Сыр цементі өндіріске шықты
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен индустрияландыру күні аясында «Индустрияландырудың екінші бесжылдығы: Қазақстанда жасалған» телекөпірі өтті. Аталған шарада еліміздің әр өңірімен тікелей байланыс орнап, онлайн режимде бірқатар индустриялық, инфрақұрылымдық, аграрлық және цифрлы жобалар іске қосылды.
Жалпыұлттық телекөпір барысында ауданда жобалық құны 64 млрд. теңгені құраған «Гежуба Шиелі Цемент» тампонажды цемент шығару зауыты да іске қосылды. Оның қуаттылығы жылына 1 млн. тонна цемент шығарып, зауыт өнімінің 30 пайызы шетелдерге экспортталады. Тікелей байланыс арқылы Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Ким Евгений мен ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Дәулет Тұрлыханов, «Гежуба Шиелі Цемент» компаниясы бас директоры Ли Цзиньцин Мемлекет басшысы Н.Назарбаевқа тампонажды цемент шығаратын зауыт құрылысының аяқталғанын баяндады. Тікелей қосылымда «Біздің кәсіпорын Қазақстанда қалыптасқан қолайлы инвестициялық ахуалдың жемісі. Бүкіл әлем инвестициялар мен технологияларды тарту жолындағы сіздің еңбегіңізді жақсы біледі. Біздің жоба Қазақстан-Қытай серіктестігінің нәтижесі» – деді Ли Цзиньцин мырза. Ал, Мемлекет басшысы кәсіпорын жұмысына табыс тіледі.
Нысан іске қосылғаннан кейін 200-ден астам адам жұмыспен қамтылмақ. Қытай инвесторларының көмегімен салынып жатқан Орта Азиядағы заманауи технологиялы алғашқы өндіріс орны. Бұл еліміздегі бірегей цемент зауыты болатыны айдан анық. Сондай-ақ, аудан халқының әлеуметтік жағдайын арттыратыны да сөзсіз. Зауыттың құрылысы басталған кезеңінде 1200 адам жұмыспен қамтылған болатын. «Гежуба Шиелі Цемент» компаниясы өз қаражаты есебінен аудан тұрғындарының арасынан Қытай Халық Республикасында 46 жас маман қайта даярлау курсынан өтіп, бүгінгі күнге аудандағы цемент зауытына тұрақты жұмысқа орналастыру үшін әрқайсысымен жеке-жеке еңбек шарты жасалуда. Бұған қоса Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінде 80 жас маман қайта даярлау курсынан өтуде. Оқудан өткен азаматтардың барлығы цемент зауытына тұрақты жұмысқа орналасатын болады. Бүгінде тампонажды цементі мұнай-газ және уран өндірісінде кеңінен қолданылады. Ең бастысы, өнім шығаруға өңірдің шикізаттық базасы толық жетеді.
Ауданда жүзеге асырылып жатқан индустрияландыру саясаты – ел экономикасына ғана емес, әлеуметтік ахуалға да оң әсерін беріп келеді. Жаңа жұмыс орындары, бәсекеге қабілетті экономика және өңірлердің дамуы – бұл индустрияландырудың басты жетістіктері. «Сыртқы факторлардың жағдайға терістігін азайту үшін экономиканы әртараптандыру қажет екені белгілі. Сондықтан, индустрияландыру бағдарламасын әрі қарай жүзеге асыруды белсенді түрде жалғастыруымыз керек», – деген болатын Елбасы индустриялық-инновациялық бағдарламаның бірінші жылын қорытындылаған сәтте.
Инвестиция, құрылыс саласындағы осындай ілгерілеушілік ауданды өзге өңірлерден ерекшелеп тұр. Себебі, жалғасын тауып жатқан осындай жүйелі жұмыстар уақыт өте өз жемісін беріп келеді. Өйткені, бізде жерасты және жерүсті байлықтарының барлығы кәдеге жарамды тауар ретінде өндіріледі және экспортталады. Ал, әзірге басты бренді Сыр күріші болса, алдағы уақыттарда Сыр шынысы, Сыр цементі аймақ экономикасын еселей түсетініне сенім мол.
Жұлдызай Ноғайбайқызы.
Б.БӘЙІМБЕТ (фото)