Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлттық аза тұту күні: біз күресуді тоқтатпаймыз

Ұлттық аза тұту күні: біз күресуді тоқтатпаймыз

Бұл өмірдің бұлтарыс-қалтарысы, ой-шұңқыры мен құз-жартасы көп екенін бәріміз білеміз. Білгендіктен шығар, болған іске болаттай берік болуға тырысамыз. «Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол. Қаза көрген жүрегі жаралы ол» деп хәкім Абай айтқандай, қанша жерден жүрегіміз қақ айырылатындай болса да, тағдырдың жазмышына амал жоқ көнеміз. Әсіресе, биылғы 2020 жыл қазақ елі үшін оңай соқпады. иә күллі әлемге тышқан жылы тосын жаңалығымен келді. Естеріңізде болса, Қазақстанда коронавирус инфекция­сы алғашқы рет 13 наурызда тіркелген еді. Ал 26 наурызда елімізде індеттен болған бірінші өлім тіркелді. Содан бері елімізде таңмен таласа жүрегімізді зырқ ететін жаңалық еститін болдық. Әсіресе, соңғы айда аты жаман ауру арамыздан білікті дәрігерді де, өнер иелерін де, лауазымды қызметкерлерді де алып кетті. Осыған орай халыққа үндеу жасаған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 13 шілдені Ұлттық аза тұту күні деп жариялады. «Әр қазақ – менің жалғызым» дегендей әр азаматымыздың қазасы менің жүрегіме қатты батады. Мынау алапат індет арамыздан талай асылдарымызды жұлып әкетуде. Бүгінде қара жамылып отырған азаматтардың қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Сол үшін 13 шілдені – Ұлттық аза тұту күні деп жариялаймын. Бірақ біздің күресіміз жалғаса береді» деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев өз үндеуінде. Аза тұту күні шиелі ауданында да атаусыз қалмады. Аудандағы барлық мекемелердегі мемлекеттік көк ту төмен түсіріліп, әр мекеме қызметкерлері «covid» құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алып, құрмет көрсетті. Сонымен қатар, орталық мешітте өмірден қайтқан жандарға құраннан дұға бағышталды.
Жалпы азалы күн қайғылы оқиға салдарынан кісі өлімі көп тіркелген көп жағдайда орын алады. Оны Мемлекет басшысы белгілеп, мәлімдейді. Әрине, бұл күннің алдын-ала белгілеп қойған бір уақыты жоқ, ол оқиға кезінде қабылданады. Аза тұту күнінде мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, шекаралық дипломатиялық мекемелердің ғимараттарындағы Мемлекеттік ту төмен түсіріледі. Көңіл көтеретін шаралар мен телебағдарламалар тоқтатылады. Қазақстан стратегиялық зерттеулер­ институтының бөлім басшысы Алуа Жолдыбалиннің айтуынша, бұған дейін 4 сәуірде Қытайда, 22 мамырдан бастап 3 күнге АҚШ-та, 27 мамырдан бастап 10 күнге Испанияда аза тұту күні белгіленген. Өйткені, осы мемлекеттерде аталған аурудан едәуір адам қайтыс болған. Ал Қазақстанда тәуелсіздік алғаннан бастап, яғни 1991 жылдан бері тоғызыншы рет қаралы күн жария­ланып отыр. Бұл күндердің барлығында әрбір қазақстандық қапыда қаза болған жерлестерін бір минут үнсіздікпен еске алады.
2006 жылдың 22 қыркүйегі. Бұл дата Қазақстан тарихында алғашқы аза тұту күні деп жазылды. Себебі осы күні 41 адам бір мезгілде қара жердің қойнауына аттанды. 20 қыркүйекте Қарағанды облысының Шахтинск қаласындағы Ленин атындағы шахтада техноген апаты болған еді. Метанның жарылуы 41 кеншіні ажал құштырып қана қоймай, жеті жұмысшыға ауыр зардап тигізген.
Осыдан кейін араға екі жыл салып Қазақстан тағы да қаралы күннің қамытын киді. Бұл жолғы азалы күнге де шахта жарылысы себепкер. 2008 жылдың қаңтар айында «Абай» шахтасы жарылып, жарылыстан кейін Лавада өрт шықты. Қайғылы оқиға кезінде 30 адам қайтыс болып, 161 шахтер құтқарылды. Ал 14 адам түрлі дәрежедегі күйік алып, ауруханаға жатқызылды. Осының салдарынан 2008 жылдың 14-16 қаңтар айында үш күн аза тұту күні болып жарияланды.
2010 жылдың 16 наурызы да қаралы күн ретінде тарих қойнауында қалды. Бұл күнгі аза тұту Қызылағаштағы су тасқынынан қаза болған жандарға арналды. Дәлірек айтар болсақ, наурыздың 11-нен 12-не қараған түні Алматы облысының Қызылағаш ауылында су тасқыны орын алды. Бұл – Қазақстан тарихындағы ең жойқын су тасқындарының бірі. Табиғат апатынан 43 адам көз жұмды, оның ішінде 8 бала бар. 300 адам түрлі жарақат алып, 1000-ға жуық тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Сондай-ақ 146 үй бұзылып, 251 үй қирап, 42 үй зақымдалды.
Арқанкергендегі қанды оқиғаның салдарынан Қазақ елі үшін 2012 жылдың 5 мау­сымы азалы күн деп белгіленген еді. Аты аталған шекара қызметінде 14 шекарашы мен қорықшы қаза тапқан болатын. Қылмыстың жасалуына жалғыз тірі қалған сарбаз – Челах Владислав кінәлі деп танылды. Ол өмір бойына бас бостандығынан айырылды.
2012 жылдың 25 желтоқсанында Шымкент маңында Ан-72 әскери ұшағы апатқа ұшырағанын бірі білсе, бірі білмес. Бірақ осынау апатқа байланысты да елімізде азалы күн жарияланған еді. Өйткені ұшақ апаты салдарынан 27 адам қайтыс болды. Әуе апатынан ажал құшқандарды бір минут үнсіздікпен еске алу үшін 27 желтоқсан азалы күн деп жарияланды.
Осыдан төрт жылдан кейін Қазақстанда жетінші рет аза тұту күні белгіленді. Ол 2016 жылдың 9 маусымы еді. Бұл дата террорлық акт салдарынан лаңкестердің қолынан қаза тапқан 8 адамға арналды. 25 адамнан тұратын содырлар тобы «Паллада» және «Пантера» қару-жарақ дүкендеріне шабуыл жасап, одан әрі ҚР Ұлттың ұланының №66/55 әскери бөліміне шабуыл жасаған. Құқық қорғау органдары лаңкестікке тікелей қатысы бар тоғыз адамды және дайындалып жатқан қылмысты хабарламағаны үшін тағы 18 адамды, сондай-ақ екі адам жасырғаны үшін ұсталды.
Жұртшылықтың жадынан әлі кете қоймаған сегізінші азалы күн 2019 жылдың 28 желтоқсанында жарияланған еді. Осы жылы 27 желтоқсанда таңғы уақытта Bek Air әуе компаниясының ұшағы құлап, 12 адам қаза тапқан. Қайғылы оқиғаның салдарынан о дүниелік болған жандардың жақындарына күллі Қазақстан тұрғындары бір минут үнсіздік арқылы көңіл айтқан еді.
Ал Қазақстан тарихы бетіндегі тоғызыншы азалы күн араға жарты жыл салып, биылғы жылдың 13 шілдесінде жарияланды. Бұл күннің жариялануына негізгі себеп – коронавирус індетінің талай жанның ғұмырын жалмағаны. Күні кеше ел болып тосыннан келген індет жаз өмірін қиып түсірген жұрт кәдесіне жараған жақсыларды, қапыда өмірден өткен азаматтарды аза тұтты, жоқтады. Өкініштісі, бұл жоқтау алыстан «ой, бауырымдап», бір-бірімізді құшақтап, өксігімізді баса алмай, көп болып бөлісе жеңілдейтін бейбіт күннің жоқтауы емес. Оған жақындап кеткенді жалмайтын жаман ауру себепші. Бірақ «Үміт өрге тартады, үмітсіздік көрге тартады» деген бар емес пе? Қамыққан жұбанып, тарыққан қуанып, ХХІ ғасырға талай қиыншылықты өткеріп жеткен халық жаһанды жайлаған жойқын індетті де жеңеді деген үміттеміз.

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА
14 шілде 2020 ж. 551 0