Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ел бірлігі – індетті еңсерудің кепілі

Ел бірлігі – індетті еңсерудің кепілі

Ел басына күн туған сәтте тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына үндеуін жолдады. Жаһандық пандемияға айналған тәжітажал сұрапыл цунами секілді алпауыт елдерді шыр айналдырды. Жер шарындағы 155-тен астам, оның ішінде қазақ елін де дауасыз дерт дендеп үлгерді. Ал онымен күресу үшін ұлт бірлігінің маңызы зор. Осындай қысылтаяң сәтте бір жеңнен бас, бір жеңнен қол шығарып, жомарт жандарды игілікті іс жасауға шақырған Елбасы «сын сағатында ортақ істен ешкімде шет қалмауға тиіс» деді. Яғни, «Мен бұл қиын кезеңде ел-жұртқа көмектескісі келетін және жәрдем бере алатын адамдардың қаражаты жинақталатын Республикалық қор құруды ұсынамын. Осындай жағдайда бұрынғыша отандық ірі кәсіпорындар да қол­дауын көрсетеді деп сенемін. Ондай қорларды әрбір облыс орталығында және республикалық маңызы бар қалаларда құру қажет» деп түсіндірді. Сонымен қатар жұқпалы дерттің ошағында жүрген дәрігерлер мен медбикелерді, құқық қорғау органдары мен әскери қызметкерлердің ерлігін атап өтті.
   Қазақ елінің тарих парағын кері ақтарар болсақ бұған дейін де небір зұлматты жылдарды басынан өткерді. Сонда да сабырлы қалпынан айнымады. Дәл қазіргі сәтте де сол ауызбіршілікті сақтай отырып, үнемшілдікке бейімделсек кесепатты кеселден де аман есен өтетінімізге сенемін. Сондықтан Елбасы айтқандай төзімділік танытып, мемлекет қабылдап жатқан шараларға қолдау танытуға асығуымыз керек. Ал ұлыстың ұлы күні Әз-Наурыз қазақ еліне қашанда жайма-шуақ күндерді алып келеді. Халқымыз ауру-сырқаудан аман, бейбіт заман болсын!

Болат Сыздық,
Шиелі аудандық мәслихат хатшысы
20 наурыз 2020 ж. 646 0