Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАҢА САЛЫҚ КОДЕКСІ ТҮСІНДІРІЛДІ

ЖАҢА САЛЫҚ КОДЕКСІ ТҮСІНДІРІЛДІ

Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде жаңа салық кодексі күшіне енеді. Бұл құжат тек салық төлеу тәртібін өзгертумен шектелмей, бүкіл экономикалық жүйеге тың серпін бермек. Мемлекет кәсіпкерлікке қолдау көрсетіп, көлеңкелі экономиканы азайту, әділдік пен ашықтықты қамтамасыз ету бағытында нақты қадам жасап отыр.
Осы маңызды өзгерістерді түсіндіру мақсатында аудандағы «Арман» мәдениет үйінде ауқымды семинар өтті. Оған Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Асқар Елеманов, аудан әкімінің орынбасары Алмат Алдабергенов, аудандық бөлім басшылары, білім бөлімінің бас есепшісі, салық саласы мамандары, сондай-ақ аудан кәсіпкерлері қатысты.
Семинарды ашқан Асқар Елеманов жаңа кодекстің қабылдануы – ел дамуы үшін стратегиялық маңызы бар қадам екенін атап өтті.
– 18 шілдеде Мемлекет басшысы жаңа Салық кодексіне және оған ілеспе заңға қол қойды. Бұл – салық жүйесін жеңілдету ғана емес, оны әділ әрі түсінікті ету жолындағы үлкен реформа. Келер жылдан бастап жеке кәсіпкерлер мен ЖШС мүлде жаңа талаптармен жұмыс істейді. Біз бүгін бұл өзгерістерді әр кәсіпкерге жан-жақты түсіндіру үшін жиналып отырмыз, – деді ол.
Салықты көбіміз тек міндет деп қабылдаймыз. Алайда шын мәнінде ол – мемлекеттің даму айнасы. Қай елдің салық жүйесі әділ болса, сол елде сенім де, тұрақтылық та орнайды.
Жаңа Салық кодексі қарапайым кәсіпкерге де, қарапайым отбасына да әсер етеді. Оның әрбір тармағы елдің әлеуметтік теңдігін сақтауға және экономиканы ынталандыруға бағытталған. Мысалы, жеке табыс салығы әділ есептеледі. Бұрын бәріне бірдей мөлшерлеме қолданылса, енді табысы аз адамдар аз салық төлейді. Ал жоғары табыс иелері көбірек төлеп, әлеуметтік әділдікке үлес қосады. Сонымен қатар «Сән-салтанат салығы» да енгізіледі. Қымбат көлік, зәулім үй, элиталық мүлік иелері мемлекетке көбірек салық төлейді. Бұл байлық пен жауапкершілікті тең ұстаудың нақты көрінісі. Айта кетерлігі, салық түрлері азаяды. Яғни 2026 жылдан бастап салық түрлері 20%-ға, есепқисап көлемі 30%-ға қысқарады. Кәсіпкерлердің уақыты мен қаржысын үнемдеуге жол ашылады. Жоспарлы тексерістер тоқтатылады. Бұдан былай бизнес өкілдері тексерістен қорықпай, өз ісін еркін дамыта алады. Қосылған құн, жер және мүлік салығында жаңа ережелер. Бұл бюджетке түсетін қаржыны әділ арттыруға және заңсыздыққа жол бермеуге бағытталған.
Салық төлеудің қағазға толы, ұзақ та түсініксіз кезеңі артта қалды. Енді жаңа кодекс салықтық рәсімдерді толық цифрландыруды көздейді. Барлық төлем онлайн жүргізіліп, қағазбастылық мүлде азаяды. Тіпті әр кәсіпкер өз есеп-қисабын смартфоннан бақылай алады. Адами факторға жол берілмейді, жемқорлық тәуекелі төмендейді.
Келер жылдан бастап әрбір кәсіпкер мен салық төлеуші жаңа талаптарды сақтай отырып, ел экономикасының өркендеуіне үлес қосуы тиіс. Бұл – ортақ жауапкершілік пен әділдікке негізделген жаңа дәуірдің бастамасы.

С.МАДИЯРОВА,
сурет Б.БӘЙІМБЕТ
08 қыркүйек 2025 ж. 44 0

Қоғам

БАҒДӘУЛЕТТІҢ БӘСІ БИІК

08 қыркүйек 2025 ж.

PDF нұсқалар мұрағаты

№67 (9334)

06 қыркүйек 2025 ж.

№66 (9333)

03 қыркүйек 2025 ж.

№65 (9332)

30 тамыз 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930