Біріксек бәрін жеңеміз
«Егер денің сау болса оны сақтамақ керек. Ал егер сау болмаса, сауықтыру керек» деп Әбу Насыр әл-Фараби тәмсілдейді. Қазір күллі алаштықтар үшін осы екеуі де маңызды. Себебі қазір ортамыз күн сайын селдіріп, азайып барады. Күніге еститін жағымсыз хабар үрейімізді ұшыруда.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы пандемия құрбандарын еске алу үшін Ұлттық аза тұту күнін жариялады. Бұл елдің басына түскен жүрекпен көтеретін әрі салмақты кезең. Ел Президенті халыққа арнаған телеүндеу кезінде әр азаматтың қазасы жүрегіне бататынын айтып, «әр қазақ менің жалғызым» деген рухты сөзді тілге тиек етті. Арамыздан жақындарымызды әкетіп жатқан індетке қарсы күрестің жалғаса беретінін жеткізіп, еліміздің денсаулық саласы пандемияға дайын болмағанын бүкпесіз айтты.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы пандемияның қашан аяқталатынын болжау мүмкін еместігін жария етті. Яғни бұл індеттің қашан жеңілетіні әзірге мүлде беймәлім. Сондықтан одан сақтану жолдарын баршамыз күнделікті өмір салтына айналдыруымыз керек. Індетпен күрестің нәтижелі болуы барша жұрттың саналы әрекеті мен жауапкершілігіне байланысты екені сөзсіз. Мемлекет басшысы айтқандай, енді бүкіл күш-жігерімізді жинап, індетпен күресе беруіміз керек.
«Сабыр түбі сары алтын» деген бабалардан қалған керемет сөз бар. Түннің артынан күн шығатынын, күн жаманы кететінін көз көргендер айтып-ақ кеткен. Сол үшін осы бір сөздерді ұдайы есте сақтап, жақсылақтан күдер үзбелік.
Болат Сыздықов, Шиелі аудандық мәслихат хатшысы