Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мазаны алған мал ұрлығы

Мазаны алған мал ұрлығы



Мал ұрлығы елдің мазасын алды. «Диқан жауында, балықшы дауылда демалады» десек, жыл он екі ай еңбек ететін мал егесінің есін алған барымта жолын кесудің амалы қайсы?
2018 жылдың екі айында яғни, қаңтар, ақпан айларындағы қылмыстың тіркелуі жөніндегі есебінде АІІБ бастығы С.Тоқтыбаев 17 мал ұрлығы тіркелгенін айтқан болатын. Құзырлы орындар мен құқық қорғау органдары қызметкерлері, жергілікті атқару орындарының мамандары әрбір жиналыс, көпшілік жиындарда осы мәселе, яғни, малға сақ болу, ұрлыққа жол бермеу туралы үнемі айтып келеді. Аудан әкімі Ә.Оразбекұлы мұны жыл басындағы дәстүрлі есеп беру жиындарында әр ауылдың әкіміне нақты тапсырма етіп шегелей тапсырғаны да мәлім. Төрт түлікпен табысын еселеген халық ірі қарасын қараусыз қалдырмай, ауыл әкімдері бақташылықты, яғни пада ұйымдастырса, қылмыс саны азаяры сөзсіз. Пада ұйымдастыру қисынға келмейтін қиын істің бірі болды бүгінде. Нәтижесінде, белең алған барымта ауыл әкімінің де, учаскелік полиция қызметкерінің де жұмысының көрсеткішіне кереғар әсер етуде. Мұнда, мал иесінің де салғырттығы басым. Түнде қалған малының таңға жетпей қолды боларын білсе де, өрістегі малын қораға қамауға селқостық танытып жатады. «Өз өзіңе бекем бол, көршіңді ұры тұтпа» дегенді жадымызда жаттап, ұрымтал тұсты ұрыға өзіміз сайлап бермесек, көрсеткіш мұнша болмас па еді? Қараусыз, далада жатқан малды діттеп келген адамдар еш қиындықсыз тиеп алып кетумен қатар, сойып алу да кездесіп жатыр.
Ұрлықтың осы түрі ауылдық жерлерде өзекті мәселе болып келеді. Былтырғы жылдың көрсеткіші 2016 жылмен салыстырғанда 35,5 пайызға өскен. Ал, үстіміздегі жылдың екі айында ғана тіркелген мал ұрлығын жоғарыда көрсеттік. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің айтуын­ша, мұндай қылмыстардың дер кезінде ашылуына кедергі жасайтын бір нәрсе – тұрғындардың малдың жоғалғандығы жөнінде уақытысында хабарламай, өз бетінше іздестіріп, уақыт ұттыруы да қылмыстың ашылуына қол байлау болады. Және бірі, қызметтік көлік жетіспеушілігі. Дегенмен, бүгін де учаскелік полицияларға көлік беріліп, полиция бекеттерінің саны артуда. Алдағы уақытта шабандықты шапшаңдыққа алмастырып, мал барымтасының тамырына балта шабылар деп сенеміз. Қапысын күткен ұрылар қапы қалдырмас үшін жауапкершілігімізді мықтап, қорамызды қамдамасақ болмас.
Бақытжан МӘДЕНОВ
11 сәуір 2018 ж. 1 595 0