Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұстаз бақыты

Ұстаз бақыты


Туған жерден қашықтаған сайын оған деген ыстық ықыласың, сағынышың арта түседі екен. Әсіресе, маған сексеннің сеңгіріне қадам басқанда туған жерден жырақтау оңай болмағаны бесенеден белгілі ғой. Бірақ менің сағынышымды бөлісетін қолымдағы қалта телефоным. Елді сағынсам я досқа, туысқа хабарласып, туған жердің, азаматтарының амандығын біліп, көңілдің сағынышын басамын. Ұялы байланыс арқылы дереу интернетке кіріп, “Өскен өңір” газетінің электронды нұсқасын ашып оқимын. Кешегі алтын күзде газеттің 80 жылдық мерейтойына арнайы ат басын бұрып, «Өскен өңірге – 80 жыл» медалін жарқыратып кеудеге тағып, елге, туған жерге деген сағынышымды басып қайтқаным жүректен кетер емес.
Себебі, аудан айнасы «Өскен өңірмен» сырлас, мұңдас, жолдас болғаныма биыл тура жарты ғасыр толып отыр. «Өскен өңір» елдің шежіресі, айнасы, бет пердесі, елдің әрбір азаматының рухани азығы десе де болады. Сондықтан газеттің әрбір нөмірін қалт жібермей оқимын. Газеттің соңғы нөмірлерінде аяулы ұстаз өзінің білімділігі, біліктілігінің арқасында ел есінде қалған ­Досмахан Сұлтанов ағай туралы шәкірті облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Дүйсенбаевтың мақаласы көптің көңілінен шығып, көршісі Өркен Исмаилдың, шәкірті ­Айжамал Әбдіхамитованың мақалалары ұстаз бейнесін айшықтай түсті. Мен де ағайдың шәкірті болғандықтан ағай туралы толғау, тебірену жүректе бар еді. Бірақ сабақты ине сәтімен дегендей, ағай туралы жүректе, көңілде жүрген ұстазға деген құрметімді айтып кетудің сәті бүгін келген сияқты. Досмахан ағай тумасынан ұстаз болуға жаратылған жан еді. Ағайдың киім киісі, жүріп-тұрысы, сұлу сыпайылығы, үнемі артқа қайырылып тұратын қою қара шашы мен қасы, аппақ жүзі шәкірттерін өзіне тартатын. Ағай сабақ айтқанда шыбынның ызыңы естілмейтін, өзі де сабақты жан тәнімен беріліп түсіндіретін. Әдебиет сабағы болғанда қоңыраудың қалай жылдам соғылғанын, уақыттың қалай өткенін сезбей де қалатынбыз. Өйткені, ағайдың әрбір сабағы әсерлі һәм қызықты өтетін. Сабағында оқулықтан тыс материалдарды көп пайдаланып, оқушыны өзіне тарта білетін. Ағайдың осындай қасиеттері көп шәкіртін ұстаз болуға итермеледі. Оның көбісі ұстаз болып аудан мектептерінде абыройлы еңбек етуде. Бүгінгі шағын ойтүрткіде ағайдың шәкірті, өзінің жүрек қалауымен ұстаз болып, №156 Н.Бекежанов мектебінде жарты ғасыр ұстаз болған сыныптасым әрі досым Бақытхан Құлтаев туралы айтпақпын. Бақытханмен тағдырымыз 1960-1961 оқу жылында Шиелі кентіндегі №47 М.Ломоносов атындағы орта мектептің 8 «б» сыныбында тоқайласты. 8 «а» сыныбында шек посолкенің балалары, ал 8 «г» сыныбында Алғабас, Үлгілі, Еңбекші, Төңкеріс ауылының балалары екен. Соғыстың зардабы әлі толық тарқамаған кезең ғой. Бәріміздің киіміміз жұтаңдау, қыркүйек болса да аяғымызда керзі етік, үстімізде нашарлау трико, кәстөм шалбар. Сыныпта екі бала көзге ерекшелеу болып көрінді. Екеуінің үстінде сұр мектеп формасы, аяқтарында туфли. Біреуі осы менің досым Бақытхан болатын. Себебі, Бақытханның әкесі Ізбасқан Құлтаев ағамыз сол кезде атағы аудан, облысқа белгілі өндіріс бригадирі, анасы Сәлима мектепте ұстаз екен. Бақытхан «Мен сендер сияқты емеспін» деп көкірегін керіп тұрған жоқ, тез тіл табысып кеттік. Бақытханның бойындағы қарапайымдылығы оны ұстаз болуға итермеледі-ау деген ойда қаламын. Мектеп бітіріп, екеуміз де Қызылорда қаласындағы Н.Гоголь атындағы педагогикалық институттың ол математика. мен жаратылыстану факултетіне оқуға түсіп, бітірдік. Міне, содан бері жарты ғасыр бірге қызмет жасап, басымыздағы қызықты, қуанышты басқа түскен барлық қиыншылықты бөлісіп келе жатырмыз. Бірақ Бақытханның бізден артықшылығы, ерекшелігі ол өзінің жүрек қалаған ұстаз мамандығын өмір бойы қастерлеп келе жатыр, «Маған оқушыларға сабақ бергеннен артық ләззәт жоқ» деп ағынан жарылатын. Ұстаз болып жүргеніме екі жылдай болып қалған дейді. Бір күні мектеп директоры Б.Сатжанов сені білім бөлімінің басшысы Тайманов шақырып жатыр деді. Барсам төрде бір үлкен кісі отыр. Көзіне қарасам, қай жаққа қарап отырғаны белгісіз. Бірақ түрі сұсты екен. Жүзіне қарап едім, денемді тоқ ұрғандай дір етіп, бойым шымырлап кетті.
– Әй бала, сені маған директорың жақсылап таныстырып, Ізбасқан ағай мен Салиманың баласы екеніңді, білімді әрі бокстан спорт шебері екеніңді айтты. Спорт мектебіне баруға қалайсың? – деді ойда жоқта. Мен бірден жауап бере алмай сасып қалдымда, шамалы ойланып, маған өз пәнімнен сабақ бергеннен артық ештеңені жүрегім қаламайды дедім. Тайманов менің түріме қарап біраз ойланып отырды да, бала әлі де уақыт бар ойлан деген соң шығып кеттім. Кейін ағайдың оқу бөліміне ­Зермухамедов бастық болғаннан кейін де мектептерге басшы қызметке ұсынды. Бірақ мен мектепке бастық болғаннан көрі қарапайым ұстаз болғанды артық көрдім, – дейді Бақытхан досым. Шынында, Бақытханның бойындағы ерекше қасиеті – ол өзінің мамандығын шексіз сүйіп, оны өмір бойы қастерлеп өтуі, шәкіртін сүймеген адам ұстаз бола алмайды. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп Абай айтқандай, Бақытхан – жарты ғасыр жалықпаған, шаршамаған ұстаз. Көп жыл жасаған еңбегі ескеріліп, «КСРО Қазақ ССР оқу ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Жұбайы Шархан да білімді, білікті ұстаз, көп жыл білім саласында абыройлы еңбек еткен. Шынында, Бақытхан – жігері мықты, рухы биік азамат. Ол өмір бойы ұстаз бола алады. Білім алу инемен құдық қазғанмен бірдей болса, білім беру, ұстаз болу одан да ауыр. Себебі, ұстаздың алдында отырған әрбір бала әр үйдің үкілеген үміті, болашағы, еркесі мен серкесі. Олармен тіл табысу, білім беру үшін олардың жүрегінен орын табу – ұстаздың мерейлі міндеті. Осы мүддеден шығу ұстаз үшін оңай емес, ол ұстаздан білімді, біліктілікті талап етеді. Балаға деген сүйіспеншілік керек. Баланы сүймесең, мықты ұстаз бола алмайсың. Бақытханның бойынан осы қажеттіліктің бәрі табылады. Сондықтан ол елу жыл бір орында табжылмай еңбек еткен ауылдың «Құрметті азаматы», мақтанышы, айбары. Бірақ осындай тек қана қарапайым ұстаз болған азаматтардың есімі жиі атала бермейді, көбіне ел, мектеп басқарған азаматтардың көлеңкесінде қалып қояды. «Бақытыңды балаңнан ізде» деп Б.Момышұлы айтқандай, ұстаз бақыты шәкіртінде. Шәкірті абыройлы қызмет атқарып, елдің құрметіне бөленіп жатса, ұстаздың мерейі өседі. Бақытхан да көп шәкірт тәрбиеледім. Солар менің байлығым, мақтанышым деп отырады. Кейбір шәкірттерімнің маған деген ықыласы, азаматтылығы мәңгі ұмытылмайды дей келе, өзінің басынан өткен төмендегі жайтты тебірене айтады. – Жүрегім ауыр дертке шалдығып, Астанадағы кардиоорталық жүрегіңізге ота жасауға қорқып отырмыз. Корей дәрігерлерімен бірлесіп жасаймыз деп қайтарды. Ауылға келісімен өзімнің шәкіртім Сызғанов атындағы жүрек қан тамырлары ауруының орталығында кардиохирург болып істейтін ­Бауыржан Рақышевпен хабарластым, қорықпай келе беріңіз, өзім ота жасаймын деді. Дереу жиналып жолға шықтым, шағын ауыл болған соң әңгіме жатпайды. Әлгі Бауыржанның әкесі Алдаберген баласына: – ­Балам, Бақытханмен ­туыспыз Астана жүрексініп қайтарыпты. Ертең басқа жағдай бола қалса ағайынның бетіне қалай қараймыз деген екен ­Бауыржан ойланбастан: Әке уайымдама барлық жағдайды ескеріп дайындық жасап қойдым ота сәтті болады, депті. Расында, ­Бауыржан айтқандай ойдағыдай өтіп, ауыр дерттен айықтым. Міне, осы оқиғадан кейін өзімнің мамандықты дұрыс таңдағанымды сезіндім. Өзімнің шәкіртімнің маған деген ыстық ықыласының арқасында өмірге екінші мәрте қайта оралғандай болдым. Ұстаздың бақыты шәкіртінде екен. Жақсы шәкірт тәрбиелесең бақытын, мақтанышың, абыройың. Мен өмір бойы шәкірттеріммен мақтанамын, ұстаздық – менің бақытым деп, әңгімесін аяқтады. Шәкірттерінен бақыт тапқан ұстаз қуанышына, бақытына біз де ортақтасқандай болдық. Бақытың баянды болсын, аяулы дос.

Е.Шәдібеков, ҚР Журналистер одағының мүшесі

05 желтоқсан 2019 ж. 585 0