ҰБТ – ұлт болашағын айқындайтын сынақ
Он бір жыл бойы мектеп қабырғасында білім нәрімен сусындаған мектеп бітіруші түлектердің осыған дейін алған біліміне есеп беріп, сыналатын шағы тақады. Әсіресе, бұл сәт үйдегі ата-ананың да тақымын қысып, бәйгеге қосқан ұл-қыздары үшін екі көзі төрт болып ҰБТ жауабын күтетін уақыт. Иә, ҰБТ асығының кімге қалай түсері белгісіз. Дейтұрғанмен уақытын еңбектеніп білім алуға жұмсап, солайша зейінін арттырып, сауатты ойланған әрбір талапкерге тағдырдың өзі қарасып, асығын алшысынан түсірері анық дүние. Сондай-ақ көзі ашық, ізденісі мол талапкердің бұл сынақтан сүрінбей өтіп, қапы қалмайтыны да сөзсіз.
Кеше аудандағы Ұлттық бірыңғай тестілеудің алғашқы сынағы кенттегі №270 Ғ.Мұхамеджанов атындағы орта мектепте өтті. Дерек көзге сүйеніп сөйлер болсақ, аудан бойынша 2019-2020 жылғы оқу жылын 17847 бала аяқтаған. Соның ішінде 632 бала 11 сыныпты бітіріп, 52 түлек алтын белгі иегері атанған екен. Ал осы мектеп бітірушілердің ішінен 533 түлек ҰБТ сынына қатысуға өтініш білдірген. Яғни аудан көлемінде Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысушылар 84,3 процентті құрап отыр.
Кеше аудандағы Ұлттық бірыңғай тестілеудің алғашқы сынағы кенттегі №270 Ғ.Мұхамеджанов атындағы орта мектепте өтті. Дерек көзге сүйеніп сөйлер болсақ, аудан бойынша 2019-2020 жылғы оқу жылын 17847 бала аяқтаған. Соның ішінде 632 бала 11 сыныпты бітіріп, 52 түлек алтын белгі иегері атанған екен. Ал осы мектеп бітірушілердің ішінен 533 түлек ҰБТ сынына қатысуға өтініш білдірген. Яғни аудан көлемінде Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысушылар 84,3 процентті құрап отыр.
Жыл басынан бері әлем халқын әуре-сарсаңға салған «Covid – 19» дертінің елімізде де белең алып, дендеп кетуіне байланысты елімізде оның ішінде ауданда атқарылуы тиіс барлық шараларға шектеу қойылып, ал егер ұйымдастырылған жағдайда санитарлық режимге сай бақылаумен өткізіліп келе жатқаны баршаға аян. Осы орайда аудандағы Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағы ерекше санитарлық жағдайда өтіп жатыр. Мәселен, биыл аудиторияда тест тапсырушылар саны екі есеге қысқарған. Сынақ өтетін орындар да айтарлықтай азайған. Сонымен қатар тест өтетін аудиторияларға арнайы мамандар қажетті залалсыздандыру жұмыстарын күні бұрын жасап, сынақ барысында әр екі сағат сайын ғимаратты толық тазартып отыру ұйымдастырылған.
Биылғы сынақтан тағы бір байқаған жағдайымыз аудиторияға түлектерді кіргізу де жылдағыдай емес. Бұл орайда да санитарлық талап сақталып, талапкерлер екі метр арақашықтықты сақтап, ғимарат аумағына ата-аналар жіберілмеді. Ал тест тапсырып шыққан түлектерді күтіп алушылар саны үш адамнан аспады. Карантин кезіндегі санитарлық тазалық ғимарат ішінде де қатаң бақылауда болды. Мекемеге кіреберіс жерде санитайзерлер, пайдаланылған маскаларды тастайтын жәшіктер қойылып, бетпердесіз келген түлектерге маска үлестірілді. Арнайы медициналық кабинет ашылып, онда дәрігер мен орта медицина қызметкері, жедел жәрдем көлігі тапжылмай кезекшілікте тұрды. Тестілеу ғимаратына қызметкерлер, комиссия мүшелері мен оқушылардың дене қызуы өлшеніп, бетпердемен кіргізіліп отырды. Қазекем «Сақтансаң сақтайды» демей ме? «Covid-ке» қарсы ұйымдастырылған барлық сақтық шараларын көзімізбен көріп, тәртіпке бағынған бұқараны байқап, атқарылған жүйелі жұмыстарға біз де іштей қуанып қалдық.
Орайы келгенде айта кеткеніміз жөн болар. Аудан әкімі Қамбарбек Мүбәраков ҰБТ тапсырып жатқан түлектерді Шиелі ауданы әкімдігінің әлеуметтік желідегі парақшасында құттықтап, талапкерлерге сәттілік тіледі. Онда, «Жастық шақ – елім-жерім деп еңбек ететін уақыт. Қандай құрылым, қандай қоғам болсын жастарға, оның ішінде саналы, білімді, белсенді жастарға арқа сүйейтіні белгілі. Ендеше сендердің де ерлік жасап, Ұлттық бірыңғай тесттен жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, ата-аналарыңыз бен ұстаздарыңыздың үмітін ақтайтын, ауданымыздың абыройын асқақтататын күндеріңіз. Бүгінгі сынақтан сүрінбей өтіп, тәуелсіз Қазақстанның білімді де парасатты ұл-қыздары болып, білікті маман болуларыңызға тілектеспін» делінген.
Ал тест тапсырушы түлектердің қауіпсіздігі мен сынақтың еш күмәнсіз адал өтуін бақылау мақсатында ғимарат ішіне арнайы бейнебақылау мен ұялы байланыс дабылдары орнатылған. Нәтижесі қуантарлық. Бұлай дейтініміз, қалта телефонын қалтасына тығып, «шпоргалкасын» ішіне жасырып сынақ алаңынан қуылып жатқандарды көрмедік. Иә, еліміздің болашағы болған бүгінгі жас түлектердің осылай білімді, адал, тәртіпті болғаны мәңгілік елдің өміршеңдігін баянды етері айқын. Лайым ҰБТ сынында бақтарын сынап жатқан талапкерлерге сәттілік серік болсын демекпіз.
Елдос ЖҮСІП