Құт қонған Қаратаудың қойнауына
Тілшілік тіршілікпен жолға шықтық. Діттеген жеріміз – қатпар-қатпар Қаратау бөктеріндегі Қосүйеңкі ауылы. Ал негізгі мақсатымыз – мұндағы малшылардың жай-күйімен танысып, берекеге бастайтын бейнетін бағамдау.
Қосүйеңкі ауылы бізге жат емес. Бертінге дейін бұл мекенді талай құпияны ішіне бүккен тарихи орындары арқылы білеміз. Әулиесай, Қоскемпір, Тақиятөбе, Сауысқандық сынды жұмбақ жауһарды жасырған жерлер ауыл айналасында. Олар туралы аңыз айтылса, Қосүйеңкінің атауы да қосақталады. Алайда, жұртшылық осындағы бейнеткеш жандарды, әсіресе мал өсіріп, көл көсір пайдаға кенеліп жүрген кісілерді білер ме екен? Біздің көкейіміздегі сауал осы. Егер осы мақаладан кейін көпшілік Қосүйеңкінің қойшысы туралы ақпаратпен қанықса мақсатымыз орындалар еді.
Қой өсіру – берекелі шаруашылық
Елді мекеннің есігінен ене бергеннен тұрғындардың негізгі күнкөрісі мал шаруашылығы екенін ұғыну қиын емес. Өйткені, көшеде бір емес, бірнеше қоралы қой қаздай тізіліп тұр. Әр үйдің алдында мая-мая үйілген шөп. Қысқа дайындыққа кірісіп кеткен сыңайлы. Ал анадайда бой көтеріп, менмұндалап тұрған мектеп. Заманауи үлгіде соғылғаны көрініп тұр. Мектептен әрі аса бергенде балабақша. Осы екі ғимаратқа қарап, жас буынның білім алуына бар жағдай жасалған екен деп топшыладық.
Бізді ауыл тұрғыны һәм мақала кейіпкері Ғабит Бейсенов қарсы алды. Жалғыз емес екен. Жанында әпкесі Мадина Бейсенова да бар. Екеуімен емен-жарқын амандасып болған соң, бірден өріске тарттық. Себебі, малдың барлығы сол жақта жайылып жүр. Жол-жөнекей Ғабит аға әңгімесін айтып, қойшының өмірі туралы тарқатты.
Ғабит Серікбайұлы 1971 жылы Төңкерісте туып, алты жыл ауданда орта білім алған. Ол жастайынан малсақ болып өскен. Арысын айтпағанда, күні кешеге дейін ата-бабалары қой өсіріп, атақты шопан атанған. Бұл да әкесінің жанынан бір елі қалмай, жәрдемші ретінде жүрген. Содан шығар, малға үйірсек. Алайда, Ғабит небәрі 18 жасында Сібірге әскерге кетеді. Хабаровск қаласында борышын өтеп, араға екі жыл салып ауылына оралады. Туған өлкеге келген бойда әкесінің өнегелі істерін жадына сақтап, еңбек дегеннің құдіретті күшін, оның адамға сыйлар тәтті дәмін сезіне білді. Күн-түн демей мал өсірумен айналысып, осы саланың қыр-сырына қанығады. Содан кейін 1993 жылы отау құрып, Әлия Әлжанова атты аруға отағасы атанады. Жас отауға көпті көрген ата-анасы еншісін беріп, бөлек үй тігіп береді. Бір жанның арқа сүйер азаматы, бір шаңырақтың тіреуішіне айналған Ғабит ендігіде жылқы шаруашылығын қолға ала бастайды. Шаруашылықтың осы бағытымен 4 жыл айналысып, уақыт өткен сайын кәсіпті кеңейтуді жоспарлайды. Осы орайда «Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл көсір» деген ұстаныммен ата кәсіпті әрмен қарай жалғастыруды ниет етіп, қораны қоймен толықтыруды ойлайды. Өз ісінің шебері атанған Ғабит келесі кезекте мал көрсеткішін арттыру үшін мемлекеттің көмегіне жүгінеді.
Қимылдаған қыр асады
Ізденіс ізінде жүрген Ғабит тікелей қой шаруашылығымен айналысатын фермерлерді қолдайтын «Алтын асық» бағдарламасымен танысады. Аталған бағдарлама уақ мал санының көбеюін қамтамасыз етеді екен. Іздегенге сұраған демей ме? Ғабит бағдарлама туралы мәліметті білген соң, тәуекелге бел буып, «Алтын асықтан» пайыздық мөлшерін жеңілдетіп, 12 млн теңге несие алады. Осылайша қарапайым қойшы болған ол «Ғабит» шаруа қожалығының жетекшісі дәрежесіне көтеріледі. Алайда, төрағамын деп шынтақ таянып жатпай, бел жазбай еңбек етеді. Қазіргі таңда шаруа қожалықта 700 бастан асатын аналық және 24 бас асыл тұқымды қазақы қошқар, 100 бас ірі қара мен 30 бас жылқы бар. Ғ.Серікбайұлының айтуынша қылшықты жүнді қошқарлар Орал қаласынан әкелінген. Қазіргі таңда олар күйекке дайындалу үстінде. Сол себепті қошқарлар қорада қоректенеді. Ал өзге қойлар иен далада жайылады. Отар-отар қойды жаз жайлауға, қыс қыстауға айдап, жағдайын жасайтын Ғабит ағаның ұлы Ынтымақ. Ол жас болса да қыл құйрықты ерттеп мінген кәнігі бақташы. Қолы қалт еткенде жайылымдағы жұмысына жөнеледі. Әкесінің ізін басып, ісін осылай жалғастырады.
Мал шаруашылығындағы мәселе
Төрт мезгілде де тыным таппайтын еңбеккерлердің қатарында қойшылар да бар. Олар бетін күн қақтап, жел кептірсе де жайлаудағы жұмысын тоқтатпайды. Құлқын сәріде кіріскен тірлігін кеш қарайғанша жалғастырады. Сондай-ақ мал шаруашылығында кездесетін мәселелер де қос бүйірден соғып титықтатады. Иә, өзгелер оңай ойлайтын жұмыстың да жүнжітетін тұстары бар. Ол тіршілік көзі саналатын судың тапшы болуы. Қосүйеңкі ауылында адам да, мал да су тапшылығын сезініп отыр. Тұрғындардың барлығы бір ғана бұлақ басына келіп шөлін қандырады, қажеттілігін қамтамасыз етеді. Ол маңнан жайылымда жүрген малдар да су ішеді. Қысқаша айтқанда, бүтіндей бір ауылды жалғыз бұлақ асырауда. Оның өзін тұрғындар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жасап алған. Бұл тұрғыда Ғабит Бейсенов:
– Мал шаруашылығымен айналысатындарға су ауадай қажет. Ал біздің ауылда адам мен мал бір жерден су ішеді. Мал жайып жүрген жандардың барлығы осы жерге жиналады. Кейде бірдей уақытта келгенде мына жердің шаңы аспанға көтеріледі. Ал шаң-тозаңның пайдасынан зияны көп. Мал ауруының біраз бөлігі де соның кесірінен пайда болады. Егер әр жерде құдық қазып, оның санын арттырса, ауылда су тапшылығы сезілмеуші еді, – дейді.
Негізінде ауыл тұрғындарын ауыз сумен водовоз қамтамасыз етеді. Әр шаңырақ өзара келісіп, апта сайын су тасушыға ақша төлеп, есік алдындағы құдықты суға толтырып алады.
Мал өсірумен айналысатын адамдарды алаңдататын келесі жайт – жүн өндеудің кенжелеп қалуы. Жыл сайын қой қырқымнан кейін қап-қап жүндер лажсыздан күлге айналады. Себебі, ауданда жүн өндейтін өнеркәсіп жоқ. Жалпы ауданда ғана емес, қазіргі таңда жүн өндеу кәсібін алға қойған Австралия, Жаңа Зеландия, Уругвай шығынға батып, өндірісін қысқартуға мәжбүр. Киім-кешек кәсібінде де қой жүнін синтетикалық маталар алмастыруда. Ал жүннен тоқылатын киізді ешкімнің үйінен кездестіре алмайсыз. Бірақ сонда да қойшылардың үміті үзілмек емес. Олар «Шиеліде шаруашылық жетерлік. Барлығы қой жүнін босқа тастауда. Егер шаруалар бірігіп, қой жүнін бір жерге өткізсе, шикізаттан өнім дайындайтын біреу табылатын шығар» деген ойда.
Қаймақ шайқап, май дайындайды
Ауылдан шыққан өнім қашанда өзінің дәмімен ерекшеленеді. Қосүйеңкіде ер-азаматтар мал бағып, түзде тірлік істесе, әйелдер қауымы қазан-ошақтың қасында жүріп, берекелі іспен айналысады. Ауыл әйелдерінің көпшілігі сиыр сауып, сүт ұйытып, қаймақ шайқап, май дайындайды. Бұл олардың бір күн естен шығаруға болмайтын жұмыстары. Өйткені, осы табиғи өнім арқылы ақ дастарқанын толтырып, табыс табуда. Солардың бірі – Мадина Бейсенова.
Ол 1967 жылы Қосүйеңкі ауылында дүниеге келген. Қазіргі таңда үбірлі-шүбірлі болып отырған 10 немеренің әжесі. Жасы елуді еңсерсе де, қимылы ширақ. Кез келген істі ұршықша иіреді. Әсіресе, құрт дайындап, күбі піскенде алдына жан салмайды.
М.Серікбайқызы әр таң сайын 15 бас сиыр сауып, оның өнімінен айран, қатық, құрт әзірлейді. Ірімшік пен майды да есінен шығарған емес. Дайын болған өнімдерді Алматы, Нұр-Сұлтан, Қызылорда қалаларына жөнелтеді. Тіпті тұрақты тұтынушылары да бар. Мадина Серікбайқызының айтуынша, қарапайым құрт дайындаудың өзінде бір бастан жетіп артылатын жұмыс бар екен.
– Жер бетінде құртты білмейтін қазақ жоқ шығар. Алайда, оның да әр алуан түрі кездесетінін білетіндер көп емес. Иә, құрттың өзі неше түрлі болады. Мәселен, жас құрт. Ол жайғанына бір-екі күн ғана болған, әлі кеуіп үлгермеген түрі. Одан кейін көбік деп аталатыны бар. Бұл қайнап жатқан құрттың қалқып алынған беті. Майлы болғандықтан жас балаларға, қарттарға қалқып береді. Тіпті бұрындары осындай салт та болған. Бұдан бөлек ыстық, сықпа, малта, езген, ұнтақ деген сияқты түрлері де кездеседі. Міне, өзгелер сүзбені сығып жасай салады деп ойлайтын шығар. Алайда, құр жасаудың өзі бірталай жұмыс. Сондықтан оны мен қазір келіндеріме үйретудемін. Тек мұны емес, сүттен дайындалатын астың барлығын санасына сіңіруіне септігім тисе екен, – дейді ақ жаулықты ана.
Келешекке құрған жоспар көп
Байқағанымыздай Ғабит Серікбайұлының мал шаруашылығында тәжірибесі мол. Десек те ол болашақта нық қадам басып, жүйелі жұмыс істеуін тоқтатпақ емес. Өзінің айтуынша, алдағы күннің еншісінде орындалуы тиіс бірнеше іс бар. Соның бірі – қой етін экспортқа шығару. Шаруашылықтан мал бордақылайтын алаң ашып, сапасы мен бағасы халық көңілінен шығатындай өнім өткізу. Бұдан бөлек мал терісін іске асыру ойында бар. Біз де өз кезегімізде қойнауына құт қонған Қаратау бөктеріндегі қойшыларға сәттілік тілейміз!
Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА