Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Алғабастың қос бәйтерегі

Алғабастың қос бәйтерегі

Әр ауылдың тарихында сол елдің әлеуметтік-экономикалық дамуында қомақты үлесі бар елдің дамуын, өсуін, өркендеуін өз мақсатынан, мүддесінен жоғары қоя білген арда азаматтары болады. Олардың еліне, халқына жасаған адал қызметін бақилық болғаннан кейін айтып, көше беруге таласып, тармасып жатқаннан көзі тірісінде айтып, абыройын асқақтатқан абзал. Менің бүгінгі ойтүрткімнің кейіпкерлері Алғабас ауылының азаматтары Шайзат Қалымбетов пен Орынбай Ахметов. Бәріміз құрдаспыз. 75 жастың желкенін керіп, сексеннің сеңгіріне аяқ басып бара жатырмыз.
Біздің алғашқы таныстығымыз 1960 жылдың қоңыр күзінде Шиелі кентіндегі №47 Ломоносов орта мектебінің сегізінші сыныбында басталды. Теміржолдың теріскей бетіндегі Алғабас, Үлгілі, Еңбекші, Төңкеріс мектептерінің жеті сыныбын бітіргендер бір сыныпқа жиналдық. Бұлар 8 «А» сыныбында бұрыннан оқып келе жатқандар екен. Олардың киімі де, жүріс-тұрысы да бізден бөлектеу. Бәрі шаш қойған, аяқтарында туфли. Ал, біздің аяғымызда керзі етік, ешкім шаш қоймаған, жәй бірлі-жарым костюм шалбар мен трико кигендер. Ауыл баласы екендігіміз, әлі де соғыстың зардабынан кейін ауыл халқының есін жинай алмай жатқандығының куәсіндейміз. Бәріміз Шиелі кентіндегі Щорс көшесінде аудандық оқу бөлімінің интернатында жатамыз. Интернаттың тамағы да таңсық борщты, кисельді өмірі ішіп көрмегенбіз. Көбіне нанды пайдаланамыз, кейін бірте-бірте қаланың тамағына да үйрендік. Өзіміз де бір-бірімізге үйреніп, арамызда шынайы достық пайда бола бас­тады. Кейде сенбі күндері ауылға қайтпай Алғабасқа Орынбай мен Шайзаттың үйіне барып қайтатынбыз. Шайзаттың анасы Нұргүл апамыздың, Орынбайдың анасы Үміт апамыздың бізді қарсы алғандары, айналып толғанғандары әлі көз алдымызда, өз анамыздан кем көрмейтінбіз. Біздің сыныптың балаларының көбісі жасынан айналайынға зәру болып жетім өскендіктен бе, кім айналса, сол адамды жақсы көретінбіз. Көбісінің әкелері жоқ болатын. Орынбай мен Шайзатта да солай. Шамасы біздің әкелеріміз майданға егде жаста барғаннан кейін соғыстың ауыртпалығынан денсаулықтары сыр беріп, өмірден ерте қайтқан-ау.
Өмір шіркін, зулай өтіп, 1963 жылы қалай мектеп бітіргенімізді де байқамай қалыппыз. Шайзат Алматыдағы қазақтың ауылшаруашылығы институтын агроном мамандығы бойынша бітіріп келіп, өз ауылында қызмет етті. Шайзаттың ерекше қасиеті қарапайымдылығы, өз ісіне адалдығы, ешкімді алаламайтындығы ағайын арасында, ұжымда оның абыройын көтерді. Соның арқасында жас маман көзге түсіп, Телікөл совхозына бас агроном болып, өзін шаруашылықта жақсы жағынан көрсете білді. Ауыл шаруашылығының білгір маманы болғандықтан аудандық партия комитеті оны аудандық комитеттің ауыл шаруашылығы бөліміне нұсқаушы етіп алды. Аудандық комитетте істеп 1982-1985 жылдары барлық жағынан шыңдалды. Соның арқасында 1985 жылы өз ауылына партком хатшысы болып сайланды. Шайзат сол жылдары өзінің Әзімхан ­Исмаилов ағасынан көп нәрсе үйренгенін, әсіресе, адалдықты, адами қасиеттерді үйренгенін жыр қылып айтады. 1993 жылдан колхоз тарағанға дейін Ленин атындағы колхоздың басқарма төрағасы болды. Колхоз, совхоздардың тараған кезіңінде де өзінің адалдық позициясынан айныған жоқ, еліне, халқына адал болды. Шаруашылық тарағаннан кейін де «Заңғар» шаруа қожалығын құрып еліне, халқына қызмет жасады.
Ал, Орынбай болса, бәріміз сияқты жаппай оқуға аттанбады. Алдымен Отан алдындағы борышын өтеп қайтты. Әскерден келгесін ауылда қарапайым жұмыс атқарды. Үйде анасы Үмітпен екеуі болғасын, кішкентайынан жетімдіктің кермек дәмін татқызбаған, анасының орнына ана бола білген, анасындай аялаған, аяулы жанды жалғыз тастап кете алмай ауылдан ұзамады. Кейін жақсы жарға үйленіп, ұл-қыз өсіріп, Үміт апамды 99 жасында ақтық сапарға шығарып салды. Орынбай ауыл жастарының арасында үлкен абыройға ие болды. Рая Мұхтарова басқарған жас­тар ұйымы ауданда беделді болатын. Ол ­ауылда жастар спорт нұсқаушысы болған жылдары өзінің ұйымдастыру қабілетімен ерекшеленді. Ауыл жастары спорттың, бұқаралық түрлерінен яғни волейбол, футболдан аудан чемпионы болды. Облыста жүлдегер атанды. Сол жетістіктері үшін Орынбайға ВДНХ-ның алтын медалі, кілем, 1000 рубль ақшалай сыйлық берілді. Алғабас ауылында ат спортының көкпар бәйге түрлері қатты дамыған. Орынбай да еліктеп жылқы өсірумен, тұлпар баптаумен айналысты. Оның бұл қадамы үлкен жетістіктерінің бірі болды деп айтуға болады.
1991 жылы қазақтардың алғашқы құрылтайында өзі баптаған тұлпарын арнайы апарып, Финляндия президенті Мауно Койвистоға мінгізу абыройына ие болды. Сөйтіп еліміздің тұңғыш президенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Финляндия президентінің қолын алу мәртебесіне ие болды. Орынбай Ызғар, Сандуғаш, Құндыз, Тагор, Абсент деген тұлпарларымен 8 жыл бойы бүкіл қазақ елінде, Орта Азия республикаларында болған бәйгелерден бас жүлдемен оралды. 1995 жылы ұлы Абайдың 150 жылдық мерей тойында Ызғар құнаны бірінші келіп, Татарстан президенті Минтемир Шәймиевтің қолынан КАМАЗ автокөлігінің кілтін алды. Сөйтіп ұрпағы, елі «біздің Орынбай үш президенттің қолын алған» деген деп мақтанатындай дәрежеге жетті. Ал, Орынбай Ахметов бүкіл Сыр бойында Гиннестің кітабына аты алтын әріппен жазылған жалғыз жерлесіміз екенін білгенде кімнің төбесі көкке жеткендей болмайды. Орынбай ортақ мақтанышымыз, абыройымыз емес пе!
Орынбай, Шайзаттар достыққа берік, адал жандар. 1960 жылы басталған достығымыз әлі үзілген емес. Алыста жүрсек те жиі хабарласамыз. Орынбай екеуміздің қызбалық мінезіміз бар. Әсіресе жас кезімізде жиі ұстасып қалатынбыз. Интернатта жатқан кезімізде жылда күзде жекпе-жекке шығатынбыз. Біздің жекпе-жегіміз Тайсон мен Мұхаммед Әлидің жекпе-жегінен кем болмайтын. Күні бұрын күнін белгілейтінбіз. Арнайы төрешілер болатын. «Ер шекіспей беріспейді» деп атам қазақ айтқандай соның арқасында достығымыз, татулығымыз мәңгілікке айналғандай. Орынбай әлі аттан түскен жоқ, «Ел ырысы» шаруа қожалығын құрып 120 жанұяны жұмыспен қамтып отыр. Жылда күзде 120 үйге 150 престен шөп, 50 кг күріш береді. Биыл да сол дәстүр қайталанады.
Шайзат пен Орынбай Алғабас ауылының қос бәйтерегі деп атауға жоғарыдағы қызметтерімен, ел игілігі үшін жасаған еңбектерімен әбден лайық азаматтар. Ел марапатының қандайымен болса да марапаттауға лайық азаматтар. Азамат – ауыл ажары. Екеуі де өздерінің азаматтығымен қазіргі таңда орынды қариялығымен елінің ажарын келтіріп, абыройын көтеріп отыр. Биыл шиеліліктер үшін мерекелі жыл. Ақ күріштің атасы Ыбырай ата 130 жасқа, күміс көмей әнші Нартай 130 жасқа толған мерейтойында алғабастың қос бәйтерегі омырауына Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» төсбелгісін тақса жарасатын сияқты. Биыл шиеліліктер үшін берекелі, мерейлі жыл болсын, қамба астыққа толсын дегіміз келеді.

Есіркеп Шәдібеков,
ауданның «Құрметті азаматы»,
Алматы қаласы
14 қыркүйек 2021 ж. 301 0