Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Уақыт – адам өмірінің өлшемі

Уақыт – адам өмірінің өлшемі

Ұлы Абайды данышпан деп даралап, ұлттың ұстазына айналдырып алғанымыз бекер емес-ау. Қай сала, қандай тақырып болсын хәкімнің қамтымай кеткен тұсын таба қою да қиын секілді. «Біреудің кісісі өлсе қаралы – ол, қаза көрген жүрегі жаралы – ол». Ақынның осы өлең жолдары бүгінімізді сипаттап тұрғандай. Себебі елімізде індеттің өршігені соншалықты күн сайын жүрекке тиер қайғылы хабар еститін болдық. Айта кету керек, «Covid-19» инфекциясымен қатар өкпені қатар қысатын қырсық тұмау да қаншама жанды қармағына іліндіруде.
Өткен аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Үндеу жариялап, еліміздегі жағдайдың оңай болмай тұрғанын жеткізді. Және әр азаматтың қазасы жүрегіне қатты бататынын, алапат індеттің арамыздан талай асылдарымызды жұлып әкетіп жатқанына қайғыратынын айтып, қара жамылған отбасыларына көңіл білдірді. Осыған орай 13 шілдені «Ұлттық аза тұту күні» деп белгіледі. Президент бұл індетті жуық арада жеңе қоймайтынымызды алға тартты. Алайда уайым мен қайғыға салынып, еңсені түсіруге болмайды.
Иә, қазақта «От ішінде мақтаны сақтайды» деген сөз бар. Ұлтымыздың басына түскен нәубет көп. Олар ғасырларға ұласқан алашапқын жаугершілік, азаматтық соғыс, ашаршылық, репрессия, Екінші дүниежүзілік соғыс деп тізбектеле береді. Осының бәрінде бабаларымыздың сағы сынбады. Талай от кешулерден, тайғақ жолдардан өтті. Күресті. Еңсерді.
Жасыратыны жоқ, оның бәрі құрбандықсыз болмады. «Жазмыштан озмыш жоқ» десек те, халықтың жартысынан астамына дейін қырылған қасіретті жылдардың қанды, қайғылы жасы тарих парақтарына талай тамды. Егер осы жас­тан әр адамның өмірін жеке көрер болсақ, шын мәнінде аза бойың қаза болады. Сол себепті мына әлемді жайлаған жойқын індетті де жеңуге тиіспіз. «Үміт өрге тартады, үмітсіздік көрге тартады» деген бар. Бос үрейге салынып, ыға бермей, лайықты қарекетке көшу керек. Қазір індеттің алдын алуға байланысты қажетті жұмыстар жасалуда. Мәселен, мемлекет бастап, кәсіпкерлер қоштап, адам өміріне араша түсетін медициналық аппараттарды сатып алуға біркісідей жұмылып жатыр.
«Кемедегінің жаны бір» деген, еліміз ғана емес, жер-жаһан бұл індетке тосқауыл қоя алмай отыр. Әрине, бірең-саран елдер коронавирусты жеңіп шыққанын жариялап, емханадан емделіп шыққан ең соңғы пациентіне ілтипат көрсетіп жатыр. Бірақ аузы-басыңызды қанша қымтасаңызда бір мәрте тыныстау керек. Әсіресе, мынадай шіліңгір шілдеде тұмшаланып жүре де алмаймыз. Алыс-беріссіз өмір сүре алмайтын интеграциялық кеңістікте шекаралық кеденнен қандай кедергі қойсаңыз да, көзге көрінбейтін індет өтіп кеткенде кімге кінә артарыңызды да білмейсіз. Бәлки, «Жазым болса, быламыққа да тіс сынады» деген осы шығар. Десе де қол қусырып отырудың қажеті шамалы. Осы бір оймен бойды бекітсек, әлі-ақ барлық ауыртпалықты жеңіп шығарымыз анық.
Президент айтқандай, отандық медицина бұл сынаққа төтеп бере алмады. Тиісінше, Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты орындардағы тұлғаларына сын айтылды, қызметтерінен шеттетілді. Бұл қалыптасқан денсаулық сақтау жүйесінің кемшіліктерін тайға таңба басқандай көрсетіп берді. Иә, кемшілік түзелер, кінәлілер жазаланар. Қазіргі міндет – әр уақытты тиімді пайдаланып, барынша қол ұшын созуға жұмылу. Өйткені, уақыт – адам өмірінің өлшемі.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
14 шілде 2020 ж. 751 0