Шиеліде covid-19-дан соңғы науқас жазылып шықты

Иә, қашанда алғы шептен көрініп, ауруға араша боп жүретін ақ халатты абзал жандардың еңбегі ерек. Қанша жерден шаршап, шалдықса да, жеке басының күйін күйттемей, халық деп зыр жүгіріп жүрген жандарға артылар жүк те, жауапкершілік те жоғары. Олар да өз кезегінде уақытпен санаспай, аянбай тер төгіп, сенім үдесінен шығып келеді. Дәрігерлердің ерен еңбегін бағалап, соңғы жазылып шыққан жан да алғысын айтып, батасын берді. Шиелі ауданаралық ауруханасының бас дәрігері Нұрлан Әмір де дерттен айыққан жанды гүл шоқтарымен шығарып салып, деніне саулық тіледі. Сондай-ақ Н.Әмірдің айтуынша, аталған дертпен ауырған жандар Шиелі ауданаралық ауруханасының ескі ғимаратына жатқызылған. Онда 70-ке жуық медицина қызметкерлері жұмылдырылып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жұмыс істеген. Covid-19 жұқпасына күдіктілер осы жылдың 31 наурызынан бастап анықтала бастағанын тілге тиек етті. Жаман ауруға іліккен жандар қажетті ем-дом шараларын көрген.
Халқымыз "Сақтансаң сақтаймын" деген сөздің мән-мағынасын енді түсінген сыңайлы. Сондықтан бейғамдықты, аңғалдықты қойып, орны толмас өкініш орын алмас үшін, барлық сақтық шараларын орындаған дұрыс. Еліміз бұл дерттен түбегейлі құтылып, тезірек қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман келсін депе тілейік.
Фариза КЕНЖЕШОВА