Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қанаты қырқылған Қайрат

Қанаты қырқылған Қайрат

Кейде ақбас тарихтың ақтаңдақ беттерін ақтарып отырып, сан сауал санамызды шиырлайды. Әсіресе, бар құпияны ішіне бүгіп кете барған 1986 жылғы құйынның ашылмаған сыры көп. Қазір қанды қырғынға байланысты түсірілген деректі фильмдер, шығарылған кітаптар мен жазылған мақалалар көмескі жағы әлі айқын ашыла қоймаған көтерілістің көлеңкелі тұстарына жарық сәуле түсіріп тұр. Сондай туындылардың бірі – Коммунар Табейдің «Қайсар рухты қазақ» кітабы. Дүниені дүр сілкіндірген, тәуелсіздіктің туын ең алғаш көтерген әйгілі 86-ның желтоқсанындағы ызғарды, сол алаңда бас көтеріп арпалысқан жас­тарды білгісі келетін һәм тарих беттерін парақтауға қызығушылық танытқан тәуелсіз елдің бүгінгі ұрпақтары қолына алып, жата-жастана оқитын кітаптардың бірі дер едім аталмыш туындыны.

Сырға толы сәйкестіктер
Қайрат Рысқұлбеков 21-ші болып билік басына келген Г.Колбиннің улы жебесіне ілікті. Дәл 21 жасқа қараған шағында қолына кісен салынып, абақтыға айдалды. Сосын 21 күн тоқтаусыз тергеу болып, сот алдында күйіп-жанып 21 камераға тоғытылды. Сол қапаста 21 мамыр күні қара ниет қарақшылардың құрбанына айналды. Осы оқиғадан кейін бірнеше жылдар өткен соң Қайрат Рысқұлбеков 21 ақпанда ақталып шықты.

Алғашқы және соңғы хаттары:
Алғашқы хат: Дүниедегі ең сұмдық зұлымдықты сот алдында азамат сотынан көрдім. Әділетсіздікпен сот кәрін септі, жас гүлге өлім септі, зұлымдықпен атып тұрды да: «ату жазасы» деп жас жүрекке найзаны сұқты кетті. «Өспей жатып – өшу, жанбай жатып – сөну» деген осы да.
Соңғы хат: ... Ардақты анашым! Бар жеткен жерім осы. Аяғыңызға жығылайын! Ақ сүтіңізді ақтай алмай көз жұмып бара жатқаным үшін сорлы балаңызды кешіріңіз! Өтінемін, кешірім өтінемін!
Жоқ! Жазықсыз 20 жыл бойы азап шегетін мен емеспін. Ерте ме, кеш пе, нағыз адам өлтіруші қылмыскерлер әлі-ақ табылады. Бұл ақиқат. Жүрегім сезеді.
Соңғы рет қимастықпен беттеріңізден сарғайған сағынышпен сүйдім!!!
Қош болыңдар! Қош бол, жарық дүние!
Бар бақытымды о дүниеден табармын»
Қ. Рысқұлбековтің түрмедегі күнделігінен:
...Бұл дүниедегі ең зор бақыт – еркіндік екен ғой, кім білген. Адамның бостандықтағы бір күні қапастағы бар ғұмырдан әлдеқайда қымбат екенін енді білгендеймін. Осы түрмедегі біздің күнімізді адам түгіл, итіңе бермесін.
...Қорқу, сескену дегеніміз қорқақтық емес, ол – жүрек тебіренісі, өзін – өзі шектеу сезімі. Қорқақтық – ол қиын жерден бас сауғалай шегіну, қашқақтау, алда тұрған асыл міндеттен өз қара басын жоғары ұстау.
...Осынау нақақтан күйген үш айдың ішінде мен шерменде, күдік дегеннің не екенін білгендей болдым. Тірі кісі үшін, әсіресе, өзін жазықсыз жазықты сезінуден жаман нәрсе жоқ.

К.Табейдің шағын шығармасы асау жүрегі азаттықты аңсаған, әр сөзінде тау суының тасқыны сезілетін, шындық іздеп шарқ ұрған, жас болса да жігерін жасытпай, елі үшін бозторғайдай жанын пида еткен, мыңдаған алаңға шығушылардың ішінде ең жоғарғы жазаға іліккен Қайрат Рысқұлбековке арналады.
Дәл осы кітапта автор Қайраттың «құйынға» түскен ғұмырын зерттеп-зерделеп, бірнеше адамдардың оның ішінде ата-анасы, курстастарының естеліктерін жиыстырып қана қоймай, Қ.Рысқұлбековтің жүрек жарды өлеңдерін жариялайды. Бұдан бөлек темір тордың ар жағында отырып, өмірдегі өкініші мен зарын, өкпесі мен назын жазған хаттарынан үзінді келтірген. Сонымен қатар кітапта қазақ жастарының кенеттен бұрқ етіп, кеңес үкіметі күтпеген адуын мінез көрсетуінің себебі түсіндіріледі. Кітапта жазылғандай әр қадамын аңдап басатын алмағайып заманда қаймықпай, «Мен – қазақпын!» деп алаңға шығуға түрткі болған жайт қазақтың мұң-мұқтажын түсінбейтін, күрделі де иірімі көп кешірімпаз мінезін ұғынбайтын, жалғыз ешкісін қонақасына шалатын ақкөңілділігін ақымақтық деп мазаққа айналдырған Г.Колбиннің билік басына келуі еді. Алайда «Әр ұлтқа өзінің басшысы керек» деген ұранды алға тартқандардың арасында «Бәрі кеткенде, біздің оқшауланып қалуымыз – сатқындық» деген көпшіл намыспен барғандар да, «Не болар екен?» деп қызығушылықтың буымен жүргендер де болды. Соның ішінде кітаптың кейіпкері Қайраттың мақсаты айқын еді. Біз оны ата-анасына жазған хатынан аңғара аламыз. Ол тергеуден соң үй ішіне: «Мен сіздерден ештеңе жасырмаймын, мен 18 желтоқсан 1986 жылы алаңға бардым. Барғанда да Қонаевтың күйін күйттеп барған жоқпын. Тек қана алаңда қазақтың уыздай жас қыздарын ұрып-соғып, өлтіріп жатыр дегенді елден естіген соң, «күл болмасаң, тұл бол» деп отыруға еркектік ар-намысым жібермеді» деп баяндайды. Демек қайсар рухты қазақтың зығырданын қайнатып, жігерін қайраған қаракөз қыздардың аяқтың астына тапталуы еді. Бірақ бұны «шаш ал десе, бас алудан тайынбайтын» шолақ белсенділер түсінбей, жығылғанға жұдырық деп жас жігітке жаланы үйіп-төгеді. Тергеу кезінде сау тамтығын қалдырмай, ұрып-соғып мойындатуға мәжбүрлейді. Бұл жөнінде Қайрат өз анасы Дәметкенге: «Менің еш кінәм жоқ, жала жауып отыр. Болмаған соң зәбір көрсетіп, ине тықты», – деп сот болған кезде зар еңіреп айтады. Оқуда озат, әр ісінде өнеге бар өрімдей ұлдың түрмеге тоғытылуы, жазықсыз зәбір көруі жақындарына ғана емес, замандастары мен достарына да ауыр тиеді. Тергеу бөліміне келген әрбір адам Қайратты ақтап қалуға тырысады. Алайда қылмыстық істерді жүргізу ережелері өрескел бұрмаланып, алдын-ала дайындалып қойылған куәгерлердің сөзі ғана қағаз бетіне түсіріліп, сотқа жеткізіледі. Шындық іздеп шарқ ұрғандардың ащы зарын, өтірікпен алмастыруға келмейтін ақиқатын іс жүргізушілер шыбын шаққан құрлы көрмейді. Бірақ Қайрат ажалдың аузында тұрса да, ары алдында арамдыққа еш барған емес. Бұны бауыры Талғатқа жазған мына хатынан байқаймыз. «Бақ түссе маңдайымнан, тас түссе талайымнан көріп алдым, маған өлім қорқынышты емес, өйткені, адалдығым одан да биік тұр. Жоғарғылар ақтаса ақтар, болмаса құдай сақтар. Басқа не істейміз, аяқтарына жығылатын мен емес». Осы үзіндіден Қайраттың әділетсіз биліктің алдында именіп басын ие қоймайтынын да аңғаруға болады. Ал өмірден өтердегі соңғы хатында ана алдындағы перзенттік парызын өтей алмағанына өкінетінін жеткізген. «Бозторғайдай жаным бар, алам десең алыңдар!» деп жырлаған жас жігіттің өлімі де құпия болып қалды. Қала бермек те. Сот үкімі ату жазасына кескеннен кейін көп адамның жүрегі жаншылды. Сыртқа білдірмесе де, іштен тынып әзер жүрді. Бірақ шетелдік басылымдар қазақ жігітіне кешірім беруді өтініп, жарысып мақала жариялады. Бұл оқиғаның әлемдік деңгейде талқыланып жатқанынан билік сескенді ме, Қ.Рысқұлбековтің жазасын 20 жыл бас бостандығынан айыруға ауыстырды. Осы сәтте Қайраттың тілеулестері шын қуанды. Аман-есен орталарына оралатынына сенім білдірді. Бірақ ол сенімдері ақталмады. Қ.Рысқұлбеков өзін-өзі өлтірді деген суыт хабар демде таралып кетті. «Қайрат өзінің өмірін оп-оңай қия салатын адам емес» деп ата-анасы, жанашыр жолдастары өзектерін өкініш өртеп қала берді.

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА

14 желтоқсан 2019 ж. 556 0