Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жастар жылы – флешмоб жылы болмауы керек

Жастар жылы – флешмоб жылы болмауы керек


Мемлекет басшысының ұсынысымен биылғы жыл жастарға арналмақ. «Біз 2019 жылды «Жастар жылы» деп жарияладық. Ол турасында арнайы бағдарлама қабылдау керек. Жастарға не керек – бірінші білім, екіншіден, үйленетін болса, үй-жай қажет. Жағдай жасалып, жұмыс берілуі тиіс. Төрт нәрсе. Содан кейін бізде «Ауыл – ел бесігі», «Жасыл ел», «Патриоттық сарбаз» деген бағдарлама бар. Оларға арнайы жағдай жасап, жастардың қабілетін көтеруіміз керек. Әсіресе, жасалып жатқан шаруаны, Қазақстанның Тәуелсіздігін жастар қадірлейтін болар деп ойлаймын. Соған сенемін» деген болатын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
Иә, жастардың білім алып, баспанамен қамтамасыз етілуіне баса назар аударған жөн. «Жастар жылын» жариялаудағы мақсат та сол – қыз-жігіттердің әлеуметтік жағынан қорғалуына қол ұшын беру. Өйткені, еліміздің болашағы – жастардың қолында. Дегенмен, қоғамда бұл кезеңді қажетсіз флэшмобтар мен мағынасыз форумдар шеруіне айналып кетпесе екен деген алаңдаушылық пікірлер де айтылып жүр.
Жалпы, жастар жылында жастар мәселесін шешіп беруі үшін қандай қарекет керек? Осы орайда біз әртүрлі саладағы жас шиеліліктерді әңгімеге тартып, олардың енді басталған жастар жылы аясында атқарылатын жұмыстарға қатысты ұсыныс-тілегін білген едік. Ендеше, жылдың басты кейіпкерлерінің өзі сөйлесін…

Біржан ӨТЕБАЕВ,
аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ директорының міндетін атқарушы:
Жастардың назарын ұлттық құндылықтарға аударуымыз керек. Себебі, олар бүгінгі таңда материалдық құндылықтарға көбірек мән беретін болды. Материалдық жағынан толыққанды, бірақ, рухани әлсіз адам қоғамға зиянын тигізеді. Сондықтан, таразының екі басын тең ұстауымыз қажет. Бұл ретте ең алдымен, жастардың бойына өнер-білімге деген құштарлықты арттыру керек. Ең маңыздысы, жастардың өз құқы үшін күресе алатындай мүмкіндік қарастыру. Бүгінде жастар жұмыс іздемейді, жұмыс тауып бер деп отырады. Өзіне сенбейтін жас көп. Бұл жақсы нәрсе емес. Ауданымыздағы жастардың саны – 20082 төңірегінде. Жастар жұмыссыз дегенмен келіспеймін, егер, шынымен талаптанса екі қолға бір күрек табу қиын емес. Жұмыс жоқ деген адам мәселені өзінен іздеуі керек.
Дамыған елдер АҚШ пен Еуропада жастарға бөліп-жарып қолдау жасамайды. Заң алдында бәрі тең құқылы. Кез келген жас мамандығын өзі таңдайды, оқитын оқу орнын да өзі шешеді, ал, ол оқуын бітіре алды ма, жоқ па – өзі жауапты. Біздің елде жастарды баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін бағдарламалар жетерлік. Тек ол бағдарламалардан жастардың көбі бейхабар, себебі, ізденіп зерттемейді.

Мұхтар ОРАЗӘЛИЕВ,
аудандық жастар парламентінің депутаты:
– Елба­сының 2019 жылды жастарға арнағанына өте қуаныштымын. Бұған дейін де еліміздегі жастарға барынша жағдай жасалып, мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп келеді деп есептеймін. Өз басым «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында тұрғын үй және көтерме ақы алған жас мамандардың бірімін. Үлкен өмірге аяқ басқан жас үшін бұл ауқымды көмек. Жұмысқа орналасқаннан кейін де ұжымымның қолдауының арқасында әртүрлі жарыстар мен форумдарға қатысып, кәсіби біліктілігімді шыңдап келемін.
Жас оқырман ретінде атаулы жылда бүгінгі жастардың кітап оқудағы сұранысын қанағаттандыру үшін ауданның кітап қорын қазіргі заманғы әдебиеттермен, бүгінгі күннің трендіне айналған психологиялық, философиялық, мотивациялық, бизнес, іскерлік әдебиет бағыттарында жарық көрген шетелдік және отандық бестселлер кітаптармен, әлемдік әдебиеттің жаңа туындыларымен толықтырса деген ұсынысым бар.
Шығармашылыққа енді бет бұрған жас ақын-жазушыларға да қамқорлық күшейсе көптік етпейді. Мысалы, соларға арналған мүшәйра, жыр кештері жиі өткізіліп тұрса, балауса жырлары кітап болып басылса, керемет емес пе? Жастайынан қамқорлықты сезініп, қанаттанған қаламгерлердің болашақта үлкен шығармалардың авторы атанатыны сөзсіз. Осы жайлар жастар жылында жалғасын тапса, талай мықты ақын-жазушының арамыздан көптеп шығатынына күмән жоқ.

Жамбыл ЕРҒАЛИ,
жас кәсіпкер:
– Жастар жылының жариялануы – қуантарлық жайт. Бұл бізге жасалған құрмет деп түсіндім. Менің көзқарасым бойынша, жастардың негізгі проблемалары – білім алу, жұмысқа тұру және баспаналы болу. Бюджеттен бөлінген қаражат пайдасыз флешмобтарды өткізуге жұмсамай, жастарды мазалайтын мәселелерге мән берілсе деймін.
Жастарға ең алдымен сапалы білім керек. Мәселен, кәсіпкерлік бағытындағы білімді күшейтіп, заманауи технологиялар қамтылса, ғаламтор мен әлеуметтік желідегі бизнесті үйрету қолға алынса және шетелден тәжірибе жинақтау мен оқыту курстары ұйымдастырылса, жақсы болар еді.
Тағы бір мәселе — жұмыссыздық. Көпшілік жастар жұмысқа орналасу кезіндегі талаптардың ауырлығына байланыс­ты қалаған қызметіне тұра алмай жатады.
Баспана мәселесі де өзекті. Жұмысы, табысы тұрақты азаматтарымызға тұрғын үй алу­­ға түрлі бағдар­ламалар бар. Дегенмен, тағы да сол жалақының аз мөлшерінің кесірінен көбінің жағдайы келе бермейді. Сол себепті тұрғын үй алу үшін алғашқы жарнаның көлемі төмендетілсе деген ұсынысым бар. Бұл үйлі боламын деген жастарға үлкен сый болар еді.

Нұртілек АҚТАЕВ,
аудандық балалар әуез мектебі дирек­торының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:
– Қазіргі жастар – білімге құштар, жүректері патриоттық сезімге толы, көкірегі ояу, талантты, жаңа заман азаматтары. Біздің елде жастардың дамуы үшін барлық жағдай жасалған. Ойлаған ісін жүзеге асыруға мүмкіндіктер баршылық, тек соны толық игеруге тиіспіз.
Дегенмен, елімізде жастар мәселесі түбегейлі шешілді деуге болмайды. Оған жаңа жылда жіті назар аударылады деген ойдамын. Қоғамның қозғаушы күші жас­тар десек, олардың жағдайын қолға алмай, алдағыны болжау қиын. Осы орайда баспана, жұмыссыздық, жас отбасылар жағдайы секілді өзекті мәселелер бар.
Жалпы, өнер өздігінен өрістеп, дамымайтыны белгілі. Оған қашанда қолдау керек. Төл өнерімізді жастар арасында дамытып, оның көкжиегін кеңейтіп, халықтық рухын сақтап қалу, соның түп-тамырына қан жүгіртіп, ұрпақтар еншісіне таза күйінде жеткізу – біздің басты мақсатымыз. Бұл ретте мәдениет саласының өкілі ретінде аудандағы барлық мәдениет ошағында домбыра, жетіген, қобыз сияқты ұлттық аспаптарды үйрету жаппай қолға алынса деймін. Оның нәтижесі де ауыз толтырып айтарлықтай болатыны сөзсіз.

Гүлхан ЯХИЯЕВА.
09 қаңтар 2019 ж. 1 797 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930