Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қарттарға құрмет арта бермек

Қарттарға құрмет арта бермек

Қазақ – қашаннан қариясын құрметтеген ел. Қартын қазынасына балап, ешбір істі үлкендердің рұқсаты мен ақ батасынсыз бастамаған. Жасы келген кісіні аялау, ардақтау, құрметтеу әрбір азаматтың парызы деп білген. Қарсы келмей, әр сөзін заң деп қабылдаған. Бүгінде жаңарып, жаһанданған дәуірге басқан жаңа қадаммен қазақты қазақ етер ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар да жандана түсуде. 1 қазан – қарттар күні мерекесі де соның бір дәлелі.
Биыл да жылдағы дәстүр бойынша мереке қарсаңында түрлі шаралар ұйымдастырылып, қазыналы қариялардың көңіл-күйі мен денсаулығын арттыру бағытында жұмыстар істелді. Соның бірі – өткен аптада мерекеге орай аудандағы іргелі мекемелердің бірі «Семізбай-U» ЖШС-ның Жөлек ауылының қарттарына құрмет көрсетуі. Елді мекенге «Медикер –өндірістік медицина» мамандарын арнайы шақыртып, дәрігерлер қарт кісілердің денсаулығын бастан-аяқ тексерістен өткізді.
– Қарттарды құрметтеу – қанымызға сіңген қасиет. Тек мереке күні ғана емес, жыл бойы үлкен кісілерді қуанышқа бөлеп, денсаулықтарына көңіл бөлу азаматтық парызымыз деп білемін. Мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады, – дейді «Семізбай-U» ЖШС-ның бас директоры Елнар Қайратұлы.
Аталған мекеме қайырымдылықтың қай түрі болмасын шет қалмай, білсенді атсалысып жүргеніне көзіміз куә. Тіпті республикалық деңгейдегі ауқымды шаралардан да қалыс қалмайды. Мәселен, жазда Арыс қаласында орын алған апатқа алғашқылардың бірі болып үлкен көлемде қаржылай қолдау көрсеткенін мекеме ұжымының бірлігі мен ынтымағының арқасы деп түюге болады.
Ауыл қариялары осылайша мерекеде шет қалдырмай, елеп-ескерген ұжымға алғысын жаудыруда. Әсіресе, қашанда қайырымдылығы мол, игі істердің басы-қасынан табылатын «Семізбай-U» ЖШС-ның бас директоры Елнар Қайратұлы мен аудандық мәслихат депутаты, «Иіркөл» филиал директоры Мұқанбетжан Бекмырзаұлына және еңбекті қорғау, радиациялық қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау бөлімінің басшылары Бекет Сәденұлы мен Көркем Әбубәкірұлына ауылдың ақсақалдары мен ақ жаулықты қариялары батасын беріп, отбасыларына жақсылық, еңбектеріне табыс тіледі.
«Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер» дейді дана халқымыз. Қазыналы қарттарды құрметке бөлеп, алғысын алу ешуақытта толас­тамауы керек.

Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ
08 қазан 2019 ж. 802 0