Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жемқорлық санамызға сіңіп кетпесін

Жемқорлық санамызға сіңіп кетпесін


Еліміздің еңсесін көтеріп, керегесін кеңейткеніне, мемлекет болған тамырының тереңге жайылғанына жиырма жылдан астам уақыт өтті. Осы дамушы жылдарда қазақ елі талай тар жол, тайғақ кешулерді басынан өткерді. Алайда, ел басына күн туғанда ісімен танылатын ерлеріміздің арқасында «қазақ» болып көшімізді әрі қарай жалғап келеміз. Бірақ, алдымызда әлі де алынатын асулар, бағындыратын белестер бар. Сонымен қатар, кедергілер де кездеседі. Соның бірі тек Қазақстанға ғана емес, дамуы мен дағдысы бөлек дүниежүзіндегі елдерге де таныс сыбайлас жемқорлық мәселесі. Шымбайға бататын шындықтың бірі де осы.
Қоғамдағы кейбір білімді деп санаған азаматтар «сатылғыш» немесе «сатып алғыштың» кейпін киюде. Ал, кейбіреулері пара алып және беріп, нағыз талант иесіне, мыңды жығар білімдіге тұсау жасайды. Бірақ, заңды ескермей, ардан аттағандар жазасыз қалмайды. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүргісі келіп, жемқорлыққа жол бергендер ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» туралы және «Әкімшілік құқық бұзушылық» туралы заңмен жауапқа тартылады.
Сыбайлас жемқорлықты әлемді әбігерге салған дерт десек болады. Жер шарындағы әр мемлекет жемқорлықты жою үшін аянбай қызмет етеді. Біздің Қазақстанда білек сыбана жемқорлықсыз қоғамды қалыптастырғысы келеді-ақ, алайда, қолдан келсе қоныштан басып қалатындар азая­тын емес. Өйткені, кейбір қазақстандықтар парақорлықпен пәрменді күресуді азаматтық борышым деп санамайды. Егер дүйім жұртымыз бір ауыз сөзге тоқталып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұдырықтай жұмыла жұмыс жасаса жемқорлық одан әрмен ушықпас еді.
Кез келген өркениетті қоғам үшін парақорлық­пен күресу түйткілді мәселе. Олай болса, түйткілді мәселенің түйінін бірге тарқатайық.

Б.Әбдіқадыров,
аудандық ішкі
саясат бөлімінің басшысы.
08 наурыз 2018 ж. 1 137 0