Шиелі цементі қашан шығады?
Көктем шығып, күн жылынған соң, халық жаппай құрылысқа кіріседі. Бірі қыстан құрысып шыққан үйін жөндесе, енді бірі жаңа қоныс салмақ болады. Қыста тоқтаған құрылыс та қайта басталады.
Иә, көктем мен жаз мезгілі – үй жөндеп, көптен бері жоспарлап жүрген жұмыстарды жүзеге асыруға қолайлы уақыт. Бұл кезде үйін ретке келтірушілерден бөлек, құрылыс материалдарын сатушылар үшін де сауданың қызатын шағы. Жөндеу жұмыстарын жүргіземін десеңіз, базар мен дүкендерде қажеттінің барлығы табылады. Тек қалтаңызға қарай көсілсеңіз болғаны. Себебі, карантиннің кесірі елдегі ешбір саланы айналып өтпеді.
Төтенше жағдай кезінде құрылысқа қажетті заттардың бағасы едәуір шарықтағанын үй соғып, жөндеу жұмыстарын бастағанның бәрі біледі. Мәселен, ағаш пен цементтің бағасы кенеттен ұшып кеттi. Әрине, құрылыс тауарларының күрт қымбаттауына, ең алдымен шикізат тасымалдайтын жолдардың жабықтығы себеп. Оның үстіне аудандағы «Гежуба Шиелі-Цемент» зауыты бірнеше айдан бері жұмысын тоқтатып тұр. Ал қазір біздегі цементтің бағасы 1500 теңгеге дейін көтерілген. Зауыт жұмыс істеп тұрған уақытта жергілікті цементті тұрғындар 1100 теңгеге алатын.
Жоғарыда айтқанымыздай, аудандағы цемент зауыты жұмысын тоқтатқандықтан, қазір шикізат Өскемен, Шымкент қалаларынан тасымалданады.
– Қазір ауданда бір қап цемент 1500 теңгеден, ал көтерме бағада 1350 теңгеден сатылып жатыр. Бұл уақытша баға дер едім. Себебі, төтенше жағдайға байланысты «Гежуба Шиелі-Цемент» зауытының қызметкерлері жұмысын бастай алмай отыр. Бұйырса, елдегі ахуал тұрақтанған жағдайда, келер айдың ортасына қарай зауыт қайта іске кіріседі деп жоспарлап отырмыз. Сол кезде цемент бағасы тұрақтанатын болады, – дейді аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Азамат Есімов.
Қ.Аманов – кент тұрғыны. Қыс бойы күн жылына сала үйінің іргетасын қалауды жоспарлаған ол, пандемияның біраз титықтатқанын айтады. Мәселен, алдын ала қам жасап, қыста қажетті тасын дайындап қойған. Ал цементті уақытысында өзіміздің зауыттан ала саламын деп ойлаған ол, біраз әбігерге түскенін жеткізді. Оның үстіне карантин кезінде құрылысшылардың жұмыс істеуіне тыйым салынғаны тағы бар.
– Қыстыгүні шебін тасты 40 мыңнан дер кезінде түсіріп алдым. Ал қазір оның бағасы 10 мыңға қымбаттаған. Өкінішке қарай, цементтің бағасы күрт ұшып кетті. Цемент зауыттың ашылғанын күтіп уақыт жоғалтамыз. Сондықтан қазіргі нарықтағы баға қымбат болса да алуға тура келді. Қабын 1400-ден алдым. Негізі құрылысты сәуір айында бастаймын деп жоспарлап едім. Бірақ ол кезде карантин жарияланып, құрылыс жасауға тыйым салынды. Сол себепті бір айдан соң бастап жатырмыз. Алда әлі шаруа көп. Үйдің қабырғасын қалап, төбесін жабу үшін біраз құрылыс тауарлары қажет. Карантиннің әсері болар, биыл баға жылдағыдан едәуір қымбат екен. Қалтаға ойлағанымнан да көп салмақ түскелі тұр, – дейді кент тұрғыны ағынан жарыла.
Елде төтенше жағдай аяқталғанымен, шетелдермен байланыс жолдары әлі қалыпқа келе қойған жоқ. Жолдың қашан ашылып, еркін байланыс орнайтын сәттің қашан келерін ешкім дөп басып айта да алмайды. Ал нарықтағы тауарлардың көбі шетелден тасымалданатындықтан баға да тікелей соған байланысты.
Ал цемент зауытқа келсек, кәсіпорынның іске қосылуы қытайлық қызметкерлердің келуіне байланысты. Мамандар шетелден кіріп-шығудың шектелуіне байланысты олардың елге келе алмай отырғандығын айтады. Қайбір жылы зауыт ашылар кезде аудан әкімінің«Цементтің шығару технологиясын жергілікті жігіттер үйреніп жатыр. Болашақта зауыттың басы-қасында өзіміздің азаматтар қалады» дегенін естіген едік. Ол күннің де ауылы алыс емес болар.
Гүлхан ЯХИЯ