Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » САЛҒЫРТТЫҚ СЫНҒА АЛЫНДЫ

САЛҒЫРТТЫҚ СЫНҒА АЛЫНДЫ

Қай қоғамның болсын тентегі болады. Тура жолдан адасқан сол тентектерін тезге салып отыру би, шешендердің, аузы дуалы ақсақалдардың қолында болған ерте заманда. Төле би төрелігін, Әйтеке би әділдігін, Қазыбек би кесіп айтқан тұста артық дау болмаған. Қай кезеңде де қылмысқа тосқауыл қою жолы – жаза. Тура жолдан тайып, қоғамға қиянат жасағандарды түзеудің, шектен шыққан тәртіп бұзушылықты ауыздықтаудың басқа тиімді жолын адамзат әлі ойлап тапқан жоқ. Әңгіменің әлқиссасын бұл арнаға алып келуіміз – ауданның қылмыстық ахуалы жайында болмақ.
Ахуалмен аудан әкімі жанындағы құқық бұзушылық жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында ақпараттандық. Өңірде өршіп тұрған қылмыстарға тоқталып, алдын алу бағытындағы жұмыстар баяндалды. Өсім алғаны мен төмендеген қылмыс түрлерін сандармен сөйлетіп, жасалған, жасалатын жұмыстарды ортаға салды. Комиссия отырысының төрағасы, аудан әкімі Ә.Оразбекұлы баяндамашылар сөзін мұқият тыңдап, нақты тапсырмалар жүктеді. Енді, соларды кеңінен тарқатсақ.
Ағымдағы жылдың екі айында қылмыс­тың тіркелуі өткен жылдың тиісті кезеңі­мен салыстырғанда 29,8 пайызға төмендегенімен мал ұрлығы, жол көлік оқиғалары сынды қылмыстар әлі де белең алып тұрғандығы аян. АІІБ бастығы, полиция подполковнигі С.Тоқтыбаевтың
баяндамасында мал ұрлығы – 10,5 пайыз­ды көрсетіп отырғандығы айтылды. Яғни, 19-дан 17-ге төмендеді деген сөз. Және бұл екі айдағы көрсеткіш. Былтырғы сәйкес кезеңдегі пәтер ұрлығы 14 болса, биыл 7, бұзақылық 4-тен 3-ке төмендеуді көрсеткенімен бөтен мүлік ұрлығы 50-ден 52-ге өсім алып отыр. Аудан прокурорының орынбасары А.Әбдікәрімовтың баяндамасында ауыр қылмыстар 51-ден 61-ге, денсаулыққа ауыр зиян келтіру 2-ден 6-ға, тонау 4-тен 12-ге, алаяқтық 30-дан 39-ға өсім алғандығы айтылады.
Ал, бүгінгі қоғамның қауіпті дерті есірткімен күресу тек құқық қорғау органдарының емес, жалпы қоғамның мүдделі органдарының міндеті болып табылатыны белгілі. Облыстағы есірткі ахуалының соңғы бес жылына жүргізілген талдауына сүйенсек, есірткі алқабының саны жыл сайын өскенін көрсетеді. 2012 жылы заңсыз сора егілген 15 алқап анықталса, бұл көрсеткіш 2017 жылы – 83 деректі құрап отыр. Ал, аудандағы ахуал 2012 жылы сора егілген 2 алқап болса, 2017 жылы 16 деректі құрады. Бұл мәселе
аудан әкімінің жіті назарында. Ә.Оразбек­ұлы өз сөзінде ішкі істер бөлімі, учаскелік полиция қызметкерлері және ауыл әкімдері бірлесе отырып, өз әкімшілік аумақтарында есірткі егуге қолайлы жерлерді анықтап, территориялық аймақтарындағы қылмыс­тың алдын алу, ашу, болдырмау жұмыс­тар­ын жүргізу жолға қойылмағанын сынға алып, нақты тапсырмалардың берілгендігін айтып өтті. Тапсырмаларға атүсті қараған жауаптылардың қызметтік тәртібі қаралатындығы ескертілді. Хаттамалық тапсырма үш реттен артық орындалмаған жағдайда жұмыс жүктелген жауаптылардың артынан ұсыныс беруді аппарат басшысына шегелей тапсырды. «Жұмыстарыңызды бас алмай баян­дама оқып емес, нақты істеріңізбен көрсе­тіңіздер», – деді Ә.Оразбекұлы.
Елдің есін алған есірткі тақырыбына қайта оралайық. Сіз бен бізге белгілі, 2017 жылы «Көкнәр» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында аудан көлемінде 16 заңсыз есірткі алқабы анықталды. Сондай-ақ, есірткіні заңсыз өсірген 8 адам құрықталып, салмағы 27 тонна 711 кг. құрайтын 25 мың 796 түп сора өртеу арқылы жойылған. Бұл өзекті мәселе өткен жылдың аяғында аудан әкімдігінде және ағымдағы жылдың ақпанында Қызылорда облысының әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында қаралған. С.Тоқтыбаев өз сөзінде комиссия отырысының хаттамалық шешіміне сәйкес, есірткі қылмыстарына қарсы күресті күшейту, алдын алу мақсатында ағымдағы жыл «Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл жылы» деп белгілеу қарастырылғандығын айтты. Берілген тапсырмаларға сәйкес АІІБ «Көкнәр-2018» жедел-профилактикасының іс-шара жос­пары әзірленіп жатқандығын да білдік баян­дамашы сөзінен. Құрамында есірткі заттары бар өсімдіктерді егіп, өсіру фактілерін анықтау мақсатында есірткі егуге ыңғайлы Сырдария өзені­нің жағалауындағы алқаптар мен елді-мекендер – Ботабай, Майлытоғай, Жөлек, Ортақшыл, Бидайкөл, Байсын, Қарғалы ауылдық округтерінің егістік алқаптарын және Қызылорда-Жезқазған тас жолының Сарысу өзенінің бойы қатаң бақылауға алынуда. Осы орайда АІІБ бастығы өз ұсынысын да білдірді. Мәселелерді шешу және әрекеттерді үйлестіру мақсатында аудан әкімдігі, прокуратура, АІІБ, ҰҚК, №2019 әскери бөлімі шекара заставасы, ауыл әкімдері, ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу, орман шаруашылығы, жерді пайдалануды және қорғауды бақылау басқармасы мен су ресурстарын қорғау инспекциясы және өзге де мүдделі органдардың қатарынан жұмыс тобын құру, құрамын қайта бекіту ұсынылды. Есірткі егуге қолайлы жерлерді анықтау мақсатында ықтимал суармалы жерлердің топографиялық картасын әзірлеу де кезек күтпей, шешімін табуға тиіс ұсыныстың бірі. Сонымен қатар, С.Тоқтыбаев тоқталған тағы бір мәселе – көлік бара алмайтын су айдындарының ортасын тексеріп, есірткі аралдарын анықтап, айғақ заттарды тасымалдау үшін үрлемелі резина қайықтар, «Дрон» ұшу аппаратын алуға ықпал жасау. Әлеуметке ортақ бұл мәселеде түйіні тарқамаған түйткіл болмау керектігін жеткізді аудан әкімі.
Жол-көлік оқиғаларының жиілеуінің бір себебі, транзиттік жол төңірегіндегі ауылдардың қараусыз жайылған малдары деп атады АІІБ ЖПҚ бастығы, полиция майоры Д.Төлеуов. Аталған мәселе оң шешімін тапқан жағдайда, жол-көлік оқиғаларымен қоса мал ұрлығының да саны азаяр ма еді? Мұның күн тәртібіне қойылып, ауыл әкімдеріне пада ұйымдастыру жұмыстарын шешу тапсырылғалы да көп болды. Алайда, орындалып жатқаны шамалы. Салғырттық сынға алынып, жауапкершіліктер жүктелген комиссия отырысында назарға алынған негізгі мәселелер еді бұл.
Бақытжан МӘДЕНОВ
11 сәуір 2018 ж. 1 115 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930