ТҰЛПАРДЫ ТҮЛЕТКЕН

Біз тура 30 жыл бұрын Абай атамыздың 150 жылдық мерейтойында аламан бәйгеден оза шауып, мәреге бірінші жеткен «Ызғарымызды» баптаған белгілі атбегі Орынбай Ахметовтің отбасында болып өткен-кеткен мен бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып қайттық.
Жалпы Орынбай ағаның достары көп. Оның ішінде Шайзат Қалмаганбетов, Есіркеп Шәдібековтың орны ерекше деуге болады. Қазақстан Журналистер одағыны мүшесі Е.Шәдібеков досы жайлы сыр шертті. – Орынбай бәріміз сияқты жаппай оқуға аттанбады. Алдымен Отан алдындағы борышын өтеп қайтты. Әскерден келген соң ауылда қарапайым жұмыс атқарды. Үйде анасы Үмітпен екеуі болған соң, кішкентайынан жетімдіктің кермек дәмін татқызбаған, анасының орнына ана бола білген, анасындай аялаған, аяулы жанды жалғыз тастап кете алмай ауылдан ұзамады.
Кейін жақсы жарға үйленіп, ұл-қыз өсіріп, Үміт апамды 99 жасында ақтық сапарға шығарып салды. Орынбай ауыл жастарының арасында үлкен абыройға ие болды. Рая Мұхтарова басқарған жастар ұйымы ауданда беделді болатын. Ол ауылда жастар спорт нұсқаушысы болған жылдары өзінің ұйымдастыру қабілетімен ерекшеленді. Ауыл жастары спорттың бұқаралық түрлерінен яғни волейбол, футболдан аудан чемпионы болды. Облыста жүлдегер атанды. Сол жетістіктері үшін Орынбайға ВДНХ-ның алтын медалі, кілем, 1000 рубль ақшалай сыйлық берілді. Алғабас ауылында ат спортының көкпар, бәйге түрлері қатты дамыған. Орынбай да еліктеп жылқы өсірумен, тұлпар баптаумен айналысты. Оның бұл қадамы үлкен жетістіктерінің бірі болды деп айтуға болады.
1991 жылы қазақтардың алғашқы құрылтайында өзі баптаған тұлпарын арнайы апарып, Финляндия президенті Мауно Койвистоға мінгізу абыройына ие болды.
Орынбай Ызғар, Сандуғаш, Құндыз, Тагор, Абсент деген тұлпарларымен 8 жыл бойы бүкіл қазақ елінде, Орта Азия республикаларында болған бәйгелерден бас жүлдемен оралды. 1995 жылы ұлы Абайдың 150 жылдық мерей тойында Ызғар құнаны бірінші келіп, Татарстан президенті Минтемир Шәймиевтің қолынан КамАЗ автокөлігінің кілтін алды. Сөйтіп ұрпағы, елі «біздің Орынбай үш президенттің қолын алған» деп мақтанатындай дәрежеге жетті. Ал Орынбай Ахметов бүкіл Сыр бойында Гиннестің кітабына аты алтын әріппен жазылған жалғыз жерлесіміз екенін білгенде кімнің төбесі көкке жеткендей болмайды?! Орынбай – ортақ мақтанышымыз, абыройымыз. О.Ахметовтың тағы бір жан досы, ақын, «Өскен өңір» газетінің штаттан тыс тілшісі жақында дүниеден озған Құндызбай Әшірбаев ағамыз еді. Сол кісінің Абай тойынан жеңіспен оралған досына арнаған өлеңін беруді жөн көрдік.
Тұлпарды түлеткен Атсейіс Орынбай Ахметовке
Белгілі Ақан сері Құлагері,
Орынбай Ахметов мұрагері.
Қосқанда ат алты алаш, Қазақстан,
«Ызғардың» бірінші көп даңқын асқан.
Сәйгүлік арнап қойған аты «Ызғар»,
Құрдасым қуаныштан жүрек сыздар.
Мерейің үстем болып ел алдында,
Гүл тақты «Ызғарыңа» сұлу қыздар.
Келгенде атың озып тұра алмадым,
Жүйрікке менің дағы құмар жаным.
Орынбай, мен өзіңе жыр арнадым.
Ылайым қабыл болсын нұр-арманың!
Қабыл ал, тілегім бұл шын жүрекпен,
Көңілін құрдасының елжіреткен.
Тарихта белгілі боп қалды атың,
Жылқыны ардақтаған асылзатым.
Сыр еліне кәделі жолмен келіп, қонақ болып қайтқан Абай облысы, Абай ауданы, Би-ата ауылының тұрғыны Әлен Зәкиев ағамыздың да пікіріне құлақ түрсек:
– Бірде құдалық дәстүрімен ақ күріштің отаны Сыр еліне отбасымызбен қонаққа барып, әнші, жырау, жыршылар жиналған көңілді ортаға тап болдық. Құданың ауылы Шиелі – өнерге жақын, сал-серілер, қолөнершілер ауылы екен. Біздің ұлы Абай елінен келгенімізді біліп, қонақкәде сұрады. Абай елінің сөз сөйлеу мәдениетімен тәрбиеленген біз де, әрине, қарап қалмадық, осал емес екенімізді байқаттық.
Дастархан басында әртүрлі сөз қозғалды. Әңгіме төркіні бәйге аттар жайына ауысқанда біз үнсіз тыңдап қалдық. Шиелі аудандық өлкетану мұражайының бір бұрышы «Ұлы Абайдың тойындағы Ызғардың ұлы жеңісі» деген атаумен көркемделіпті. Ызғар — Абайдың 150 жылдық тойындағы аламан бәйгеде бірінші келіп, КамАЗ автокөлігін ұтқан жүйрік. «Ұлы тойдағы ұлы жеңісіміз» деп, бүкіл тұрғындар ауылдың кіреберісінен Ызғарды зор қошеметпен, шашу шашып, әнжырмен қарсы алыпты. Жүйрікті баптаған атбегі Орынбай Ахметов әлі тың, аламан бәйгелерге ат қосып, жүлделі орындар алып жүрген көрінеді. Ызғардың ізбасары деп тағы бір жүйрікті баптау үстінде екен. Абайдың 175 жылдық тойындағы аламанда тағы да ұтамыз деген үмітте.
Оңтүстіктің ауа райын білесіздер, жазы өте ыстық. Шиеліліктердің айтуынша, аттар да сол климатқа үйренген, ұзақ аламандарға еркін шаба беретіні сондықтан екен. Басқа жақтың таза асыл тұқымды жылқылары біздің Сыр бәйгелерінің шаңына ілесе алмайды дейді. Сөз арасында ыстық жерде өскен бәйгеге қалайша Ызғар деп ат қойғандарын сұрадым. Жүйріктің Ызғар аталу тарихы да қызықты.
Ызғардың енесін жүйрік айғырға қосып, бәйге тұқым алмақ болады. Буаз биені қорада, мықты күзет қойып ұстап жүргенде, аяқ асты бие ұрланып, ұшты-күйлі жоғалады. Бүкіл ауыл боп іздеп таба алмай, ақыры, күдерлерін үзеді. Сол аралықта Шиелі станциясынан ауылдың бір апасы Шымкент жаққа жол жүрмек болып пойызға отырады. Үш-төрт жігіт сапарлас болып, олар да мінеді ғой пойызға. Жол үстінде үлкен адам демалмақ болып жантайып жатқанда, өзара күбірлесіп отырған әлгі жігіттердің әңгімесін құлағы шалады. Ішінде біреуі таныстау көрініп, әңгімелеріне құлақ түрсе, ұрланған бие туралы айтып отырған боп шығады. «Енді не істейміз, биені апаратын жерге жеткізе алмадық, жолда құлындап қалды. Онда құлын қарақұлақтанғанша сол жерде тығып ұстай тұрайық» дегенге келеді әлгі жігіттер. Айтып отырған жер Түркістанға жақын Ызғар деген көл, елді мекен екен. Әлгілердің әңгімесін естіген апа бара сала ауылға хабар жібереді. Қуғыншы іле-шала жетіп, құлындаған биені ұстап отырғандардың үстінен түсіп, аман-есен ауылға келіпті. Сол құлын есейіп, жүйрікке айналғанда, ат қоймақ ниетпен бәрі ақылдасып, тұлпардың атын Ызғар көлімен байланыстырып, бір тоқтамға келген екен.
«Қайтқан малда береке бар» деп бабалар тегін айтпаған ғой. Сол Ызғар аты шулы бәйгеге айналыпты. Сәйгүлік туралы әңгімені тыңдап тұрып, «Біздің елден де осындай бір сәйгүлік ұлы тойда аламан бәйгені ұтып, бөркімізді аспанға атар күн туса ғой» деген ойда болдым. Ат баптаумен айналысып жүрген ел азаматтарына шетел аттарының тұқымдарына қызықпай, ыстыққа төзімді өзіміздің осы өңірлерден шыққан бәйгелерден тұқым алып, елге әкелсе деген де ой айтқым келді. Ел ішінде де бір жүйрік бағы ашылмай қой соңында жүруі де мүмкін ғой. Ауыл ақсақалдары, көзі қарақты азаматтар көнеден жеткен жүйріктер жайлы әңгімелерді еске түсіріп, ат баптап жүргендерге ақыл-кеңестерін берсе. Әлде Абай атамыздың «Аттың сыны» өлеңін терең мән беріп, қайталап оқып шықсақ па екен?!– деп сөзін түйіндеді.
Енді Орынбай ағамен болған шағын сұхбатқа назар аударайық.
– Ореке, Ызғардың тұқымын алып қалдыңыздар ма?
– Жиделі, Ақмая, Бала би басқа да ауылдардан тіпті Созақ ауданынан келіп Ызғарды қояр да қоймай үйірлеріне қосып менің үйірме биесін қосып, тіптен сол үшін үйде апталап, айлап жатқан ағайындар болды ғой. Сондықтан Ызғардан тараған аттар жеткілікті деп айта аламын.
– Абай атамыздың 180 жылдығына берілген бәйгеге бізден ешкім қатыспады ма?
– Біздің кезімізде «райкомның» бірінші хатшысы Сейілбек Шаухамановтың тапсырмасымен ауданда әр шаруашылық бәйге аттарын баптады. Абай тойына Шиеліден төрт ат, Жаңақорғаннан бір ат барып, бәрі де, бәйге алып қайтты. Ол жаққа барып қайту оңай емес, көлік, жем-су басқа да шығындар бар дегендей. Сұлтанбек Оразымбетов пен Сүйіндік Ахметовтің ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында аман-есен барып, абыроймен оралдық. Ал биылғы Абай атамыздың мерейтойындағы бәйгеге бізден ешкім бара қойған жоқ-ау.
– Қазір бәйге аттарын жеке адамдар өз қаражаттарына дайындайды ғой?
– Оған екінің бірі қолы жете бермейді, өйткені миллиондаған қаражат керек. Дегенмен ат спортына бір кісідей үлес қосып жүрген Мұхамбетжан, Әбдіғани Пернебай тағы да басқа інілеріміз бар. Болашақта солардың баптап жатқан тұлпарынан үміт күтеміз. Тағы бір айтарым аудандағы спорт мектептерінен ат спортынан үйірмелер ашылса деген ұсынысым бар.
– Қазір немен айналысып жатсыз?
– « Мардан» шаруа қожалығын басқарамын. Күріш, жоңышка, бақша егеміз, азын-аулақ мал бар. Құдайға шүкір, денсаулық бар кезде, қарап отырмау керек қой. Орынбай аға мен Қанымкүл апайдың отасқандарына елу жылдан асты. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып отырған жарасымды жанұя, өнегелі отбасы. Болат есімді ұлы әкесінің ізін қуып бос уақытында ат баптап көкпарға, бәйгеге қосып жүр.
P.S Облыстық бәйге федерациясына хабарласқанымызда Абай атамыздың мерейтойына берілген бәйгеге біздің өңірден ешкім қатысқан жоқ деген жауап алдық. Басты себеп жол алыстығы мен дәл сол уақытта Қазалы ауданында бірнеше ат бәйгесінің өтуі екен.
Айдар БАҚЫТЖАНҰЛЫ,
сурет автордікі және Ахметовтің отбасылық альбомынан алынды