ЖҰМЫЛА КӨТЕРГЕН ЖҮК ЖЕҢІЛ
Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына үндеу жолдаған болатын. Өз үндеуінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті еліміздің барлық азаматын төзімділік танытуға, мемлекет қабылдап жатқан шараларды қолдауға шақырды.
Осындай ел басына күн туған шақта көптеген кәсіпкер мен еңбек ұжымдары болып жатқан оқиғаларға бей-жай қарамай, қиын кезеңде елге қолдау білдіріп, әлеуметтік жауапкершілікті сезініп жатқаны қуантады. Алдағы уақытта да бұл оң үрдісті жалғастыру қажет деп санаймын.Әрине, мемлекет тұрғындарды азық-түлікпен және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етеді. Бірақ бұл істен қалтасы қалың қаржыгерлер де қалыс қалмауы керек. Елбасы халыққа үндеуінде кәсіпкерлерді жомарттық танытуға шақырды. «Кәсіпкерлерге де арнайы айтарым бар: сіздер тәуелсіздіктің арқасында өз істеріңізді қалыптастырып, аяқтарыңызға нық тұрдыңыздар, мол дәулетке кенелдіңіздер. Енді «Мен еліме не беремін?» дейтін кездеріңіз де келді. Осы орайда, менің өтінішім бойынша өз отандастарына қол ұшын беріп, қаржылай, заттай көмектесіп жатқан кәсіпкер азаматтар баршылық. Осы бір жарасымды үрдіс, игі іс одан әрі жалғасын табады деп сенемін. Ұрпақ пен дәстүр сабақтастығы болған жерде ғана игілік пен ізгілік қатар өркен жаяды. Осы қасиетті қағида әрбір қазақстандықтың жадынан, жүрегінен орын алуы керек» деп жазды Н.Назарбаев.
Дәл қазір аты жаман ауру апшыны қуырып барады. Індеттің ілмегіне ілінгендер күн сайын көбейіп жатыр. Кесел біздің елді де айналып өтпеді. Дегенмен тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда торықпаған ел – қазір де қаймықпауы қажет. Бізге керегі – жұдырықтай жұмылып, осы кеселге қарсы тұру. Ол үшін билік тарапынан қойылып жатқан шектеулерге түсіністік танытып, дәрігерлердің кеңесін екі етпеу керек.
Әзірге вирустың емі – тәртіп пен тазалық, бірлік пен сабырлық. Халқымыз осыны ұстанса, қауіпті кеселді сөзсіз ауыздықтаймыз. Қазір барлық мемлекет қиын жағдайда қалды. Елбасы осындай жауапты кезде – жұртты жауапсыз болмауға шақырды.
Ербол ЖЕҢСІКБАЕВ,
Шиелі аудандық мәслихатының депутаты