Жалындап өткен жастық шақ
57 жыл аз уақыт емес. Осы жылдар ішінде қанша ел жаңарып, заман өзгеріске ұшырап, бірге жүргендер қатары кеміп, аяулы жандардан айырылып мұңайған сәттер қаншама? Ал бала күннен таныс жандар жүрек қалауымен қосылып, қыз алып, қыз берісіп құда-жекжат болып жатса, тіпті керемет.
1992 жылы №47 М.Ломоносов атындағы орта мектепті бір сыныпта 37 оқушы бітірдік. Оқушылық өмір қайталанбайтын қандай қызық шақтар. Тәртіп қатаң, мұғалім деген біз үшін патшадай. Олардың анадайдан төбесі көрінгенде тығылар жер таппай қалатынбыз. Әсіресе, директор Есім Ділманов ағай өте сыпайы, дауыс көтермейтін, бірақ бір кісі алдын кесіп өте алмайтын тегеуріні мықты, болмысы бөлек жан еді. Тау тұлғалы ұстаздар Әшім Аманжолов, Ахметжан Жұмаділдаев, Досмахан Сұлтанов, Сақтаған Шопашев, Иманғали Рыспанбетов Иманғали, Сейділдә Мақұлбеков, Әбжали Омаров сынды абзал жандар біздің абыройлы азамат болып қалыптасуымызға өздерінің білімін, күш жігерін аямайды. Нәтижесінде 33 оқушы жоғары оқу орнын бітіріп, өмірден өз орындарын тапты. Қазір ортамызда Ұлы Отан соғысынан қалған жалғыз солдат Сәрсенбек Байжанов, білім беру саласының үздігі ұстаз Әбен Бакиров ағайлар бар. Әр кезеңнің өзінің қызықты шақтары болады. Нартай, Алғабас ауылынан қыстыгүні батпақ кешіп, жалғыз аяқ жолмен Шиеліге жаяу қатынап оқимыз. Кейіннен ер балалар интернатқа жатты. Ол кезде Шәмшінің әндерінің шарықтап тұрған шағы. Магнитофон, ансамбль, камера деген жоқ. Баратынымыз тек қана мектептегі кештер. Одан қалды мұғалімдерден ұрланып ауылдың шетіндегі бір үйге барып майшаммен ойын-сауық құрамыз. Өйткені жарық түнгі 12-ге дейін ғана жанатын. Бұдан өткен қызықты уақыттар болмаушы еді. Патефон мен сырнайға қосылып ән айтамыз, би билейміз. Сыныптағы ер балалардың әу бастан-ақ көздерінде от, кеуделерінде жалын бар екендігі әрбір іс-әрекеттерінен білініп тұратын.
Иә, жарты ғасырдан астам уақыт қанша аяулы жандарды қатарымыздан алып кетсе де, артында қалғандар тіршілігін жасайды, өмір тоқтамайды. Алланың берген ғұмырының әрбір сәтін құрметтей білу – үлкен парыз. Міне, осы ел алдындағы парыздарын бағалай білген сыныптастарым үшін қуанамын, мақтанамын. Ауданның өсіп-өркендеуіне тамшыдай болса да үлесін қосып, ризашылыққа бөленіп жүрген, көп жылдар Н.Бекежанов атындағы мектеп директоры қызметін атқарған, Қазақ ССР білім беру ісінің үздігі Абай Баукенов қазір Нартай ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы. «Астана Сервис Инвест» ЖШС бас инженері, геолог Өтепберген Қалыбеков, аудандық Сәулет және қала құрылысы бөлімдерінің меңгерушілігінде 27 жыл қызмет еткен Қуандық Әлтаев, Шиелі ауданы аймақтық инспекциясының мал дәрігері, қазір Алғабас ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Әріпхан Жақыпов, Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері Баян Сүлейменова, 25 жылдан астам Ленин атындағы колхоз (Алғабас) ауылында кәсіподақ комитетінің төрағасы болып қызмет атқарған Сейтбаттал Жарасовтар жан-дүниелері бай, таным зердесі айтарлықтай кең, рухани талап тілектері жоғары, халық арасында ыстық ықыласқа ие болған сыныптастарым үшін кеудеңді тік ұстап, шындыққа тура қарайтын өмірдің ұмытылмас шақтарын жазып қалдырудағы мақсатым қолыма қалам алуға жетеледі. Шіркін, уайым мен қайғыдан хабары жоқ жалындаған жастық шақтың қайтып оралмайтыны қаперіне кірмеген бақытты сәттердің артта қалғаны қандай өкінішті. Жетпістен асып, сексеннің сеңгіріне аяқ басып келе жатсақ та, бір-бірімізді көргенде сол бір күндердің көз алдыңа келе қалғаны ғажап-ақ. Дархандығы даладай, пейілі теңіздей сыныптастарым әрқашан мерейлерің үстем, жүздерің жарқын болып, ұрпақтарыңмен мың жасай беріңдер демекпін.
Айжамал Әбдіхамитқызы,
№47 мектептің 1962 жылғы түлегі