Мәслихаттар сайлауы
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бүгінгі көшет – ертеңгі келбет

Бүгінгі көшет – ертеңгі келбет

«Бір тал кессең, он тал ек». Халқымыздың ғасырлар сүзгісінен өткен осы бір тәмсілі табиғатқа деген құрметтің, жерге деген жанашырлықтың терең мәнін аңғартады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та «Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілік өз үйіңнен, өз ауылың мен қалаңнан бастау алады», – деп, қоршаған ортаны қорғау әр азаматтың азаматтық парызы екенін атап өткен болатын.
Шындығында, туған жерге деген сүйіспеншілік құрғақ сөздің тасасында қалмай, нақты іспен өлшенсе құба-құп. Өйткені, бір күндік сенбілікке қатысып, кезекті науқанда тал егумен іс бітпейді. Ол – егілген талды суару, өскінге күтім жасау, көшеге қоқыс тас­тамау, айналаңды таза ұстау қажет. Осы орайда Шиелі ауданында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық жобасы аясында «Болашақ үшін ағаш отырғызайық» акциясы өтті. Игі бастамаға аудан әкімі Айтбай Жандарбеков қатысып, зиялы қауым өкілдері, өндіріс мекемелерінің қызметкерлері, жастар, ардагерлер мен аудан тұрғындары ортақ іске жұмылды. Акция барысында Исатай Әбдікәрімов көшесінің бойына 1200 түп ағаш көшеті отырғызылды.
Аудан басшысы сенбілік барысында табиғатты қорғау мен қоршаған ортаның тазалығын сақтау әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтіп, мұндай бастамалардың маңыздылығына тоқталды.
– Біз бүгін 1200 түп көшетті көрсеткіш үшін отырғызған жоқпыз. Оның әрқайсысы ертеңгі күннің көлеңкесі, келешек ұрпақтың тынысы, туған жердің ажарына қосылған үлес. Бүгін топыраққа тамыр тартқан талдардың саясында ертең балалар ойнап, қариялар тынығып, ауданның көркі ажарлана түсері анық. Ендеше, бүгінгі еңбектің шынайы бағасы – оның қаншасының тамыр жайып, саялы бәйтерекке айналғанымен өлшенбек.
Сондықтан барша аудан тұрғындары тазалыққа бей-жай қарамай, егілген әрбір көшеттің көктеуіне күш салуы керек, – деді аудан әкімі.
Расында, экологиялық жауапкершілікті тек коммуналдық мекемелердің немесе арнайы қызметтердің мойнына артып қою – қате түсінік. Әрбір тұрғын өзі өмір сүріп отырған ортаның тазалығына енжарлық танытпаса ғана елді мекеннің келбеті өзгереді.

ЖАСЫЛ ЖЕЛЕК – ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫСТЫҢ ЖЕМІСІ
«Таза Қазақстан» – қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған ауқымды қозғалыс. Шиелі ауданында да бұл бастама аясында тазалық, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Естеріңізде болса VIII шақырылған Шиелі аудандық мәслихатының кезекті 43-сессиясында биыл 14 245 түп ағаш көшетін отырғызу жоспарланған болатын.
Жыл басынан бері көгалдандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, Наурызнама онкүндігі кезінде «Руханият» орталығы маңына 200-ге жуық көшет егілді. Ал 23 наурызда «Оқшы ата» мазараты аумағында өткен экологиялық акция кезінде 3000-нан астам көшет отырғызылып, аудан тұрғындары туған жердің көркеюіне үлес қосты. Сондай-ақ сәуір айында ұйымдастырылған «Тағзым орны таза болсын, рух пен тазалық – бір ұғым» акциясы аясында аудан аумағындағы қорымдар мен зираттар тазартылып, абаттандыру жұмыстарына 2 мыңға жуық адам жұмылдырылды. Маусым айында өндіріс орындарының қатысуымен өткен сенбілікке 2600 адам мен 20 арнайы техника тартылып, 41 тоннаға жуық тұрмыстық және қатты қалдық шығарылды. Бұдан бөлек, ауданның әрбір елді мекенінде сенбілік жұмыстары ұйымдастырылып, көшелер мен саябақтар тазартылып, ағаш түптері әктеліп, қоғамдық орындар ретке келтірілуде. Аудан тұрғындары да көше ­бойын гүлдендіріп, өз ауласын абаттандыруға дағдыланып келеді.
Мемлекет басшысы «Тазалық ішкі мәдениеттің өлшемі» деп бекер айтқан жоқ. Айналасына жанашырлықпен қарайтын адам табиғатқа да, қоғамға да жауапкершілікпен қарайды. Сондықтан «Таза Қазақстан» бастамасының басты мақсаты – әр адамның санасына тазалықты тұрақты дағды ретінде орнықтыру екенін ұмытпайық. Шиелінің шырайын кіргізетін де, келешекке көрікті мекен етіп қалдыратын да – бүгінгі ортақ еңбек. Ендеше, Исатай Әбдікәрімов көшесіне егілген 1200 көшет ертең тамырын тереңге жайған саялы ағашқа айналсын десек, оған бүгіннен бастап жауапкершілікпен қарауымыз қажет.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
17 қараша 2026 ж. 19 0