастардың ісі көпке үлгі болсын деген мақсатта бізде бұқаралық ақпарат құралдарына жариялағанды жөн санадық.
Еңбекшіліктер де ерледі
Жарық дүниеге келген әрбір пенде тағдыр таразысымен тіршілік етеді. Бірі қолда бар дүниесін көппен бірге бөлісіп жесе, енді бірі жан бағу үшін ауыр жұмысты да еңсеріп кетуге әзір. Бастысы жүрек тазалығы мен ой тазалығын егіз ұстап, ел қамы үшін игілікті іске жұмыла кететін жомарт жанды азаматтардың қатары сиремесін деп тілейік. Жуырда ғана Еңбекші ауылдық округі әкімінің ұйымдастыруымен тұрмысы төмен 15 отбасыға көмек көрсетілді. Бұл сауапты істің артында шалғайда жүрген еңбекшілік азаматтар тұр.
«Киелі Шиелі топырағынан өсіп-өніп, Алматы, Астана қалаларында қызметте жүрген жерлестеріміз жетерлік. Бүгінгідей алапат дерттің салдарынан ауыл тұрғындарының көңілінде күмән орнап тұр. Қиын сәтте жерлестерімен жаны бір екенін жеткізіп, шалғайдағы жомарт азаматтарымыз қаржылай қолдау білдірді. Қайырымдылық қорына деп жинаған 250 мың қаржыға ұн, азық-түлік алып, 15 отбасыға тарқатып бердік. Жерлестерімізге тұрғындар атынан алғысымды білдіремін» – деді ауыл әкімі Бәйімбет Омаров.
Иә, «Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек» деп бекер жырламасақ керек-ті. Олар біріксе қоғамдық ой-сана мен дүние-танымдық өреге де, азаматтық деңгейге де ықпал етеді. Жиған малды ғана ойламай, иманды да ойлап, өз мүддесін ұлт мүддесі жолына бағыштағандықтан, дәулетін де жұртқа, пайдалы іске жұмсайды.

Г.Әбдіханиқызы
14 сәуір 2020 ж. 498 0