Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Жастар жылы»: кімге не берді?

«Жастар жылы»: кімге не берді?

«Біз 2019 жылды «Жастар жылы» деп жарияладық. Ол турасында арнайы бағдарлама қабылдау керек. Жастарға не керек? бірінші білім, екіншіден, үйленетін болса, үй-жай қажет. Жағдай жасалып, жұмыс берілуі тиіс. Төрт нәрсе. Содан кейін бізде «Ауыл – ел бесігі», «Жасыл ел», «Патриоттық сарбаз» деген бағдарлама бар. Оларға арнайы жағдай жасап, жастардың қабілетін көтеруіміз керек. Әсіресе, жасалып жатқан шаруаны Қазақстанның Тәуелсіздігін ­жастар қадірлейтін болар деп ойлаймын. Соған сенемін» деген болатын Елбасы Н.Назарбаев. Енді міне, «Жастар жылының» аяқталуына да санаулы күндер қалды. Олай болса шиеліліктер жастар жылын қалай қорытындылады екен? Бірге саралап көрелік...

Бүгінде Қазақстанда үш миллион сегіз жүз мыңнан астам жас бар. Бұл жалпы халық санының 21 пайызын құрайды екен. Ал Шиелі ауданындағы жастардың саны – 20 129. Бұл аудандағы халықтың 25 ­пайызын алады. Республика бойынша биыл ­жастар саясатын жүзеге асырудың қаржы көлемі 40 пайызға өскен. Оның ішінде өңірдегі жастарға арналған жобаларды жүзеге асыруға 18 млн 560 мың теңге қаралған. «Жастар жылы» қарсаңында өткен шаралар ­республика бойынша үш миллионға жуық жасты қамтыса, ауданда 16 мыңнан аса жас әртүрлі жиын-шаралардың куәсі болыпты. Жалпы жыл басынан бері ауданда 122 шара ұйымдастырылған. Сонымен бірге құқықтық, әлеуметтік, психологиялық тараптан кеңестер берілген. Кеңес берудің басым бөлігі кәсіпкерлікпен айналысуға, тұрақты жұмысқа орналасуға, тұрғын үй мәселесіне арналған көрінеді. Нәтижесінде биылғы жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 97 маман тұрғын үймен қамтылған. Ал жыл басында жұмыссыз деп тіркелген 1483 азаматтың 93,5 пайызы тұрақты жұмыспен және жұмыспен қамтудың мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылған. Бұдан бөлек «Еңбек» бағдарламасы аясында техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау жоспарланып, оның ішінде 199 жас 30-дан астам мамандық бойынша арнайы оқу орындарына жолдама алған. Сондай-ақ сексеннен аса жас кәсіптік курс оқып, өз бизнесін бастауға талпынуда.
«Жастар жылы» қарсаңында жастар білімі мен білігін арттырып қана қоймай, өздерін мәдениет пен спортта да сынап көрді. Сәйкесінше тұлғалық жағынан дамуға септігін тигізетін шаралардың куәсі болды. Соның бірі – «Тұлғатану» жобасы. Биылғы жылдың құрметіне орай ұйымдастырылған ауқымды шара шиелілік жастардың биік белесті бағындырып, талай асуды алған тұлғамен кездесуіне мүмкіндік жасады. Осы шара аясында жастар қауымы ҚР ­Журналистер одағының мүшесі, сазгер Өркен Исмаилмен, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы», ардагер-ұстаз Рақым Мауяевпен, күй өнерінің ақтаңгері Әділбек Тәшімовпен кездесті. Сонымен қатар «Жастар жылына» орай М.Шоқай орталық алаңында Сыр жұлдыздарының қатысуымен өнер кеші өтті. Бұл кешке жиналған қауым астарлы әзіл, қағытпа қалжың естіп, заманауи бидің куәсі болды. Бұдан бөлек құйқылжыта орындалған ән және төгілте шертілген күймен құлақ құрышын қандырды. Кеш барысында жастар жоғары деңгейде көңіл көтеріп, белсенділік таныту арқылы сыйлыққа да ие болды.
Мағжанша айтқанда «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты» жастарға арналып 2019 жылы ұлттық спорт түрлерінен жарыс та ұйымдастырылды. «Жалынды жастар ат үстінде» тақырыбымен болған байқауда теңге ілу, аударыспақ ойындары көрініс тапты. Білекті һәм жүректі жігіттер жеңіс тұғырынан көрініп, мерейі үстем болғаны белгілі.
«Shielizhastar camp – 2019» атты жастар лагері де «Жастар жылының» еншісінде. Яғни осы жылы «Сыр ұланы» тынығу лагерінде 100-ге жуық жас демалған болатын. Олар демалып қана қоймай, бір-бірімен тәжірибе алмасып, келешекке кемел жоспар құрды. Осы орайда арнайы айта ктерлік мәселе, аталған лагер аудан орталығын ғана емес, 22 ауылдық округтің барлығын қамтыды. Оған әртүрлі салада белсенділік танытқан жастар қатысты.
Ал жуырда ғана «Жастар жылының» қорытындысы ретінде «Жастар – ел ертеңі» атты аудандық форум өтті. Форум аясында түрлі салада өңірдің өркендеуі үшін қызмет істеп, тың идея, ұшқыр оймен қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан 10 жасқа «Серпін» сыйлығы табыс етілді. Сонымен қатар аталған форумда үздік деп танылған жастар аудан әкімі және облыстық жастар ­саясаты мәселелері басқармасы басшысының алғыс хатымен марапатталды.
Жалпы мақалаға арқау еткен шаралар мен бағдарламалар «Жастар жылы» қарсаңында атқарған жұмыстардың бір парасы. Не десек те биыл жастар үшін аз жұмыс істелмеді. Қоғамның басты күші саналатын жас буынға бұрынғыдан да баса назар аударылды. Олардың арасында игі бастамалары қолдау тауып, кәсіп бастап, білім алу үшін шекара асқандары да жоқ емес. Иә, «Жастар жылы» аяқталуға жақын. Бірақ бұл жастарға бағытталған шаралар мен жұмыстардың тоқтап қалуын білдірмейді. Себебі, қай кезеңде де елдің ертеңі, мемлекеттің тірегі – жастар.

Маржан БОЛАТҚЫЗЫ


24 желтоқсан 2019 ж. 980 0