Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жері жомарт, диқаны мәрт – Ақмая

Жері жомарт, диқаны мәрт – Ақмая



Ерте көктемнен басталған диқандардың еңбегі қайтып, астықтың қамбаға құйылар сәті де таяп қалды. Несібесін жерден терген Шиелі халқы үшін бұл ерекше сәт. Осыған орай аудандық «Өскен өңір» газетінің тілшілері алыс-жақын ауылдарды аралап, елді мекендердің бүгінгі тыныс-тіршілігімен тікелей танысуды, шаруашылық жұмыстарының жай-жапсарына қанығуды қолға алған еді. Бір жағынан газет сайтына (osken-onir.kz )ауданның айшықты жерлері мен жаңалықтарынан видео-репортаж түсіріп, жариялауды да бастаған болатынбыз. Осы мақсатпен сәрсенбінің сәтті күні Ақмая ауылына қарай атбасын бұрдық. Шілденің шіліңгір ыстығына қалып қоймайық деп, таң алагеуім газет редакторы Нұрболат Пірімбет бастаған шығармашылық топ көлікке мініп, діттеген жерімізге қарай жөйтки жөнелдік. Жол-жөнекей 22 бекеттің тұсындағы «Шиелі» каналына көзіміз түсті. Ернеуінен асып тұр екен. Егін басталарда биыл су аз болады, астықты суаруда қиналып қаламыз деген диқан қауымының қорқынышы сейілгеніне іштей сүйсіндік.
Әне-міне дегенше Ақмая ауылына да келдік. Кіре берісте жанармай құю бекеті, оң жақта зәулім тойхана, одан ары қарай спорт кешені, мәдениет үйі мен мектеп, мешіт, көше бойында аспалы шамдар, асфальтталған жол... Жалпы ауылдың әлеуеті алдыңғы шепте тұрғаны бірден байқалады. Жоспар бойы­нша «Ақмая» шаруа қожалығының басшысы, аудандық мәслихат депутаты Дәулет Жұмбековпен жүздесуіміз керек. Сондықтан бірден қырманға қарай тарттық. Дәл қазір ауылдағы шаруашылық ескі ғимаратын сүріп тастап, жаңадан іргетасы қаланып жатыр. Сондықтан ұжым уақытша қырманда қызу тіршілігін жүргізуде. Одан бөлек ауылдағы кәсіпкер азаматтардың бастамасымен мешіт жанынан ас беретін орынның да құрылыс жұмыстары жүргзіліп жатқанын көзіміз шалды. Жұмыс орнынан табылған шаруашылық басшысы журналистер қауымын жылы шыраймен қарсы алды. Кабинетке кіріп емен-жарқын әңгімелестік.

Өткенге салауат
Әңгімеміздің әлқиссасын аталған ауылдың тарихынан бастасақ. Ақмая елді мекенінің тарлан тарихтың парағына із қалдыруы 1937 жылдан басталады. Сол кездегі деректерде ауылда «Авангард» күріш ақтайтын пункт, киім тігетін шеберхана, орта мектеп, клуб, екі кітапхана, аурухана, перзентхана, дәріхана, екі бақ бар» делінген. Осынау қысқа анықтамаға қарап боз даладағы 30-40 үйлі шағын ауыл ә дегеннен-ақ іргелі шаруашылыққа айналғанын аңғарамыз.
Тақырыптың ауаны шаруашылыққа ойысқан соң ойымызды әрмен қарай сабақтасақ. Жоғарыда айтқанымыздай, ауыл халқының негізгі күнкөрісі – күріш егу. 1938 жылдан бастап колхоз мүшелері жаңа жерге күріш дақылын отырғызады. Ол кезде техниканың барлығы аудандық машина-техникалық станциясының қолында болған. Сондықтан колхоздың негізгі күш-көлігі ат арба еді. Ал қазақ колхоздарына тигені өгіз арба болды. 1973 жылдан бастап «Авангард» күріш совхозы атанды. Дәл осы совхоздан елге белгілі 16 Социалистік Еңбек ері шығып, тұқым дайындайтын іргелі шаруашылықты қалыптастырды. Қазіргі таңда ауылдың тал-дараққа көмкеріліп, жыл сайын мол өнім беруіне Ұлы Отан соғысы алдында Шиелі каналының қазылуы да үлкен септігін тигізген. «Өзен жағалағанның өзегі талмас» дегеннің бір көрінісі осы болса керек.

Еңбекке кім бар екен бас имеген?
Әлгінде Ақмая ауылына табан тірегенімізді тілге тиек еткенбіз. Жоғарыда өткенге салауат айттық. Енді елді мекеннің бүгінгі ахуалы­ туралы сөз тарқатсақ.
Біз қырманға келгенде жал-жал үйіліп жатқан астықты көзіміз шалды. Дарылдап бидайды тазалап жатқан құрылғы. Қасында ағаш күректеріне тыным бермей, астық бастырып жатқан қырманшылар. Әріде көлігін сайлап жатқан тракторшы. Май-май қолын ысқылап, білегімен маңдай терін сүртіп, демін басқан механизатор... Жалпы қожалықта қызу тірлікпен айналысып, нәпақасын тауып жүрген 160 жұмысшы бар.
Соңғы жылдары шаруашылықтың өрісі кеңейіп, әлеуеті еселеп артып келеді. Нәтижесінде ауыл халқына қажетті шаруаның басым бөлігі шаруашылық есебінен іске асырылуда. Биылғы жылдың ең үлкен екі жобасы ретінде – ауылға тартылғалы жатқан газ құбыры мен күріш ақтау зауытын айтуға болады. Иә, ақмаялықтар көгілдір отынның қызығын алғашқылардың бірі болып сезінбек. Бұл өзге ауылдардағыдай мемлекет бюджетінен емес, «Ақмая» шаруа қожалығының өз қаржысы есебінен іске асатын жұмыс. Бүгінгі таңда жоба сметалық құжаттары дайын. Ендігі кезекте кент ішінен ауылға қарай 15 км жерге газ құбырын тартып, тұрғындардың игілігіне ұсынбақ.
Ақмаялықтар газ құбырын жүргізуге өзге ауылдар секілді кезегін күтсе, әлі де біраз уақыт көмір жаға тұруға тура келетін еді. Бірақ шаруашылық директоры Дәулет Жұмбеков ебін тауып,­ біршама уақыттан соң көгілдір отынды ауыл ішіне кіргізбек. Бұл үшін шаруашылық есебінен миллиондаған қаржы да қаралып қойған. Шаруашылық төрағасы осылайша елдің ықыласына бөленіп отыр.
Ал мұндағы екінші ірі жоба – күріш ақтау зауыты. Дәл қазір зауыттың іргетасы қаланып, құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Құрылыс аяқталса аудандағы ең үлкен күріш ақтау зауыты осы болмақ. Бұл туралы Дәулет Егембердіұлы:
– Бұл зауыт күніне 60 тонна күріш ақтайды. Бір ерекшелігі – күріш лазерлі машина арқылы тазаланады. Ол күрішті аппақ әрі тап-таза етеді. Масақтары мен қоқыстары да лазер сәулесі арқылы сұрыпталады. Бұл бір жағынан малдарға жемазық болса, екінші жағынан күріштің өзімізге толық жетуіне мүмкіндік береді. Құрылғылар толығымен соңғы үлгідегі стандартқа сай орналастырылады, – дейді.
Ақмаядағы шаруа қожалық жыл сайын алтын дәнді егіп, оны халық игіліне жұмсағаннан бөлек қайырымдылық шаралармен де айналысады. Әрі ауыл тұрғындарына бақша өнімдерін егу үшін жер телімін беріп, мерзімінде үйді-үйге жоңышқа, күріш таратылады.
Бұдан бөлек көзі қарақты оқырманға белгілі, жыл басында аталған қожалықта «Akmaya Smart Farm» цифрлық платформасы іске қосылған болатын. Шаруа қожалықтың төрағасы Дәулет Жұмбековтың айтуынша жоба аясында шаруашылықтың 800 гектар егіс алқабына цифрландыру жүргізіліп, алынған деректер өңделген. Сонымен қатар «Осы деректер негізінде алқаптың электронды картасы жасалып, топырақ үлгілері негізінде топырақтың агрохимиялық картограммалары әзірленді. Оған қоса ауыл шаруашылығы техникасының GPS-мониторингін енгізгу үшін техникалық шешім ұсынылып, «Ақмая» шаруашылығында кең спектрлы сенсорлармен қамтылған «Deere» және «Class» заманауи техникасының мүмкіндіктері толығымен пайдаланып жатыр», – дейді қожалық төрағасы.

Ферманың ырғақты жұмысы
Ауданда бүгінгі таңда 55 мың 735 бас мүйізді ірі қара, 13 мың 257 бас жылқы бар болса, уақ мал, яғни қой-ешкінің саны 77 мың 609 басты құрап отыр. Бұл көрсеткішке Ақмая шаруа қожалығының да үлесі мол. Шаруашылық тек егін ғана емес, мал басын көбейту мақсатында да жұмыс істеп келеді. Соңғы уақытта үкіметтен қабылданған «Сыбаға», «Алтын асық» секілді бағдарламалардың игілігін көріп, қорадағы малының өрісін кеңейтіп жатқан тұрғындар көп. Аталған шаруа қожалығы да елмен бірге мемлекет берген мол мүмкіндікті пайдалана отырып, бұрыннан келе жатқан ферма жұмысын жандандыруды қолға алған. Шаруашылық төрағасымен әңгімеден кейін ауыл шетіндегі фермаға қарай бет бұрдық.
Мұндағы жұмысшылар күн ұясынан шыққан бойда іске кіріседі. Қазіргі таңда қорада 240 бас асыл тұқымды ірі қара бар. Бақташылар таң сәріде қолына құралдарын алып, қораның тазалығын қамтамасыз етеді. Себебі, тазалық – кез келген істің қатаң қағидасы. Шаруа қожалықтың негізгі өнімі саналатын сүттің сапасы да тазалыққа тікелей тәуелді. Бақташылар ірі қаралардың жемазық қорын да бақылап отырады. Сауыншылар да таңғы сағат 5:00-де жұмыс орнынан табылады. Олар сиырды екі мезгіл сауып, сүт өнімін аудан орталығындағы сауда орындарына және тұрғындарға жөнелтеді. Ұжым ұйымшылдықпен жұмыс істеп, сүт өндірісін еселеуді, бұзау санын көбейтуді және малды жыл сайын шығынсыз алып жүруді ниет етеді.

Қарбыз пісті, базарға түсті
Мақаланың басында ауыл адамдарының бейнеткеш екенін айтқан болатынбыз. Сол боямасыз болмыстың шындық екенін Ақмая ауылындағы егін алқабына барғанда көз жеткізесіз. Атшаптырымдай алқапта өзгеге бас иіп, алақан жайғанды жат көрген диқандар еңбек етеді. Олар несібесін Жер-Анадан сұрап, күн ұясынан шыққаннан кеш қарайғанша бел жазбайды. Гектар-гектар қара жерге қыртыс салып, қауын-қарбыз егеді. Өнімдерін өзінің баласындай баптап, ерекше күтеді. Есесіне жаздың ортасында диқандар бейнетінің зейнетін көреді. «Егінші – мәрт, жер – жомарт» дегендей қабақ шытпай еңбек еткендер өнімге қарық болады.
Шілденің шіліңгір ыстығы баршамызға белгілі. Күн ұясынан шығар-шықпас жер бетін шыжғырып жіберердей ысып кетеді. Ал біз Ақмаядағы егінжайға келгенде күн найза бойы көтеріліп қойған еді. Бесіннің уақытындағы аптапта жұмыс істеуді елестету мүмкін емес. Бірақ диқандар бұл сәтте де тыным таппапты. Әсілінде, олар 24 сағат тірлік істей ме деген ой келеді. Жасыл желекке көмкерілген алқапта ер-азаматтар ғана емес, нәзікжандылар да бар. Бұл бұрын әжелер мен аналардың орақ пен шалғыны қару етіп, соғысқа аттанған азаматтарына арқау болғанын еске түсіреді. Демек егін алқабында ақ жаулықты аналардың да жүретін үрдісі өткеннің көк шаңына көміліп кетпепті. Сондай аналардың бірі – Алтынкүл Оразханқызы. Оның берекеге бастайтын бейнетпен айналысып келгеніне 14 жылдың жүзі болған. Жаз шыға сала бақша майданының бел ортасына кіріседі. Күз бен қыс мезгілінде адал еңбегінің жемісін жейді. Алтынқүл апаның тапқан табысы осы кәсібінің арқасында келіп отыр. Елуді еңсерсе де, ерінбей еңбек еткен А.Рахметованы сөзге тартып едік, диқандардың бүгінгі машақатымен бөлісті.
– Жаз бойы егін егіп, еңкіш тартқан диқандар сату маусымы келгенде қиналады. Себебі, барлығының басында бір-ақ сұрақ. Піскен өнімді қайда сатамын? Бұрын егін алқабына алушылар өздері іздеп келетін. Қазір көлік жалдап өзіміз нарыққа шығамыз. Кейбіреулер қауын-қарбызын көше жағалап сатса, біреулер жол бойында тұрады. Осы орайда кәсіпкерлер немесе аудан әкімдігі бақша өнімдерін өткізетін орталықтанған сервис ашса, диқандарға демеу болатын еді, – дейді ол.
Диқан ананың әңгімесінен кейін бағытымызды Батыс Еуропа-Батыс Қытай көлік дәлізіне бұрдық. Апа айтса айтқандай-ақ, мұнда күре жолды жағалай отырған саудагердің қарасы көп екен. Аталған көлік дәлізі қазір Ұлы Жібек жолының заманға сай лайықталған баламасы емес пе? Сондықтан бұл жердегі көлік тоқтаусыз зымырайды. Диқандар мен саудагерлер соны ұғынса керек. Қара жерге төсеніш тастай салып, тауарын тұтынушыға пұлдап тұрғандардың да базынасы бар екенін байқадық. Содан не керек, көптің ішінен суырылып Бақыт Жәленов өз ойын білдірді.
– Күре жолдың бойына келгенімізге бір аптаның көлемі болды. Әрине, алушылар аз. Себебі, бізде логистика ұйымдастырылмаған. Піскен өнімді лезде алып кететін тұтынушы болмағандықтан диқандар осылай жол бойын­да сатуға мәжбүр. Бұл жерде де жағдай оңып тұрған жоқ. Күннің астында тікаяқ болып тұрған былай тұрсын, жол полициясының күнделікті сөгісінен де шаршаймыз. Бізге әрі сатып алушыларға ыңғайлы болу үшін тым болмаса ауылдың тұсындағы осы жолдың бойынан шағын сауда орынын жасап берсе игі еді. Мынау тұрған Жаңақорғандағы Жайылма ауылының диқандарына жол бойынан жақсы жағдай жасалған. Бізге де сол сияқты ең болмағанда күннен қорғайтын шатыр болса екен, – дейді диқан.

Сыйға келген сары қарбыз
Бұрын-соңды ананас дәміне ұқсас, түсі күннің сарысымен бірдей қарбызды жедіңіз бе? Мүмкін ғаламтордан суретін көріп, таң қалған шығарсыз. Егер ерекше сортты қарбыздың дәмін татқыңыз келсе, біз айтып отырған Ақмаяның егін алқабына бас сұғыңыз. Мұнда дәмі ғана емес, түсі де айрықша «Лунный» сортты қарбызды кездестіресіз. Өз тілімізге тәржімалағанда «Күннің сыйы» деп аталады. Мүмкін қызғалдақтай қызыл емес, күндей сары болғандықтан солай аталған шығар. Ақмаялық Рәби Айтмағанбетов есімді диқан бұл қарбызды биыл бірінші рет егіп отыр. Әуелгіде интернеттен дерек алып байқап көруге тырысады. Өзге қарбыздармен бірдей баптап, күтеді. Енді міне, алғашқы тәжірибесі іске асып, күннен сый ретінде келген өнімі жемісін беруде. Рәби диқанның бұдан бөлек арнайы еккен асқабақтары да тегенедей болып көздің жауын алады. «Атлант», «Бикмакс» деп аталатын бұл асқабақ сорттарының өнімділігі жоғары.

Ой сорабы
Ақмая ауылы «Авангард» күріш совхозымен танымал. Мұқым елге белгілі тәуелсіздік жылдары осы ауылдағы шаруашылық қана талан-таражға түспей, қабырғасы сөгілмей, өзінің біртұтастығын сақтап қалған. Енді міне, арада сан жылдар өтсе де ауылдың адуынды өмірі тоқтаусыз тың серпінмен жалғасуда.
Қазіргі таңда арамызда «Ауылдың болашағы жоқ» деп сырт айналатындар бар. Кейбір қаланың тәтті дәмін татып қалғандар ауылға қайтуға құлықсыз. Алайда, ауылда да ағайын бар. Мұнда тіршіліктің диірмені тоқтаусыз айналып тұр. Төрт түлік малымен төрт құбыласын түгелдеп, егінімен еңсесін биіктетіп жүр. Бүгінгі біздің мақаламыз соның дәлелі.

Гүлхан ЯХИЯ,
Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА. 
28 шілде 2019 ж. 963 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930