Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АДАЛ БЕЙНЕТТІҢ ТӘТТІ ДӘМІН ТАТҚАН

АДАЛ БЕЙНЕТТІҢ ТӘТТІ ДӘМІН ТАТҚАН

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялай келе: «Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз» деп атап өткен болатын. Бұл Президентіміздің парасатты да пайымды сөзі еңбек адамдарына жігер сыйлап, қайрай түскені анық.

Д а н а х а л қ ы м ы з д а « Е ң б е к – адамның екінші анасы», «Еңбек ерлікке жеткізер, ерлік елдікке жеткізер», «Еңбегі аздың – өнбегі аз, еңбегі көптің өнбегі көп» деген тәмсілді сөз бар. Асылында, адам баласын еңбек өсіреді. Адамның көзін ашқаннан бастап, белі бүгілгенге дейінгі аралықтағы өмірі тұтастай еңбек етуге, саналы ұрпақ тәрбиелеуге, ұрпағына тәлім-тәрбие мен жан-жағына үлгі-өнеге қалдыруға құрылады екен. «Адал еңбекпен мал іздемек – ол арлы адамның ісі» деп ойшыл Абай Құнанбайұлы өсиет еткендей, адал еңбекпен есейіп, айналасына үлгі болып жүрген азаматтардың барын біз әрдайым мақтаныш етіп, оқырман назарына ұсынып келеміз.

Ауылдағы ең қарапайым да мәртебелі мамандықтың бірі – механизатор. Дала төсінде қызу еңбекпен жүретін тракторшылардың еңбегі қай мезгілде болсын ерекше саналады. Олар егін егіп, жер жыртып, экономиканың дамуына, әрі өндірістің өркендеуіне сүбелі үлесін қосып жүрген мәрт азаматтар «байлықтың атасы – еңбек, анасы – жер» екенін бізден артық білер. Еңбек адамды адалдық, табандылық, жауапкершілік сияқты қасиеттерге баулып игілікке жеткізеді. «Маңдайы терлемегеннің қазаны қайнамайды» деп те жатамыз. Табыстың кілтін тынымсыз тірліктен тауып, адал еңбектің тәтті дәмін татып жүрген азаттың бірі – Әділхан Қасымбек. ...Ел үшін туған ерлердің Алды-арты дария, кең болар. Артықша туған азамат Халыққа үлкен бел болар, – деп жыр алыбы Жамбыл Жабаев жырлағандай, Әділхан Мұхтарұлы ауыл шаруашылығының дамуы жолында аянбай қызмет етіп, адал еңбекпен есейіп келеді. Ол 1996 жылы тіршілігі егін шаруашылығымен біте қайнасып жатқан Ақмая ауылында дүниеге келген. Ауылда орналасқан №49 орта мектепті 2013 жылы бітірген соң, әскери борышын өтеуге аттанып, аман-есен абыроймен елге оралады. Келген соң қалаға құмартпай, «Кіндік қаным тамған жерге, маңдайымның тері де таму керек» деп «Ақмая» шаруа қожалығына күрішшінің көмекшісі болып жұмысқа орналасады. Алғашқы екі жылда комбайншының қасында көмекші болып қызмет атқарып, сонан соң өзі де 1 жылдан аса алып комбайынды тізгіндеп, техника тілін меңгереді. Содан кейін көктемде тракторға отырып жер жырту, күзде сүдігер тартады. Техниканың тілін тез меңгеру қабілетін байқаған шаруашылықтың басшылық тарапы Әділханға жаңа заманауи үлгідегі тракторды сенім артып тапсырады. Бұның да қыр-сырын жетік меңгерген ол шарушылықтың тірлігін түлетіп, тынбай еңбек етеді. Ал қазір таңда кейіпкеріміз К-150 алып техникасымен фермаға және шаруашылық үлескерлеріне шөп тасу жұмысына білек сыбана кіріскен. Адамның көңілін жықпас көркем мінезімен көптің батасын алып, ауыл халқының құрметіне бөленіп келеді. Тілдесе келе кішіпейіл мінезі, елге болсын дейтін кең пейілі, берік ұстанымы тұла бойынан табылған асыл қасиеттеріне куә болған біз де ризашылық таныттық. Ерен еңбекті ескерусіз қалдырмайтын ұжым Әділхан Мұхтарұлын республикалық «EL QURMETY» қоғамдық қорының атынан өз саласына қосқан үлесі үшін «Еңбек даңқы» медалімен, сондай-ақ «Ақмая» ШҚ бойынша 2023 жылы күріштен мол өнім алуға еңбек еткені үшін «Үздік механизатор» номинациясымен марапаттаған. Бұл – ауылдағы қарапайым еңбек адамына берілген лайықты марапат. Халқымызда «Әке көрген – оқ жонар» деген тамаша әрі дөп айтылған тәмсіл бар. Бүгінгі кейіпкеріміздің техникаға деген қызығушылығы әкенің қанынан дарыған десек қателеспегеніміз болар. Себебі Әділханның әкесі Мұхтар Қасымбекұлы «Ақмая» шаруашылығында 40 жылдан аса механизатор болып еңбек етіп, жұмыстың жүйелі жүріп, шаруашылықтың мол өнім өндіруі жолында күш-қайратын сарп етіп келеді. – Бала күнімнен әкемнің жанында қолғабыс ете жүріп, техникаға деген қызығушылығым артты. Ағаларымда алып техника айдап, шаруашылықта қызмет етеді. Сондықтан әскерден келген соң көп ойланбастан әке жолын қуғанды жөн көрдім. Бұл шешіміме ата-анамда қуанып, сәттілік тіледі. Міне биыл шаруашылықта еңбек етіп жүргеніме 10 жыл толады. Әрине, әр жұмыстың өзіндік қиыншылықтары мен қуанышты сәттері қатар жүреді. Тракторымыз бұзылып жолда қалған күндер де болды. Бірақ бұның барлығы жас маманға үлкен тәжірибе сыйлайды. Ең бастысы жұмысыңа деген адалдық, қажымас табандылық керек. Әкем де үнемі осылай айтып жігерлендіріп отырады. Сондықтан өз жұмысымды мақтан тұтамын және ауыл шарушығы саласының дамуына өз үлесімді қосамын, – Әділхан Мұхтарұлы. Жоғарыда айтқанымыздай, бақуатты тұрмыстың кілті – еңбекте. Абай атамыз «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деген қаннатты сөзі де осыны көксейді. Әр адам өзінің қалаған мамандығын таба білсе, еңбегі жанады, сол жолда бақытқа, құрметке бөленеді, еңбегінің жемісін жейді. Ал мақсаты айқын, ет жүрегі ел деп соққан бүгінгі мақаламызға арқау болған кейіпкеріміз Әділханның таңдаған бағыты баянды болсын деп тілейміз.

М.ИБРАГИМОВ

14 тамыз 2025 ж. 42 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№60 (9327)

12 тамыз 2025 ж.

№59 (9326)

11 тамыз 2025 ж.

№58 (9325)

05 тамыз 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031