Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тестілеудің тағы бір мүмкіндігі

Тестілеудің тағы бір мүмкіндігі


Ұлттық бірыңғай тестілеу – түрлі мамандықтың тізгінін ұстап, белгілі бір кәсіп иесі атануды көздеген талапкерлердің мектеп қабырғасындағы 11 жылдық білімінің нәтижесін көретін шақ. Ол тек білім алушының ғана емес, ұстаздар мен мектептердің де сыналатын сәті. Биыл ҰБТ форматы біршама өзгергені бұқараға белгілі. Яғни 2019 жылдан ­бастап ұлттық бірыңғай тестке жылына 4 рет қатысуға мүмкіндік туды. Оның ішінде қаңтар, наурыз, тамыз айлары ақылы түрде өтсе, маусым айында ақысыз білім грантын ұтып ала аласыз. Ақылы қатысушылардың арасында өткен жылы қажетті балл жинай алмай қалғандар мен өзге мамандыққа түсуді көздегендер бар.
ҰТО-ның Шиелідегі филиалының жетекшісі Шерәлі Үркімбаевтың айтуынша, ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу үшін өтініштерді қабылдау 1-15 желтоқсан аралығында жүргізіледі. Айта кетейік, өтініш білдіру онлайн тәртібінде өтеді. Бұл ретте бітіруші талапкер http:\\ ent.testcenter.kz сілтемесі арқылы алдын ала өтініш бере алады. Бірақ алдын ала өтініш берген жағдайда бітіруші талапкер міндетті түрде ҰБТӨП-ке құжаттарды тапсырып, тіркеуден өтуі шарт.
Сонымен қатар Ш.Үркімбаев биылғы жылғы мектеп бітірушілердің ҰБТ-ға қатысу үшін қажетті құжаттарын да айта кетті.
– Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысушы үміткерлер алдымен ҰБТӨП-ға өтініш жазады. Одан бөлек 3х4 көлеміндегі 2 дана фотосурет, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі, тапсырушы талапкердің білім алатын орнынан анықтама, тестілеуге қатысу үшін ақы төлегені туралы түбіртек қажет. Айта кетейін, 16 жасқа толмаған немесе жеке басын куәландыратын құжаты жоқ болған жағдайда туу туралы куәліктің көшірмесін тапсыра алады. Сонымен қатар тестілеу құны 2242 теңгені құрайды, – дейді Ш.Үркімбаев.
Иә, бүгінде жоғары оқуға түсуге мүмкіндік мол. Мектеп бітірушілер ҰБТ тапсырады. Бірі шарықтаған балл жинап, бөркін көкке лақтырса, енді бірі межелі, алуға тиіс ұпайды жинай алмай қалады. «Білімге әркімнің-ақ бар таласы» демекші, өткен жылы жоғары оқу орнына түсе алмай қалғандар үшін де ақылы тест зор мүмкіндік болмақ.

Фариза КЕНЖЕШОВА

05 желтоқсан 2019 ж. 530 0