«ТІЛ - ЕЛІМІЗДІҢ ТІРЕГІ» АТТЫ ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТКІЗІЛДІ

«Руханият» орталығында мемлекеттік тіліміздің қадір-қасиетін дәріптеу және оны сауатты дұрыс қолдану мақсатында «Тіл - еліміздің тірегі» атты дөңгелек үстел өткізілді.
Шараға аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі, жеке кәсіпкерлер, қоғамдық даму бөлімі, «AMANAT» партиясы, орталық кітапхана қызметкерлері, музей, жастар ресурстық орталығының мамандары, «Қазақ тілі» қоғамының Шиелі ауданы бойынша өкілі Сағындық Сұлтан және тіл жанашырлары қатысты.
Дөңгелек үстелде мемлекеттік тіл туралы өзекті мәселер қозғалып, пікірлер айтылды. «Қазақ тілі» қоғамының өкілі Сұлтан Сағындық аудан орталығында кейбір кәсіпкерлік нысандарының дұрыс атау қоймауы немесе басқа тілде жазылуы туралы пікірін айтып, мемлекеттік тіліміздің мерейін арттыруға үлес қосуға шақырды.
Кездесуде тілдерді оқыту орталығының Шиелі ауданы бойынша мемлекеттік тіл оқытушысы Сейтхан Нұрай баяндама жасап, жеке кәсіпкерлерге тамақтану орындарындағы (мейрамхана, дәмхана, асхана, Coffe BOOM) ас мәзірін тек өзге тілде ғана жазбай, бірінші мемлекеттік тілде, одан кейін ғана өзге тілде жазылуы тәртібін түсіндіріп өтті.
Шара соңында қатысушылар өз ойларын ортаға салып, ана тілімізді ардақтап, оны үнемі биікте ұстау ортақ борышымыз екенін атап өтті.