Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қараусыз малға барымта көп

Қараусыз малға барымта көп

«ҰРЛЫҚ ТҮБІ – ҚОРЛЫҚ» ДЕГЕН БІР АУЫЗ СӨЗІМЕН-АҚ МҰНД
АЙ ҚЫЛМЫСҚА БАРУДЫҢ СОҢЫ НЕГЕ СОҚТЫРАТЫНЫН САНАҒА СІҢІРІП, ТЕНТЕГІН ТЫЙҒАН ХАЛЫҚПЫЗ. ТӨРТ ТҮЛІГІН ӨРГІЗГЕН ҚАЗАҚТЫҢ МАЛЫНА ҚЫРҒИДАЙ ТИГЕН БАРЫМТАШЫЛАРҒА ТОСҚАУЫЛ ҚОЮДЫҢ ЖОЛЫ ҚАНДАЙ?
Есіктен еніп қара күз келді. Мал жайлаудан түскеннен кейін қораға байланғанша далада жүреді. Енді біраз уақыттан кейін жұрт жаппай соғым соя бастайды. Мал ұрлығы жылдың осы мезгілінде көбейеді. Соған байланысты құқық қорғау қызметкерлері ауыл тұрғындарына ауладағы, жайылымдағы малын қараусыз қалдырмау керектігін ескертеді. Мүмкіндігінше, өріске шығарылатын малды қарайтын адам жалдауға, малға арналған сырғалар тағып, таңбалар салуға, мал тұратын қора-жайларын үнемі қорғауға кеңес береді.
Ауыл арасында көптен айтылып жүрген, бірақ, нәтижесі аздау бір түйткіл – осы мал ұрлығы. Асырап-баққан малыңның ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткенінен артық қиянат бар ма? Алып-қашпа әңгіме деңгейінен аспай отырған мал ұрлығының анықталмау себептерін аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері мал иесінің дер кезінде хабарламауынан және мамандарда даладан жоғалған малды анықтау мүмкіндігі болмауынан деп санайды. Одан бөлек, ұрланған малды тапқан күннің өзінде, кейбірі барымташыға «кеңдік» танытып, кешірім беріп жататыны да бар. Бір сөзбен айтқанда, осындай себептермен қолды болған малдардың жоғалғаны табылмай, анықталғаны жазаланбай қалып жатыр.
Ұрлатып алып, іздегеннен гөрі әу бас­та жоғалтпаудың қамын ойлаған дұрыс, әрине. Бірақ, қалай? Өткен аптаның жұма күні аудан әкімдігінде мүдделі органдардың құқық бұзушылықпен күресте атқаратын жұмыстарын пысықтап, міндеттерді айқындау үшін ведомствоаралық мәжіліс өтті. Жиналысты аудан әкімі Әшім Оразбекұлы жүргізіп, осы төңіректе біраз әңгіме өрбіді, ұсыныс-пікірлер айтылды. Шиелі ауданы прокуроры Әліби Зейнуллаұлының ұсынысына сәйкес бөтен мүлік ұрлығы, мал ұрлығы, бұзақылық, есірткі өсімдіктерін егу, алаяқтық қылмыстарының өсім алуына байланысты өткен мүдделі органдардың құқық бұзушылықпен күресте атқаратын жұмыстарын пысықтап, міндеттерді айқындау үшін ведомствоаралық мәжілісте 3 мәселе қаралды.
Мал ұрлығы елдің мазасын алды. «Диқан жауында, балықшы дауылда демалады» десек, жыл он екі ай еңбек ететін мал егесінің есін алған барымта жолын кесудің амалы қайсы? Жыл басынан бері 45 мал ұрлығы қылмысы тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 12,5 пайызға өсім алған. Есепті мерзім ішінде жүргізілген іс-шаралар бойынша 4 мал ұрлығына қатысты қылмыстық топ құрықталған.
Құзырлы орындар мен құқық қорғау органдары қызметкерлері, жергілікті атқару орындарының мамандары әрбір жиналыс, көпшілік жиындарда осы мәселе, яғни, малға сақ болу, ұрлыққа жол бермеу туралы үнемі айтып келеді. Аудан әкімі Ә.Оразбекұлы мұны жыл басындағы дәстүрлі есеп беру жиындарында әр ауылдың әкіміне нақты тапсырма етіп шегелей тапсырғаны да мәлім. Төрт түлікпен табысын еселеген халық ірі қарасын қараусыз қалдырмай, ауыл әкімдері бақташылықты, яғни пада ұйымдастырса, қылмыс саны азаяры сөзсіз. Мұнда, мал иесінің де салғырттығы басым. Түнде қалған малының таңға жетпей қолды боларын білсе де, өрістегі малын қораға қамауға селқостық танытып жатады. «Өз-өзіңе бекем бол, көршіңді ұры тұтпа» дегенді жадымызда жаттап, ұрымтал тұсты ұрыға өзіміз сайлап бермесек, көрсеткіш мұнша болмас па еді? Қараусыз, далада жатқан малды діттеп келген адамдар еш қиындықсыз тиеп алып кетумен қатар, сойып алу да кездесіп жатыр.
Әсіресе, ауылдық жерлерде жаппай етек алған мал ұрлығы тәртіп сақшыларын да қатты алаңдатып отыр. Осы мәселе төңірегінде атқарылған шаралар туралы аудан әкімінің орынбасары Б.Ысмағұлов баяндама жасады. Бірінің қорада тұрған ірі қарасын, енді бірінің өрістегі түлігін қолды еткен ұрыларға тосқауыл қоятын уақыт жетті. Жыл он екі ай бойы күтіп-бағып отырған малынан бір күнде айырылып қалу – ауыл тұрғындары үшін үлкен трагедия. Өзгенің малын әкесінен қалған мұрадай оңды-солды сатып, басқаның есебінен байымақ болғандар заң алдында жауапқа тартылуы тиіс. Осындайда қылмыстың алдын алуда жүйелі тәртіппен жұмыс істейтін полиция қызметкерлері мал ұрлығының алдын алып, ірі көлемде айыппұл салса ұрлық саны да азаяр деген үміт те жоқ емес. Алдағы уақытта шабандықты шапшаңдыққа алмастырып, мал барымтасының тамырына балта шабылар деп сенеміз. Қапысын күткен ұрылар қапы қалдырмас үшін жауапкершілігімізді мықтап, қорамызды қамдамасақ болмас.
Одан әрі ауданда өсім алған қылмыстың алдын алу бағыты бойынша жүргізілген жұмыстар барысын аудандық полиция бөлімінің басшысы С.Тоқтыбаев баяндады. Онда Шиелі ауданы көлемінде жедел жағдайды тұрақтандыру мен жедел-қызметтік жұмыстардың негізгі көрсеткіштерін жақсарту мақсатында ұйымдастырушылық іс-шаралар қабылданып, нәтижесінде 2019 жылдың 8 айында 199 қылмыс дерегі тіркеліп, бұл өткен жылдың осы мезгілімен салыстырғанда қылмыстың – 9,5 пайызға (220-дан 199-ға) төмен екенін айтты. Сондай-ақ, мәжілісте халық арасында малды иесіз қалдырмау, жұмыссыз жүрген адамдарды бақташылыққа тарту мәселесін қолға алу керектігі айтылды. Ал алкоголь өнімдерінің арнайы лицензиясыз сатылуын алдын алу туралы аудандық Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Б.Оразов тарқатып айтты.

Гүлнәр ӘБДІХАНИҚЫЗЫ

28 қыркүйек 2019 ж. 1 080 0