Көшпелі отырыс өтті
Сәрсенбі күні Арман мәдениет үйінде аудан әкімдігі жанындағы жастар істері жөніндегі кеңестің көшпелі отырысы өтті. Кеңеске ауданның барлық ауылдық округтерінің жастар өкілдері, сондай-ақ ауыл әкімдері, бөлім, мекеме басшылары, жастар қоғамдық бірлестіктерінің жетекшілері мен жастармен жұмыс жасайтын мамандар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жастар кеңесінің ашылуында аудан әкімі Әшім Оразбекұлы Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын міндеттер жайлы айта келе, қоғамның даму барысындағы жастардың орны мен жүктелетін міндеттер туралы әңгіме өрбітті.
– Еліміздің әлем алдындағы беделі айқын. Осы биікке көтерілуімізге барлық қоғам мүшелерімен қатар келешегіміз, яғни жастардың айтарлықтай үлесі бар. Алдағы уақытта жастар елдің өсуі мен ізгіленуіне белсенді атсалысуы керек. Бұл орайда мемлекет тарапынан қолдау көп. Осы мүмкіндікті әрбір талантты жас тиімді пайдалануы тиіс деп ойлаймын, – деді аудан басшысы.
Жастар кеңесінің отырысында «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының бағыттары аясында жұмыссыз жастарға көрсетілген қолдау шаралары жайлы да баяндалды. Мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылуы, алдағы жылдың «Еріктілер жылы» болып жариялануына байланысты атқарылатын жұмыстар туралы сала басшыларының хабарламалары тыңдалды. Майлытоғай ауылының әкімі Қ.Асанов, Сұлутөбе ауылдық округінің әкімі К.Маметов, Қарғалы ауылының әкімі Б.Райымбеков, Қоғалы ауылының әкімі Ғ.Сейітов ауылда жастар саясатын дамыту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарын жұртшылық назарына ұсынды.
Азамат Жапбарбергенов