Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлтты ұйыстыру маңызды

Ұлтты ұйыстыру маңызды


Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Қазақстан халқына Үндеуін жариялады. Алдымен елге қауіп төндіріп тұрған коронавирус дерті жайлы сөз қозғады. «Біз қазір «дүлей дауыл» деп сипаттауға болатын үлкен қауіп-қатер алдында тұрмыз» деген Елбасы бүкіл әлемде орын алып жатқан өзгерістер бізді айналып өтіп ктпейтінін ескертті.
Шынымен де осыдан отыз жыл бұрын алғаш Тәуелсіздік алған 90 жылдардағы ел ішіндегі ахуал қайталанып жатқандай сезіледі. Ол кезде де тауардың тапшылығына, жұмыссыздыққа, ешбір қиындыққа қарамастан еліміз еңсесін түсірмей, алға қарай ұмтылған болатын. Дәл қазіргі уақытта да бізге сол кездегідей бірлік пен береке қажет. Қазір шүкір, жаһандық технология дамыған, ақпараттың заманы. Ел болып біріксек, қазақ халқы алмайтын қамал жоқ деп білемін.
Үндеуінде «Мен ұлтты ұйыстырудың, бір­лік пен қоғамдағы келісімнің ма­ңыз­дылығын үнемі айтып келе­мін. Тұтастығымызды тағы бір рет дәлелдейтін күн туды. Еліміздің барлық азаматтарын төзімділік танытуға, мемлекет қабылдап жатқан шараларды қолдауға шақырамын. Бірлік барда алынбайтын асу жоқ» деген Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқын алда келе жатқан Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен құттықтады.
«Келе жатқан Наурыз мейрамы – біздің бірлігіміздің нышаны. Шуақты мереке қарсаңында әрбір шаңыраққа шаттық пен игілік тілеймін! Барлық ауыртпалық бізді айналып өткей. Қазақстан бұл қиындықты да еңсеріп, дамудың жаңа кезеңіне аяқ басады деп нық сенемін. Біз біргеміз!» деді Елбасы. Иә, қазақ қашанда, қандай жағдай болмасын елдің іргесін сөкпей, ұлтының ауызбіршілігін сақтап қалған ел. Солай бола береді де.

Өркен ИСМАИЛ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ардагер
20 наурыз 2020 ж. 828 0