Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Құрылыс сапасы партия бақылауында

Құрылыс сапасы партия бақылауында

Биыл Шиелі ауданында біршама мектептер мен балабақшаларда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, кенттегі №48 Ә.Қоңыратбаев атындағы орта мектеп, №1 Аққайың бөбекжай-бақша КМҚК ғимараты, Иіркөл ауылдық округінің Ы.Жақаев ауыл­ында орналасқан «Балдырған» бөбектер бақшасының жұмыс барысын бақылаған болатынбыз. Сәрсенбінің сәтті күнінде «Nur Otan» партиясы Шиелі аудандық филиалы Партия бақылау комиссиясы аталған нысандарды аралап шықты.
Комиссия құрамында аудандық мәслихат депутаты, жеке кәсіпкер Айткүл Әбдіқадырова, кәсіпкер Мәден Әлжанов және аймақтағы белсенді БАҚ өкілдері болды. Комиссия мүшелері әуелі кенттегі №1 Аққайың бөбекжай-бақшасының жөндеу жұмысын назарға алды. Бақша меңгерушісі Гүлжан Ысқақова «Шаң басып жатқан ескі ғимарат күрделі жөндеуден өтіп, жаңарып қалдық. Балалардың жағдайын ескеріп, әжетхана, ойын алаңдары, әрбір ұсақ-түйек жұмыстарына дейін басы қасында жүріп қадағалаудамын. Бізге сапалы жұмыс қажет. Біз үшін бүлдіршіндердің таза, жайлы, заманауи орында өсіп-өнгені маңызды» дейді. Расында бізге сақалды құрылыс емес, сапалы жұмыс қажет. Аталған бақшаның жөндеу жұмысын «Сапақ» ӨК қолға алған болатын. Құрылысшы компаниялармен келісілгендей, «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында жұмысқа тартылатын жұмысшылардың 50 проценті жергілікті жердің азаматтары болуы шарт. Миллиондаған қаржы бөлінген бөбекжай-бақшаның жөндеу жұмысына жергілікті 14 адам жұмысқа тартылған. Құрылыстың көркемдігіне, балалардың жас ерекшелігіне қарай түрлентіп жұмыс істеуіне баса мән берген меңгеруші Г.Жұманқызы мердігер компанияның жұмысына ризашылығын білдірді.

Келесі нысан Шиелі кенті Тоқтаров, Бекежанов, Қоңыратбаев, Аймауытов, Әл-Фараби көшелерінде орнатылып жатқан жаяу жүргіншілер жолы болды. «АҚ-ЮГ құрылыс» ЖШС қолға алған жұмыстың қарқыны жақсы. Талапқа сай жұмыс істеп жатқан Нұржан ­Мырзахметов жергілікті 5 адамды жұмыспен қамтып отыр. Ол Бекежанов көшесі тұрғындарының талап-тілектерін ескере отырып, каналдан өтетін 6 метрлік көпір салуды да қолға алғанын тілге тиек етті. Бұл күндері жол мәселесі сын көтермей тұрғаны мағлұм. Сондықтан жол салу жұмыстарын соңына дейін қатаң бақылауда ұстау назардан тыс қалмағаны абзал.
Биыл жаңа оқу жылы әр жерде әрқалай басталғаны мәлім. Интернетсіз шалғай ауылдар мектеп қабырғасында білім алса, кентте орналасқан мектептер әлі қашықтан білім беруде. Осы сәт әзірге құрылыстың сапасын арттыруға таптырмай тұр.
Бала болашағына қатысты мәселенің барлығы да басты назарда тұрады. Бұл жолғы нысанда №48 Ә.Қоңыратбаев атындағы орта мектеп. Директоры Гүлмира Бектегенова күрделі жөндеуден өткен мектептің еңсесі қайта көтерілгеніне қуанышты. Білім ордасының кем-кетігі түзеліп, жаңарып қалғандай. Рет-ретімен соғылған ғимараттың жөндеу жұмысы соңына таяған. Тек сүртіп-тазалау, қайта ретке келтіру сынды жұмыстар қалғанын тілге тиек етті. Ал ол үшін аудандық жұмыспен қамту бөлімімен келісе отырып 21 адамды жұмысқа тартқан.
Соңғы нысан Иіркөл ауылдық округіне қарасты Ы.Жақаев ауылындағы «Балдырған» бөбекжай бақшасы болды. Мұндағы жұмыстың қарқыны баяу. «Нұр-Талап и К» ЖШС-нің бригадирі Батырбек Есенгелиев жергілікті жұмысшылардың жауапсыздығынан жұмыс алға жүрмей тұрғанын жеткізді. Ол «Тәжірибелі мамандар жұмыс жасағанымен жұмысшы қолдың аздығы уақытымызды ұзартып жібереді ма деп қорқамын. Өйткені «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 50 процент жергілікті адамдарды жұмыспен қамту шартта бар. Дегенмен уақытылы жұмысқа келмеу, тәжірибенің жоқтығы, белгіленген уақытпен жұмыс істеуге кедергі болуда» деп тарқатты мәселені. Бұл ойды бақша меңгерушісі Ләззат Парманқұлова да қуаттап отыр. «Аталған мердігер компания сметалық құжатқа енбеген асхана шатырын т.б бірнеше орынды жөндеуден өткізіп беруге келісім берді. Бастысы құрылысшылармен ымраға келіп, сапалы жұмыс істеуге тырысып жатырмыз» дейді бақша меңгерушісі Л.Парманқұлова.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ

07 қыркүйек 2020 ж. 863 0