Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ – ҚАЙЫРЛЫ ІС

ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ – ҚАЙЫРЛЫ ІС

Дана халқымыз «ел басына күн туса,ерлер атқа салар ер» деген мақалды бекер айтпаса керек. бүгінгідей індет апшынды қуырып бара жатқан шақта, халыққа демеу білдіріп, мұқтаж жандарға көмек қолын созу нағыз елін сүйген қайырымды жандарға тән іс.
Дәл қазір ауданда коронавирус індетін жұқтырушылар саны күн сайын артып барады. Осыған орай жедел шаралар қабылданып, карантин енгізілді. Көптеген азаматтар уақытша жұмысынан босап, табысынан айырылды. Әрине, оларға мемлекет тарапынан көмек беріліп те жатыр. Дегенмен аудандағы бірнеше кәсіпкерлердің жомарттық танытып, қайырымдылыққа атсалысқаны еріксіз сүйсінтеді.
Мәселен Ш.Қодаманов ауылының бір топ түлектері бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ауылдағы 21 тұрмысы төмен отбасыға осындай қиын-қыстау шақта қол ұшын созды. Одан бөлек, аудан белсенділері мен кәсіпкер азаматтар да қайырымдылықтан қалыс қалып жатқан жоқ. «Шиелі тас» ЖШС басшысы Ермек Хасанаев пен «Су шаруашылығы» мекемесінің басшысы, аудандық мәслихат депутаты Абдулла Мақұлбеков ауруханада емделіп жатқан науқастар мен медицина қызметкерлерін азық-түлікпен қамтамасыз етуде. Сондай-ақ, «FLY» мейрамханасының иесі Владимир Тен де өңірді дезинфекциялау жұмыстарымен айналысып жүрген әскер сарбаздарына ас-суын ұсынуда.
Аудан аналары біріккен «Шиелі ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігі де қайырлы істен қалыс қалмақ емес.Аталған бірлестік «Ана сезімі» қоғамдық қорымен бірлесіп, аудан халқын осы бір келеңсіз жағдайда қаймықпай қарсы тұруға шақырды. Аудан белсенділері Найла Палымбет, Маржан Сәдуақасова,Құттықыз Ыханова, Салима Жұрманова, Гаухар Сүйінтаева, Нұргүл Сейдахметова, Мария Асуова, Анар Шаймерденовалар «Nur Otan» партиясы аудандық филиалымен бірігіп Ы.Жақаев және Алғабас ауылдарындағы отыздан аса аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға азық-түлік жеткізді. Әрине, бұл отбасылар да мемлекет тарапынан қолдау тауып отыр. Дегенмен ауылдас азаматтардың бір-біріне қолынан келгенінше көмек беруі нұр үстіне нұр болғаны сөзсіз. Біріксек, біз алмайтын қамал жоқ.

Г.СӘБИТҚЫЗЫ
11 сәуір 2020 ж. 851 0