Ауасы бар, демсіз әлем
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді қазақ. Әрине, бір сәтте атанды да жығатын ауруға атойлап қарсы шыға алмауымыз мүмкін. Себебі бұл індетпен біз ғана емес, күллі әлем қалай күресерін білмей дағдарып отыр. Тіпті кейбір өңірлерде жасанды тыныс алу аппараттары жеткіліксіз екені байқалған. Содан болса керек, тынысы тарылған науқастардың туыстары одан сайын үрейленіп, жанын шүберекке түйіп отыр.
Ұлтымыздың басына түскен нәубет аз емес пе? Ғасырларға жалғасқан алашапқын жаугершілік, азаматтық соғыс, ашаршылық, репрессия. Қандай қайғы келсе де қазақ елі қиналып отырған көршісін жалғыз қалдырмаған. Әсіресе, халықты қынадай қырған ашаршылық уақытында өзге ұлт өкілдерін де құшақ жая қарсы алып, бір үзім нанын болса да табыс еткен. Бұл қазақ елінің қолы ашық, көңілі мәрт, жүрегі кең екенін білдірсе керек-ті. Иә, қазір жаңа ғасыр, жаңа өмір. Жаһандану деп жар салған уақыт халқымыздың бойына сіңген талай мінезді жоғалтып жіберді, ұлтымыз кейбір салт-дәстүрінен де айырылды. Десек те сан жылдар бойы қазақ елінің өн бойынан өшпей келе жатқан мінез қайырымдылық жасау десек қателеспейтін шығармыз, сірә! Солай екенін де көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүр. Қандай жағдай орын алмасын көпшілік бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып ауырғанға да, тарыққанға да, қаржыдан қамыққанға да көмек көрсетуде. Тіпті жанына жақындағанды жалмайтын жаман ауруға қарамастан еріктілер ғана емес, қарапайым тұрғындар да өз үлесін қосуда.

Көптің көкейінде коронавирус індетінің алғаш белең алуы әлі күнге дейін сайрап тұрған шығар? Бұл сәтте үрейленіп, қорыққан жұрт жапа-тармағай медициналық бетперде алып, жан сауғалап еді. Нәтижесінде ірі қалаларда ғана емес, шағын аудандарда да, оның ішінде Шиелі өңірінде де бетперде тапшылығы сезілді. Иә, коронавирус індеті – жалғыз адамның емес, дүйім елдің басына түскен сынақ. Мұндай сәтте әрқайсысы қара басының қамын күйттесе де, ешкім ренжімейтін еді. Бірақ қартайғанда жалғыздың ащы дәмін татқан ата-әжелердің бір ғана бетперде алуға ақшасы жетпейтін тұрмысы төмен отбасылардың, айлығы шайлығынан артылмайтын көпбалалы жанұяларды да естен шығармау керек. Егер әркім өз қара басының қамын ойласа, көмекке зәру жандардың жан-айқайын кім еститін еді? Міне, осындайда еріктілер алдыңғы шептен табылды. Аудан тұрғындарына тегін бетперде үлестіріп, тіпті тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік таратты. Індет дендеген уақытта өз бастарын қатерге тігіп, көше жағалап өзгенің саулығын қамтамасыз етті. Мұндай игі шаралар Қазақстанның түкпір-түкпірінде жалғасты.
Коронавирус індетінің бірінші толқынында осылайша бетперде жетіспесе, екінші толқынында дәрі-дәрмектер мен жасанды тыныс алу аппараттары тапшы болды. Әдеттегідей «өзінің шапанын өзгеге жапқысы келетін» қайырымды жандар қол қусырып отырмады. Мәселен, «Мағжан и К» шаруа қожалығының басшысы Мағжан Ералиев 1 млн 100 мың теңге бөліп, 700 дана толтырылған оттегі баллондарымен және арнайы 50 дана қорғаныш киімдерімен, көлікпен қамтамасыз етуде. Бұдан бөлек «Ақтөбе и К» қожалығының басшысы Н.Іздібаев 700 дана, жеке кәсіпкер Н.Байжігітов 50 дана тегін оттегімен, облыстық мәслихат депутаты Расул Есенов оттегі баллондарын толтыруға 1 млн теңге қаржылай көмек бөлді. Осылардың қатарында «Өмірзақ» ЖШС компаниясы, «Ел Арай» ҚБ басшысы, «Абай-Дәулет» шаруашылығының басшысы да бар. Міне, жылы жүрек, жомарт қол кәсіпкерлердің арқасында қаншама науқастың үміт оты қайта маздады. Қызылордалық кәсіпкерлер осылайша жұмылған жұдырықтай әрекет етіп жатқанда елге белгілі тұлғалар да қарап қалмады. Әсіресе, айтыскер-ақын Айнұр Тұрсынбаеваның ел игілігі үшін жасап жатқан қайырымдылығын айтпай кетуге болмас.
Ол «Айдың нұры» қайырымдылық қоры атынан 1 миллион, өз атынан 1 миллион теңге бөліп, Қазақстанға жеткіліксіз дәрі-дәрмектерді Түркиядан жеткізуді қолға алды. Сондай-ақ бұл игі шараға барлық қазақстандықтарды шақырған еді. Оны жан-жақтан қолдаған халық бірнеше күннің ішінде 1000 аппараттың ақшасын жинады. «Көп түкірсе көл» дегендей бірігіп жасаған қайырымдылықтың арқасында төсекке таңылып, өмір мен өлімнің арасында жатқан науқастарға оттегі аппараты жеткізілетін болды.
Әлеуметтік желі яки телеарналардан болсын «Оттегі аппараты жетіспейді» деген хабарды жиі еститін болдық. Өйткені бұл белгілі бір аймаққа ғана емес, тұтас Қазақстанға төнген мәселе. Осы орайда Шиелі аудандық ауруханасында оттегі аппараты жеткілікті ме деген сауалдың жауабын білу мақсатында ауруханаға хабарласқан едік, бізге аурухана басшысының орынбасары Гүлмира Құрбанғалиева жауап берді. Дәрігер маманның айтуынша, қазіргі таңда ауруханада 70 оттегі балон бар, оның 50-і кәсіпкерлерден және басқа да белді азаматтардан уақытша сұрап алынған. Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігіне 100 оттегі балон жеткізу туралы сұраныс хат жіберілген. Демек Шиелі ауданында да оттегі балоны жеткіліксіз. Әлгінде көптің қошеметіне бөленіп,осындай қысылтаяң уақытта қол ұшын созған жандарды тізбектеп едік. Енді қайырымдылық акциясын ұйымдастырып, дерт дендеген науқастарға Шиелі ауданының атымтай жомарт азаматтары да көмектесетін шығар деген үміттеміз. Иә, дәл қазіргі сәтте лайықты қарекетке көшуіміз керек. Адам өміріне араша түсетін қат та қымбат медициналық аппаратты сатып алуға қаржысы үстемдер яки кәсіпкерлер мен еріктілер біркісідей жұмылса екен. Еліміздің ауызбіршілігі мен татулығының арқасында бұл індетті де ауыздықтаймыз деген сенімдеміз.
Маржан БОЛАТҚЫЗЫ