Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Талай құпияны ішіне бүккен тарихи жерлер

Талай құпияны ішіне бүккен тарихи жерлер

Тақуа тарих беттерін ақтарсаңыз, қазақ халқының басынан өткен қиындықтарды оқи аласыз. Ал тілсіз сайрап тұрған жерлерді көрсеңіз, ұлттың тыныс-тіршілігі және салт-дәстүрімен танысқандай күй кешесіз. Әсіресе қарт Қаратаудың бөктері талай құпияға толы. Иә, ол жерде сіз бен біз білмейтін жауһар жұмбақты ішіне бүккен жерлер көп. Соның бірі – Әулиесай мен Қоскемпір.
Көпті көрген көнекөз қариялардың айтуынша, Қосүйеңкіде Әулиесай аталатын бұлақ бар. Тау мен сырға өткен малшылар басына тоқтап суын ішіп, құран оқып кетеді екен. Ондағы ағашқа тілегін айтып, орамал байлауды да естен шығармайтын болыпты. Киелі жерде әулие кісілерде аз болмағанға ұқсайды? Сондай сөзі уәлі, аузы дуалы жандардың бірі талай жыл егінмен айналысыпты. Оны бір күні басқыншылар жерінен қуып, өнімін өздеріне басып алғысы келеді. Содан қатты қапаланған егінші «Тас бол!» деп қарғыс білдірген екен. Кейіп тұрған кісінің тілегі қабыл болып, егіннің барлығы тасқа айналып кеткен көрінеді. Осыдан болса керек, жұртшылық Әулиесайдың айналасындағы тасты бау-бақша өнімдеріне ұқсатады.
Ел басына күн туып, «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаға» тап болғанда талай жан бас сауғалап, елден жырақ кетті. Баласы бар, данасы бар тас жолда табаны тесілгенше жол жүрді. Алайда ел арасында қауқары кеткен қарияларды артық жүк санап, көштен шығарып салуға ниеттенгендер де табылды. Сол жағдайға еңкіш тартқан екі кемпір де ұшыраған екен. Олар бір-бірінің базынасын тыңдап, етегі жасқа толған күйі шерменде кетіпті. Содан бері Қосүйеңкі ауылында Қоскемпір аталатын тарихи орын пайда болған деседі жұрт.
Маржан Болатқызы

27 қыркүйек 2019 ж. 1 216 0