Еуропаның оңтүстігінде орман өрті өршіп тұр

Албанияда орман өртінен кем дегенде бір адам қаза тапты: полицияның мәліметінше, 80 жастағы ер адам бау-бақшасында от жаққан, бірақ жалын бақылаусыз қалып, ақыры тілсіз жау бірнеше ауылды шарпыған. Албанияда барлығы 30-ға жуық орман өрті тіркелді. Олармен күресуге мыңнан астам адам, оның ішінде сарбаздар мен еріктілер жұмылдырылды. Жақын жерде үлкен оқ-дәрі қоймасы орналасып, өрт шығу қаупі төніп тұрғандықтан, бірнеше кент тұрғынын эвакуациялауға тура келген.
Испанияда қазірдің өзінде өрттен кем дегенде екі адам қаза тапты, қызыл жалын мың гектардан астам орман мен егістікті шарпыған. Осыған байланысты бірнеше мың адам эвакуациялануға мәжбүр болды. Мадрид маңындағы ең ірі өрттердің бірі сәрсенбі күні ауыздықталды. Полиция әдейі өртеу күдігімен бірнеше адамды қамауға алды. Болжамға сәйкес, түбекте 44 градусқа дейін ыстық болады.
Португалия билігі көптеген орман өрті мен аптап ыстыққа байланысты бүкіл елде төтенше ауа райы жағдайы туралы ескерту жасады. Жалынды сөндіруге екі мыңнан астам өрт сөндіруші жұмылдырылды. Демалыс күндері Португалияның солтүстігінде үш өрт оқиғасы болды.
Италияда Везувий баурайындағы ірі өртке қарсы күрес жалғасып жатыр. Оқиға өткен жұмада болған. Түтін мен жалын аумағы ғарыштан да көрінеді. Бұған дейін Түркияның бірқатар өңірінде тұтанған орман өртімен күрес жалғасып жатқанын жазған болатынбыз.